ҒАСЫРҒА ЖУЫҚ ҒҰМЫР
Конференция жұмысын бастаған Атырау мұнай-газ институты ректорының міндетін атқарушы Дүйсембек Құлжанов білім ордасының Құрметті профессоры Таумұш Жұмағалиевтың 95 жылдығына орай ұйымдастырылған шараның мұнда өтуі зор мәртебе екенін атап айтты. Кіріспе сөз алған облыс әкімі, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақтықожа Ізмұхамбетов мұнай-газ өндірісінің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан, қиын-қыстау шақта қарағайдай қайыспай, дерек пен дәлелді тең ұстанған Таумұш Жұмағалиевтың еңбегін ерекше атап өтті.
— Жиырмаға толған жігерлі шағында Гурьев мұнай техникумын тәмамдап, өндірістің қақ ортасында еңбек жолын бастады. Техникумда түйген ілімін қызмет бабында жүріп теорияны тәжірибемен ұштастырды. Қуат пен қайраттан қанаттанған ол ғылымды меңгеру мен игеруді алдына мақсат тұтты,-деген Бақтықожа Салахатдинұлы осынау ойпаттың жеті қат жер астында жатқан «қара алтынды» игеруден бөлек, оның мол қорын анықтау, ел қажетіне керектігін дәлелдеп шығару ғылыми ізденісті көбірек қажет ететініне тоқталды. Таумұш Нұрышұлының сұрапыл соғыс кезінде Қазақ тау-кен металлургия институтында оқығанын айтқан аймақ басшысы дарынды жас сол кезде-ақ Геология ғылымдары институтының директоры, академик Қаныш Сәтпаевтың ұсынысымен Маңғыстау түбегіне жіберілгенін жеткізді. Өйткені, ол тұста өңірде елдің қорғаныс қабілетін нығайтатын жаңа кен орындарын зерттеу қажеттілігі туыпты. Одан әрі еңбек жолын баяндаған облыс әкімі Таумұш ағаның алғашқылардың бірі болып геология-минероология ғылымдарының кандидаты атағын иеленгенін мақтанышпен атап өтті.
— Ал, одан кейін ғалым ғылымның даңғыл жолына бұратала бет бұрды. Алдымен, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Жайық-Ембі ғылыми-зерттеу базасына ауыстырылды. Бұл ғылыми орталық – қазіргі елімізге белгілі «КазНИГРИ» институты.
Ол, әсіресе 1972-1985 жылдарда Гурьев қаласындағы қазақтың ұлттық мұнай-газ институтының директоры болып жұмыс істеп жүрген кезінде зерделі зерттеуші ғана емес, ұйымдастырушы басшы ретінде жаңа қырынан танылды,-дей келе баяндамашы осы институтта талай саланың майын ішкен мамандар еңбек етіп, түлегенін атап көрсетті.
— Соның нәтижесінде Қамысты, Мартыши, Жаңаталап және Гран кеніштері осындай ізденістер нәтижесінде игерілді. Ерекше атап өтуді қажет ететін тағы бір ғылыми жұмысы -мұнай геологиясының қазақша сөздігі. Кеңес кезеңінде өзге тілде жазылып, айтылып келген мұнай геологиясының терминологиясы Қазақстан азаттық алғаннан бастап ана тілімізде айтылып, мемлекеттік тілде жазылатын болды,-деп сөзін жалғастырған Бақтықожа Салахатдинұлы ғалымның мемлекеттік марапаттарын да атады. Бүгінгі Атырау облысының Құрметті азаматы, парасат пен пайым иесі Таумұш Жұмағалиевтың 95 жылдық мерейтойымен барша атыраулықтарды құттықтаған ол ғылыми конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Содан кейін шара баяндамалар легіне ұласты. Ғалымның шәкірті, Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры, геология-минероология ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрлы Әйтиева «Т.Жұмағалиевтың Қазақстан мұнай геологиясының дамуына қосқан үлесі» тақырыбында баяндама жасады.
Ұлттық Ғылым академиясының академигі Муфтах Диаров та ғалымның қарамағында 14 жылдай қызмет еткенін мақтанышпен атап өтті.
Осылайша, кезек-кезегімен баяндамалар жалғаса түсті. «Каспиймұнайгаз» ҒЗИ ЖШС-нің бас директоры М.Бабашева «Геолог, ғалым, тұлға» тақырыбында баяндаса, АтМГИ профессоры Д.Мырзағалиев «Каспий мұнай-газ кен орындарын игерудегі Т.Жұмағалиевтың еңбегінен» хабардар етті. Қорыта айтқанда, баяндамалардың барлығы да белгілі ғалымның еселі қызметі турасында өрбіді.
Таумұш Жұмағалиевті еске алуға арналған шаралар кеше кеште Махамбет атындағы облыстық драма театрында жалғасты. Мұнда өткен кеш материалын келесі саннан оқисыздар.
Айбөпе САБЫРОВА,
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.