Жарнама
Қоғам

Атыраудың «Айнамкөзі»

Батыс өңірінің дарабоздары Мұхит, Ғарекеңдердің әншілік дәстүрін жалғастырып, өз өнерімен халқының ыстық ілтипатына бөленіп, «Атыраудың Айнамкөзі» атанған облысымызға танымал дәстүрлі әнші, үлкен өнер иесі, ұлағатты ұстаз – ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері, «Д.Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің халық әні класының оқытушысы Руза Латифуллина.

Атыраудың «Айнамкөзі»

Ол атақты ақын Насихат Сүгірұлы, Жаңбырбай, Ерғали, Меңетай, Қонаш күйшілер сүрген киелі топырақта, бұрынғы (Новобогат) қазіргі Исатай ауданында 1948 жылы дүниеге келеді. Арман қуып оқуға келген жастық, балалық балдәурен шақтарын еске ала отырып, Руза Шәріпқызы: «Біз оқи алмадық. Енді сен оқы! — деп маған анам мен апаларым үлкен үміт артып еді» — дейді.

Мектепте оқып жүргенде-ақ Мұхиттың «Айнамкөз», «Ақиіс», Ғарифолланың «Әнші дауысы» және басқа әндерді нақышына келтіріп, орындап «Әнші қыз атанған ол «оқу озаты», көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болып, аудандық, облыстық байқауларға қатысып, бірінші орын алып жүреді.

Сонау 1969 жылы облыстық көркемөнерпаздар байқауында өз өнерімен көзге түскен балауса қыз сол жылы облыстық комсомол комитетінің жолдамасымен, әрі сол кездегі училище директоры, республикамызға белгілі композитор, домбырашы-дирижер Сейілхан Құсайыновтың шақыруымен Гурьев (қазіргі Атырау) музыка училищесіне «домбыра-тенор» мамандығы бойынша оқуға түседі.

Аталған оқу орнын жақсы бітірген көкөрім талант иесі 1974 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетіне жанұя жағдайына байланысты сырттай оқу бөліміне оқуға түсіп, оны 1979 жылы ойдағыдай бітіріп шығады.

Осы жылы Гурьев қалалық партия комитетінің шешімімен жаңадан ашылған балалар музыка мектебіне директорлық қызметке тағайындалады. Аталған оқу орнында 1987 жылға дейін абыройлы қызмет атқарады. Өмір баспалдағы оны 1992 жылы өзі түлеп ұшқан қарашаңыраққа, сол кездегі Д.Нұрпейісова атындағы музыка колледжіне ұстаздық қызметке алып келді.1993 жылы аталған оқу орнының халық аспаптар бөлімінде дәстүрлі ән класы ашылып, оған алғашқы болып  қабылданды. Колледж басшылығы бойындағы ана сүтімен дарыған әншілік өнері барын ескеріп, әрі үлкен сенім артып, жаңадан ашылған мамандық бойынша шәкірттерге осы өнердің қыр-сырын үйретуді міндеттейді.

Ұлағатты ұстаздық қызметімен бірге, өнерсүйер қауымға әншілігімен де танылған ол бірнеше рет республикалық, бүкілодақтық (кеңес дәуірінде) фестивальдардың лауреаты атанды, облысымызда құрылған атақты «Жайық қызы» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі әрі белді мүшесі болып, Югославия, Венгрия сияқты шет мемлекеттерде гастрольдік сапарларда болып, өз өнерін көрсетті. Ол – колледжіміздің шертер класының негізін қалаған «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, бүгінде өмірде жоқ болса да, соңында ізі қалған Сырым Шанаев ағамызбен жанұя құрып, бүгінгі таңда шаңырақтың отын өшірмей, түтінін түзу ұстап отырған аяулы ана.

  Нәсіпқали ТӨЛЕГЕНОВ,

 ҚР білім беру ісінің

Құрметті қызметкері.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button