Ассамблея жұмысын жаңа идеологиялық доктринамен үйлестіру қажет
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Президент түрлі сын-қатерге қарамастан, еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайтынына назар аударды.
Мемлекет басшысының айтуынша, аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалардың нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Ендігі міндет – әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет деп санайды.
Сонымен қатар Президент бүгінде жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.
Президент Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, ұйымның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек екенін атап өтті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеттерін жүктеді.
Надежда ЕСОВА,
Атырау облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің бөлім басшысы