АСПАНЫМЫЗ ӘРҚАШАН АШЫҚ БОЛСЫН!..

Отан қорғаушылар күнін атыраулықтар Исатай-Махамбет атындағы орталық алаңда еліміздің Қарулы Күштерінің әскери шеруін онлайн көрсетілім арқылы тамашалаудан бастады. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мұнайлы мекен халқын мерекемен құттықтады.

– Қазақстанның басқа өңірлері секілді, Атырау облысы да бұл мерекені әлеуметтік-экономикалық өрлеу үстінде қарсылап отыр, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы. – Биыл облысымызда ондаған жаңа жобалар іске қосылды. «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша және жергілікті қаржымен 2013 пәтерлік 34 тұрғын үй тапсырылатын болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда қырық пайызға жоғары. Осының бәрі – Елбасының салиқалы саясатының, еліміздің тыныштығының, халқымыздың бірлігінің арқасында қол жетіп отырған жетістік. Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке тілеймін.
Мерекелік шара облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі, «Зерде», «Інжу-маржан» би топтары өнер көрсетті. Салтанаттың сәнін келтіріп, белгілі әншілер Маржан Төреханова, Ақмарал Машимова, Қайрат Кәкімов, Айдар Иманғалиев, Назым Шаймарданова, Ханзада Сақыпова, Хамил Сүйекбаев, Қуандық Нұғымаров, Венера Машқалиевалар ән шырқады.
Облыстық қорғаныс істері департаментінің басшысы Ардақ Кукатов «Елордада өткен әскери шеру біздің азат еліміздің айбыны қуатты күшке айналғанын көрсетті» деген пікірімен бөлісті. «Қарулы күштеріміз жылдан- жылға дамып келе жатыр. Соның бәрі – Қарулы Күштердің жетістіктерінің куәсі. Орталық Азиядағы ең мықты әскер біздің елде деп есептеймін», – дейді ол.
№41433 әскери бөлімше сержанты Асхат Қарауылов та ақ тілегін жолдады. Асхат жастардың әскерге деген қызығушылығы артып келе жатқанына қуанады екен. «Аспанымыз ашық болсын, тәуелсіз елімізді тыныштықтан айырмасын» деген жас сержанттың тілегіне біз де қосылдық.

Бақытгүл БАБАШ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз