Жарнама
Қоғам

ҒАРЫШКЕРГЕ ТАҒАМ ЖАСАҒАН ҚАЗАҚ

 ҚИҒАШТАН ҰШҚАН ҚЫРАН

 Біздің кейіпкеріміз1940 жылдың 17 наурызында қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сафон селосында дүниеге келген. Әкесі Мұхамбетқали Меңдіханов пен анасы Мұқсина Биқашқызы Қиғаш өзені жағасындағы бұл ауылға 1940 жылы көшіп келіпті.

Алты бала өсіріп-тәрбиелеген отбасынан шыққан Ғизатолла – Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы ел басына түскен ауыртпалықты бұғанасы қатпай жатып сезініп өскен ұрпақтардың өкілі.

Ұрпағының болашағын ойлаған ата-ана балаларының білім алуына барлық жағдайды жасап, қолдарынан келген көмегін аяған жоқ. Орта мектепті бітіргеннен кейін Гурьев қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумына оқуға түсіп, оны 1962 жылы зоотехник-малдәрігері мамандығы бойынша бітіріп шығады.

Оқу бітірген жас маман әскер қатарына шақырылып, Шадринск гарнизонында әскери міндетін өтейді. Сол кезде Қорған облысында жаппай мал індеті шығып, үкіметтің  тапсырмасымен әскери қосалқы шаруашылықта ветеринарлық-санитарлық іс-шараларды күшейту қолға алынды. Ғизатолла бұл науқан кезінде алған білімінің арқасында кәсіби біліктілігін, сауаттылығын көрсетті. Шадринск гарнизонының 3-ші бөлімшесінде маман ретінде індеттің алдын алуға зор үлес қосты.

Осындай еңбекке ұмтылысы, сергектігі басшылар тарапынан жоғары бағаланып, әскери мекеменің жолдамасымен Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түседі. Оны 1970 жылы ойдағыдай бітіріп, туған жерінде еңбек жолын жалғастырады. Институтта жүргенде үздік оқуымен және еңбекқорлығымен, қоғамдық жұмыстағы жан-жақтылығымен көзге түскен жігітті осы оқу орны ауылда жұмыс істеп жүрген жерінен аз уақыттың ішінде жұмысқа қайта шақыртып алады. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының биохимия кафедрасына ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналасып, ғылыми жұмысына тақырыбын бекітіп, зерттеу жұмысына жанын сала кіріседі… 

ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ТАҒАМЫ – ҚҰРТТЫ ЗЕРТТЕДІ

Оның лабораториялық зерттеулерінің нәтижесі сол кездегі аспиранттар мен оқытушы әріптестері үшін алтын қорға айналған ғылыми жетістіктер болды. Бие сүтінің құрамын зерттеп, жаңа қасиеттерін ашуға үлес қосты. Мәскеулік әріптестерімен бірлесіп, қазақтың ұлттық тағамдарының бірі – құртты жаңа технологиямен өндірістік тәсілде жасап шығаруға зор еңбек сіңірді. Сол еңбегінің арқасында авторлық куәлік алды. Осы өнім ғарышкерлердің ас мәзіріне енгізілген құнарлы тағам ретінде бағаланды.

Ғылыми жетекшісі – Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор, «Платиновый Тарлан» тәуелсіз жалпыұлттық сыйлығының иегері Зұлқарнай Сейітов былай деп еске алады:

«Ғизатолла бір ғылым докторымен бие сүтінің химиялық құрамы мен физикалық-химиялық қасиетін зерттеді. Ғылыми жұмыс Талғар ауданы Панфилов совхозының асыл тұқымды жылқы фермасында жүргізілді.

Совхоз Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің қарамағындағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтарының бірі болатын. Фермадағы жылқылар элиталық, биелер сүтті тұқымнан еді. Биелер жыл бойына электрлік сауу аппаратымен сауылды. Совхозда жоғары сапалы қымыз жасалып, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінде, Министрлер Кеңесінде, Республика Жоғарғы Кеңесі Президиумында және басқа мекемелердегі  жоғары лауазымды шенеуніктерді қамтамасыз ететін.

 Ғизатолла бие сүтінің құрамын тереңдете зерттеді, алғаш рет бие сүтіндегі белок құрамын анықтады. Ол бие сүті құрамындағы казеиннің төрт белоктық бөліктен тұратынын дәлелдеді. Ал, бие сүтінің ірімшігінен алынған белоктар да гетерогенді болады және үш құрамдас бөлікке бөлінеді. Сонымен қатар, ол ақуыздағы белок трансферинінің тұқым мен тегіне байланыстылығын да зерттеді.

Кафедра бағдарламасы бойынша Ғизатолла Қазақ ССР ет және сүт өнеркәсібінің министрі Яков Иванович Костинмен және Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының май және ірімшік өндіру өнеркәсібінің қызметкерлерімен кәдімгі қазақы құртты (малта) зерттеді.

 Құрт түйіршік, ұнтақ күйінде шығарылды. Сублимирленген, яғни құнарландырылып, кептірілген құрт ғарышкерлерге берілді. Олар ғарыш кеңістігінде қазақтың құртын талшық, талғажау етті. Бұл туралы кезінде  Мәскеуден шығатын «Социалистическая индустрия» газетінде жазылды. Ғизатолла басқа да зерттеушілермен бірге зерттеу барысында өзгертілген құраммен жасалынған құрттың авторы ретінде авторлық куәлік алды».

 Қазақтың ұлттық тағамы — құртты зерттеуінің астарында да өз ұлтын сүйген жанның халқына деген махаббаты бар екені сөзсіз. Біздің халқымыздың жаугершілік жорықтарда айлап, апталап ел бетін көрмей, малта құртты талшық еткеніне тарихтан, көркем әдеби шығармалардан қанықпыз. Ғарыш кеңістігіне тәжірибе үшін апарылған басқа тағамдар шыдамай, тек малта құрт қана сол сынақтарға төтеп берген. Сиыр сүтінен ашыған айраннан сүзбе жасап, одан құрт жасайтын ақ жаулықты аналарымыздың тағам жасау тәсіліне сәл өзгеріс енгізіп, малта құртты құнарландырылған бие сүтінен алынған сүзбеден жасаған. Ал, бие сүтінің құнарлылығы туралы көзіқарақты оқырман айтпай-ақ білсе керек.

 

АҒАШТАН ТҮЙІН ТҮЙГЕН…

Әріптесі, ғылым докторы, профессор Қаратай Мұхамбетәлиев: «Оның ұлтжандылығының бір куәсі болғаным, 86-шы жылғы оқиға кезінде зиялы қауым өкілдерінің бірі ретінде жастарға тағылған айыптауларға қабырғасы қайыса уайымдайтын, бізбен бірге студенттердің тағдырына жаны аши сырласатын», — деп есіне алады.

Ол шын мәніндегі сегіз қырлы, бір сырлы жігіттердің бірі еді. Осы бір ғылым үшін жаратылған, бірақ өз еңбегінің нәтижесін көре алмаған жан тағы бір өнерімен – ағаштан түйін түйген шеберлігімен де көпті таңырқататын. Өз қолымен жасаған үй жиһаздары ұлтын сүйген, ұлтының тұрмыс-дағдысын қастерлеген азаматтың көзіндей боп тұр. Туған халқының өнерін, ою-өрнегін жаңа заманға сай, өзінің қолынан шыққан бұйымдары арқылы жас ұрпаққа танытып, соңына игілікті ескерткіш етіп қалдырған.

 

ҚОРҒАУСЫЗ ҚАЛҒАН ЕҢБЕК

Ғылым жолында еңбек еткен жылдар оның өмірінде ізін қалдырмай кеткен жоқ. Ұлан-ғайыр еңбегі, зерттеулері, бір докторлық диссертацияға жететін материалдары қорғаусыз қалды. Ешкіммен дауласып, жаға жыртыспады. Інілері жоғары оқу орнында оқып жүрген кез еді. Соларға қырсығым тимесін деп ойлаған да шығар…

Биохимия кафедрасының зертханасында сегіз жыл қатарынан химиялық препараттармен жұмыс істеген ол уақыттың денсаулығына біраз кеселін тигізгенін кеш білді. Айықпас аурудың алғашқы себепшісі – сол зиянды ортада жұмыс істегені. Еңбегінің құпиялылық сылтауымен қорғауға жіберілмегені де аз соққы болмады.

Оның өзі таңдап алған тақырыбы бойынша ғылымға қосқан үлесі «Қымыз және шұбат» деген жинаққа енгізілді. Құрт-ірімшік өндірудің жаңа тәсілін тапқан ғалымдардың ішінде аты-жөні жазылған, Кеңес үкіметі тұсында өнертабыс жаңалықтарын мемлекеттік тіркеу тізілімінде 1977 жылы 21 қаңтарда тіркелген,  ғылыми  жаңалықтар мен табыстары жөніндегі КСРО Министрлер Кеңесінің Мемлекеттік Комитеті берген №557784 авторлық куәлігі сақтаулы.

Жары Қалампыр Кенжеғалиқызы мен ұл-қыздары Баян, Ербол, Тоғжан Алматыда тұрады. Бәрі де – жоғары білімді жандар, бір-бір шаңырақ иелері.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Суретте: Ғизатолла  ұлы  Ерболмен  бірге.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button