Жарнама
Қоғам

АРЫЗ АРТЫНДА – АДАМ ТАҒДЫРЫ

Өкілетті органға шағымдана келген тұрғындардың мәселесі әр қилы. Водников ауылында тұратын көршілер Қатау Мәңгібаев пен Жантас Зариповты үйдің тура жанынан көліктерге техникалық қызмет көрсету орталығы ашылғаны алаңдатады.
-Техникалық қызмет көрсету орталығы біздің үйімізден бар-жоғы 4-5 метр қашықтықтай жерде. Оның иесіне қалайша рұқсат берілгеніне таңбыз,-дейді көршілер.
Қала тұрғыны Дина Құлмағамбетова 2008 жылы жолдасымен заңды түрде ажырасқан. Қазіргі күні баласына бережақ алиментін өндіре алмай жүр. Бұдан екі жыл бұрын прокуратураға арыз жазып, бірнеше ай алимент алуға қол жеткізген. Кейін жауапсыз әке міндетінен қайта жалтарды. Динаның айтуынша, қазіргі күні ол қоғамдық көліктердің бірінде жүргізуші болып жұмыс істейді.
2010 жылы Маңғыстау облысына қарасты Өзен қаласындағы балалар үйінен ер баланы асырап алған Күләш Исмағамбетованың сөзіне сүйенсек, Өзен қаласының білім бөлімі оны қайтарып алып, алдыңғы асыраушысына қайта берген. Қазіргі күні арызданушы баланы Атырауға әкелгісі келеді. Қала прокурорының міндетін атқарушы Асылбек Сәрсеновтің түсіндіруінше, бұл мәселе бойынша істі тұрғылықты орны бойынша Өзен қаласының органдары қарап, тексеруде.
Қоғамдық қабылдауға келгендердің барлығына арыз-шағымы бойынша жауап беріліп, нақты шешім тараптардың құжаттары толықтай қаралғанынан кейін шығарылатыны айтылды. Талап бойынша, келіп түскен іс бір ай ішінде тексеріледі. Басқа органдарға жолданса, үш күн ішінде жауабы келуі тиіс.
Жыл басынан бері «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы мен қалалық прокуратура осымен бесінші рет қоғамдық қабылдау өткізіп, жиырмадан астам адамды қабылдап отыр. Алдағы уақытта мұндай қоғамдық қабылдауларға облыс деңгейіндегі ұйымдар мен мекемелер де тартылмақ.

Құралай ҚУАТОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button