ҚОС ҚАРИЯҒА ҚҰРМЕТ

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен медицина ардагерлері кеңесінің ұйымдастыруымен облыстық аурухананың акт залында денсаулық сақтау саласының ардагерлері Хайролла Қалжігітов пен Ғарифолла Шаңгереевке 80 жасқа толуларына орай құрмет көрсетілді. Оған бұрынғы қызметтес әріптестері, қала, аудандардағы дәрігерлер, басқа да мекеме, ұйымдардың өкілдері арнайы келді. 

Салтанатты кешті облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан Өтепқалиев құттықтау сөз сөйлеп ашты.
Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген дәрігер, «Құрмет белгісі», «Октябрь Революциясы» ордендерінің иегері, ғалым, профессор, Халықаралық ғылым академиясының «Гиппократ» медалінің иегері, Атырау облысының құрметті азаматы Хайролла Смадиярұлының аймақтың денсаулық сақтау саласын дамыту ісіне қосқан еңбегі зор. Ол жарты ғасырлық қызметінің ширек ғасырында облыстық денсаулық сақтау басқармасына басшылық жасады. Осы жылдар ішінде оның ұйымдастыруымен өңірде көптеген емдеу орындары салынып, ел игілігіне берілді. Маман кадрлармен қамтамасыз етуде де көп еңбек сіңірді. Облыс халқының денсаулығын сақтауда қажырлы еңбек еткен дәрігерді облыс халқы құрметтейді деген Меңдіхан Мырзалыұлы мерейтой иесіне денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық мәслихаттың Алғыс хаттарын табыс етіп, иығына шапан жапты.
Осындай құрмет ұзақ жыл бойы аудан, қала, облыстың емдеу орындарында бас дәрігер болған Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, Денсаулық ісінің үздігі, бірнеше ордендердің иегері Ғарифолла Шаңгереевке де көрсетілді.
Бұдан әрі медицина ардагері Ділдә Матайқызы, облыстық аурухана ұжымы атынан Басаролла Харасов, медицина ардагерлері кеңесі атынан Күләш Ұлдаханова, денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрайымы Нұртан Сәрсенова, облыстық психиатриялық жүйке-тамыр аурулары ауруханасының бас дәрігері Қуаныш Нұрмұханов, №2 қалалық емхана дәрігері Гүлжамал Бекмұханбетова, тағы басқа әріптестері мерейтой иелерінің кешеден бүгінге жеткен өнегелі өмір жолдарын жалпы жұртқа жария етіп, той иелеріне гүл шоқтарын ұсынып, сый-сияпаттарын жасады.
Ал, өнер саңлақтары болса, мерейтой иелері құрметіне саздық бағдарлама ұсынып, кештің шырайын аша түсті.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз