Атырауда 100-ден астам ІТ маман даярланды
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бастамасымен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті базасында партиялық жобалар аясында ашылған ІТ орталық бүгінде 100-ден астам маман дайындап шығарды.
Ашылған сәттен бастап 86 IT-мамандарын оқытқан орталықта дәріс беру негізгі үш кезеңнен тұрады. Оқыту бағдарламасы барысында «Сандық сауаттылық» (MS Word, MS Excel, MS PowerPoint, интернет-ресурстармен жұмыс істеу), «Деректер базасын дамыту» (MS Access), «Графика және дизайн» (Auto Cad, Adobe Photoshop) «Интернеттегі сайттарды бағдарламалау» (HTML, PHP, CSS, CMS), «Дизайн және компьютерлік графика» (Corel Draw, Adobe Photoshop, AutoCAD, Macromedia Flash, 3d Max), «Қазіргі заманғы программалау технологиялары» (C/C ++, Python , Java) бағыттары қамтылды.
IT орталық жетекшісі Жанна Ғаббасованың айтуынша, 30 мамырда алғашқы кезекте оқыған Құрманғазы, Жылыой, Индер, Қызылқоға, Мақат және Махамбет аудандарының мұғалімдеріне арнайы сертификаттар табыс етілген. Алдағы оқу жылында олар алған білімдерін кәдеге асырып, жаңа «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні бойынша оқушыларға сапалы білім беруге үлес қоспақ.
«Алған біліміміз бағдарламалық дағдыларды жеделте меңгеруді енгізу, білім беру сапасын жақсартуға және ақпараттық технологиялар саласы мамандығын насихаттауға ықпалын тигізеді деп сенеміз», — дейді ол.
Аталмыш орталық оқытудың екінші және үшінші кезеңінде ІТ орталық 51 маманды даярлап шығарды. Олардың арасында Атырау қаласындағы мұғалімдерді қайта даярлау орталығының мамандары, мектептер мен лицейлердің информатика, физика, химия, тарих және география пәндерінің мұғалімдері, 8-10 сынып оқушылары, студенттер мен кәсіпорын қызметкерлері және көршілес Батыс Қазақстан облысының тұрғындары да бар.
«ІТ мамандардың жетіспеу-шілігі, ақпараттық технологиялар саласы мамандықтарының жеткіліксіздігі ақпараттық технологиялардың дамуын шектейтін факторлар екені белгілі. «Нұр Отан» партиясының жаңа жобасы аясында ашыл-ған бұл орталық, заман сұранысына сай ІТ мамандарды даярлайтын болады. Әлемдік тәжірибе жалпы ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі ақпараттық технологиялардың дамуымен байланысты екенін көрсетіп отыр», — дейді партия филиалының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА