«KITAP – MY LOVE» жобасы шақырады! (+ВИДЕО)

ФОТО КІТАП Жаңалықтар

Жастар бастамаларын дамыту бағытында Атырауда көптеген жаңа жобалар қолға алынып жатыр.

Біріншіден, «Ұлттық құндылықтар» бағдарламасы шеңберінде жергілікті жерде дамытуға мүмкіндік бар көне салт-жоралғыларды қайта жаңғыртуға бір топ жас жұмыстанудамыз. Екіншіден, этносаралық келісімді одан әрі нығайтуға байланысты тың идеяларды жүзеге асырмақ ойымыз бар. Үшіншіден, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорт фестивалін ұйымдастыру үстіндеміз. Бұл жобаның тағы бір қыры – спорт саласында қайырымдылық істерді қолға алу.

Төртіншіден, біз «KITAP – MY LOVE» жобасын қолға алдық. Бұл – бүгінгі жастардың арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған шара. Яғни, бұрынғы кітапқұмарлар дәуіріне қайта оралуды көздейді. Жоба қатысушылары еркін сөйлеп, ойын ашық айтуға, өзара пікір алмасуға машықтанады. Өздері оқыған кітап авторларымен де кездесе алады. Ол үшін Атыраудағы «Восток» аялдамасының бойында орналасқан халық кітапханасына келуге болады.

Жастар жылының ресми ашылу салтанатында Президент Нұрсұлтан Назарбаев басты бағыт-бағдарды көрсетіп берді. Соның ішінде, өзіме ерекше әсер еткені – «Стартап-бизнес» бағдарламасы. Ондағы көзделген мақсат – ауылды көркейту. Мен де ауылда туып-өскен жастардың бірімін. Сондықтан, туған жерімде кәсіпкерлік бастамаларды қолға алғым келеді. Жасыратыны жоқ, алыс ауылдардағы жастар жұмыс іздеп, қалаға қарай көшіп кетті. Асылында, елінің шынайы патриоттары туған өлкесінің дамуына үлес қосуы тиіс.

Аслан Аманжолов,

«Жас өрен» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

аманжолов

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз