Жарнама
Қоғам

АТАКӘСІП АЛҒА ЖЕТЕЛЕДІ

Онда әсіресе ел экономикасының маңызды саласы саналатын ауыл шаруашылығын кешенді дамытуға, ежелгі кәсіптердің бірі болып келген егіншілікті қайта жаңғыртуға айрықша назар аударылған. Осы орайда оңды нәтижелерге қол жеткізіп жүрген шаруашылық құрылымдарының қатарында Махамбет ауданындағы «Дастан» шаруа қожалығын атауға болар еді.
Осындағы Ақжайық селолық округінің аумағында орналасқан шаруагерлер ұжымы он жылдан бері егін өсірумен шұғылданып келеді. Көкөніс-бақша дақылдары егістігінен өзге қожалықтың жалпы ауданы 5,3 мың гектарды құрайтын шабындық (көлтабанды) алқабы бар. Күні бүгінге мұндағы егістіктің көлемі 32 гектарға жетсе, одан бөлек қожалықтың 0,75 гектар аумақтағы жылыжай кешені, 10 сотыққа шақталған тұқым өсіретін орны бар. Келешекте егіндіктің ауқымын екі есеге жуық (60 гектарға) ұлғайту көзделген.
Бізді осы жайлардан хабардар қылған шаруа қожалығының жетекшісі Ақтұрлан Ермановтың айтуынша, диқандар кейінгі кездері тиімділігі жоғары тамшылатып суару технологиясын тым тәуір меңгеріп, соның арқасында мол өнімге қол жеткізіп келеді. Соның нәтижесінде тұтынушылардың үлкен сұранысын иеленген «Дастан» шаруа қожалығының ерте пісіп-жетілген қарбызы мен қауыны, басқа да көкөніс-бақша дақылдары шілде айының алғашқы күндерінде-ақ қала базарларының сөрелерінен табылды. Апта сайын ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкелеріне шығарылып, облыс орталығындағы шаруашылықтың өз сауда нүктелері арқылы сатыла бастады.
Және бір тілге тиек етеріміз, «Дастан» шаруа қожалығы кейіннен егіншілікпен қоса, атакәсіп – мал шаруашылығын дамытуды да қолға алыпты. Осы сөзіміздің дәлеліндей, бүгіндері мұнда мыңнан аса қой, 300 бастай мүйізді ірі қара, жүздеген жылқы мен түйе малы, тұтастай алғанда төрт түліктің бәрі де, тіпті шошқа да бағылуда. Негізінен еттік бағытты ұстанған дастандықтар әр жылы қоңыр күзден көгілдір көктемге дейін бағып, баптаған малдарының етін жәрмеңкелерге шығарып, атыраулықтардың дастарханына ұсынады.
Әйткенмен, қожалық басшысы бұл салада кейбір түйткілді тұстардың барын да жасырмады. Оларды малға керекті жемшөп, жалпы қыстық азық мәселесі көбірек қинайтын сыңайлы. Міне, биыл үшінші жыл, қуаңшылық пен құрғақшылықтың салдарынан, ылғалдың жеткіліксіздігінен шабындық шөптің көзі жоқ, барының өзі таусылған. Сол себептен де қожалықтағылардың ауылдан 200 шақырым қашықтыққа дейін ұзап шығып, шалғайдағы Қызылқоға өңірінің Тайсойған қырлығындағы шабындыққа шалғы салып, пішен дайындауына тура келуде. Мұнымен «Дастан» өзін ғана қамтып қоймай, көршілес бірнеше ауылдың да сұранысын өтейді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button