«Атырау» галереясы: Әбдірашид Сыдыханов
Атырау өңірінен шыққан қазақ бейнелеу өнеріндегі қайталанбас тұлғалардың бірі – Әбдірашид Аронұлы Сыдыханов. Қазақстан Республикасы өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықпен, «Құрмет» орденінің, «Тарлан» сыйлығының «Өнерге қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша иегері.
Суретші 1937 жылы Атырау облысының Кулагино ауылында дүниеге келген. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін 1965 жылы бітірген. Еңбек жолын кино әлемінде бастап, «Ән қанатында» көркем фильмінде қоюшы-суретшінің ассистенті болады. «Қараш-Қараш», «Құлагер» фильмдерінің кос-тюм жөніндегі суретшісі, «Қаралы сұлу», «Ою», «Шоқан Уәлиханов» және басқа да фильмдердің қоюшы-суретшісі болған. Сол жылдары есімін әйгілеген «Тон киген бойжеткен», «Бозторғай әні», «Қызыл інгенді сауу» сынды еңбектерін салған.
Оның туындылары Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі, Мәскеудегі Третьяков галереясы, АҚШ-тың Зиммерли музейінде, Польшадағы Хута Катовице және тағы да басқа музейлер төрінен орын алған. Сонымен қатар, Германия, Канада, Түркия, Лихтенштейн, Франция, Англия, Жапония, БАӘ мен Израильдің галереялары мен жеке жинақтамашыларында сақтаулы.