ӘСКЕРИ ҰШҚЫШ КОЛЛЕДЖГЕ КЕЛДІ

Бүгінде облыс көлеміндегі көптеген мектептер мен колледждерде 70-ке тарта әскери-патриоттық клуб жұмыс істейді. Оларда әскери қызметтің тәжірибесі мен ғылыми теориясын меңгерген мамандар қызмет етіп, дәріс береді. Солардың бірі – Қатира Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжде 1995 жылдан бері жұмыс істеп, осындағы «Сұңқар» патриоттық клубына жетекшілік етіп келе жатқан, әскери қызметтен демалысқа шыққан аға лейтенант, жоғары санатты мұғалім Смағұл Қарабалин.

Міне, осы аталған оқу орнының базасында қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріккен басқарма қызметкерлерімен бірлесе отырып «Әскери-патриоттық, әскери-спорттық, әскери іздестіру және жаттығу клубтарын дамыту» тақырыбында жиын өтті. Онда бұрын әскери ұшқыш болған Анатолий Сүндетов, білікті әскери маман, әскери қызметтен демалысқа шыққан полковник Виктор Перевертов сынды ардагерлер өз өмірлерінен қызықты да әсерлі, тағылымы мол естеліктер айтты.
Колледж студенттері Гүлхан Елубаева, Диана Таупихова және Арайлым Серікбаева «Өз Отанымның патриотымын», «Тәуелсіз Қазақстан», «Қазақстанның болашағы жастар қолында» тақырыбында баяндама жасады.
Жиын соңында қала мектептерінде қызмет істейтін алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері өзара пікір алмасып, болашақ жұмыс жоспарлары жөнінде көкейкесті ойларын ортаға салды.

Муфти ҚҰБАЙДУЛЛИН,
Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық
пәнінің мұғалімі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз