Жарнама
Қоғам

АСТАНА КҮНІНЕ – АҚШАҢҚАН ҮЙЛЕР

 

— Биылғы жарты жылда 234 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Осы жолы да облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың тапсырмасы бойынша Атырау қаласында бірқатар тұрғындар баспаналы болып отыр. Тек қалада ғана емес, аудандарда да тұрғын үй құрылыстары жүруде. Мысалы, бес ауданда алпыс пәтерлік үш үйдің құрылыс жұмыстары биыл аяқталмақшы. Сонымен қатар,  сондай алты үйдің құрылысы биыл басталады. Қоныс құтты болсын, ағайын! — деп жаңа қоныс иелерін құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов  жас отбасы иелері Азамат Доспановқа, Мұрат Дүйсеғалиевке пәтер кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Жас отбасыларға арналып салынған тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізген – «Арыс-2020»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Пәтер бөлмелері кең, жарық,  әрі  ыңғайлы. Барлық инфрақұрылымдық жүйелер жүргізілген. Иелеріне есігін айқара ашқан үйдің ішінде бір,  екі және үш бөлмелі пәтерлер бар.

Қазіргі таңда пәтер жалдап жүрген жас отбасылар тек Атырауда ғана емес, еліміздің түкпір- түкпірінде жетіп артылады. Пәтердің айлық төлемі мен отбасының күнкөрісін әрең қамтып жүрген Расул Махмұт та осы уақытқа дейін бес жыл бойы отбасымен бірге ай сайын 60 мың теңгеге үй жалдап келген. Жеке пәтерінің кілтін қолына алғанда оның қуанышында шек болмады.

— Өзім жекеменшік компанияда жұмыс жасаймын. Жұбайым – мұғалім, екі бала тәрбиелеп отырмыз. Өткен жылы құжаттарымызды жинақтап, пәтер кезегіне тұрып, бір жылдай уақыттың ішінде екі бөлмелі пәтердің иесі атанып отырмыз. Мемлекет және аймақ басшыларына алғысымыз шексіз, — дейді ол.

Қасиетті Рамазан айында қуанышқа кенелген жас жанұялардың  ішінде Маратовтар отбасы да болды.

Жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов пен Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев қала тұрғыны Әлия Әбуталиеваға, зейнеткер, тыл еңбеккері Зылиха Акажановаға және көп балалы отбасы иесі Данияр Айғазиевке пәтер кілттерін табыс етті.

Өз кезегінде баспаналы болған тұрғындар атынан сөз алған Зылиха Акажанова он үш жыл бойы  кезекте тұрып, осы сәтті асыға күткенін айтып, облыс басшыларына аналық алғысын білдірді және ақ батасын берді.

Облыс және қала басшылары жаңа үйлерді аралап, жағдайымен танысты. Және бірқатар жаңа қоныс иелеріне облыс әкімінің атынан тұрмысқа қажетті техникалық бұйымдарды сыйға тартты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.  

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button