Астананы жырға бөлеген күн.«Әдебиет әлеміндегі әйел жүрегі» атты кешке ұласты
Жақында Астанада «Ауыл» партиясы қолдауымен «Азаттығым — ғажап күнім» атты жыр антологиясы шыққан болатын. Осы кітаптың тұсаукесеріне еліміздегі және шетелдегі антологияға енген ақындар шақырылды. Бұл антологияға Жайық өңірінен ақын Гүлзада Ниетқалиеваның да жырлары енген еді. Аталмыш шара партия мүшелері мен өлеңдері аталмыш жинаққа енген ақындардың «1932-1933 жылдардағы аштық құрбандары рухына мәңгілік тағзым» монументіне гүл шоғын қоюымен басталды.
«Қазақ халқының басынан өткен бұл қасіретті күндер әлі де зерттеліп, зерделенуі қажет. Себебі трагедиялық оқиғаларды аңыз ретінде емес, халық санасына сабақ алардай етіп сіңіру аса маңызды. Бұл бүгінгі тәуелсіздік пен тыныш өмірді бағалай білуге мүмкіндік береді», — дейді «ауылдықтар». Астана қаласында «Шабыт» өнер академиясында «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен аталмыш кітаптың тұсаукесері және халықаралық жыр мүшәйрасы өтті. Шараны «Ауыл» партиясы Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйымдастырып отыр. Алқалы жиынға үш жүзден астам делегат қатысты. Олардың арасында алыс -жақын шетелден келген қазақ ақындары да бар.
Тұсауы кесілген «Азаттығым – ғажап күнім» жинағына әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақ ақын-жазушыларының Қазақстан Тәуелсіздігіне, туған елге, патриотизмге бағытталған өлең-жырлары енген. Антологияға Моңғолияда тұрып жатқан 15 қазақ қаламгерінің, Қытайдағы қазақ диаспорасының 40 өкілінің, ресейлік 5 қазақтың, қазақстандық 45 ақынның өлеңдері жинақталып отыр.
Жиынға қатысушыларды құттықтаған «Ауыл» ХДПП-ның төрағасы, сенатор Әли Бектаев: «Тәуелсіздік – еш нәрсемен салыстыруға келмейтін ұлы нығмет. Тек тәуелсіз ел ғана ойындағы асқақ армандарын жүзеге асырып, жарқын өмір сүре алады», — деп атап өтті. «Қазақ елі тәуелсіздік алған сәтте, әсіресе, шетелде жүрген қаракөз қандастарымыз бөркін аспанға атып қуанды. Тәуелсіздік жат жұртта жүрген замандастарымыздың келешек тағдырын айқындап берді. Шетте жүрген қандас бауырлар сол кезеңнен бастап лек-легімен атамекеніне орала бастады. Қазақстан тәуелсіздігінің қадір-қасиетін шетте жүрген қандастарымыз ерекше түсініп, жоғары бағалайды», — деді ол.
Осы шаралардың аясында Қазақ Ұлттық академиялық кітапханасында жазушы Заря Жұманова мен ақын Гүлзада Ниетқалиеваның шығармашылығына арналған «Әдебиет әлеміндегі әйел жүрегі» тақырыбында әдеби кеш өтті. Бұл шарада қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясында қалам тербеп жүрген қос қаламгердің еңбектері насихатталды. Шығармашылық есеп беруге арналған кешке жазушы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Шәрбану Бейсенова қатысып, жазушы Заря Жұманова мен ақын Гүлзада Ниетқалиеваның әдебиеттегі өзіндік үні мен қолтаңбасы бар екенін айта келіп, мерейжасқа толып отырған Гүлзаданың иығына шәлі жапты. Бүгінгі күннің кейбір ақын-жазушыларына тән даңғаза мен дырдуға қосылмайтын қазақтың екі талантты қызының қалам қуатын дәлелдеген шара таза әдебиетке арналуымен құнды. Ақынның «Аллажар» деген жаңа жр жинағының тұсаукесері болды. Имандылық пен ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі дінді насихаттайтын бұл кітап жастарды діни сауаттылыққа тәрбиелейтіні кәміл.
Маржан ЕРШУ, ақын, филология ғылымдарының кандидаты.
Толық нұсқасын газеттен оқи аласыз.