АРТЫМА АЙТА ЖҮРЕР СӨЗ ҚАЛСЫН ДЕП…
Кезінде абыз ақын Әбу Сәрсенбаевтан бата алып, ҚазМҰУ-дің журналистика факультетіне түскен балаң жігіттің арманы биік-ті.
Өзіне табиғат берген талантқа да талғаммен қарап, өлеңдерінің өмір-шеңдігін зерделеп сынайтын ол о баста жүрегі қалап, таңдаған мамандығы журналистикаға адалдықпен, жауапкершілігін сезініп келді. Аудандық «Ленин жолы» газетінде бөлім меңгерушісі болып жасап жүрген кезінде талай жастың журналистикаға деген махаббатын оятып, тұсауын кескені анық. Талай жасты соңынан ертіп, кәнігі журналист ретінде бағыт пен бағдар берді.
Алдындағы ағаларын орны толмас өкінішке қалдырып, соңындағы жастардың сағынышын арқалап, құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Құрыш Елемесовтің соңында игерусіз мол мұрасы қалды.
Көзі тірісінде «Дала самалы» деген жыр жинағын шығаруды жоспарлап, жинаққа енуге тиіс өлеңдерін де саралап, жинақтап қойған екен. Алайда, қапияда келген сұм ажал ол ойын орындатпады.
Жүрегінің қалауымен етегінен ұстаған адал жары Орындық апа тағдырдың осы бір үлкен соққысынан көпке дейін есін жия алмағаны шындық. Тек бар білгені, сүйген жарының, арманда кеткен арыстай азаматының қолтаңбасы сақталған әрбір парақ қағазды мұқияттап, көзі тірісінде кітаптары мен қағаз-қаламын жинап қоятын үлкен шкафқа салып, құлыптап қойғаны.
Өзі сағынғанда сол бір сарғайған қағаздардан есіл азаматының қолтаңбасын көріп, сағымға сіңген жылдардың елесін іздейтіні және бар. Ал, былайғы уақытта, тіптен туған балаларына да Құрыш ағаның қағаз-қаламының шетін ұстатқан емес. Осыдан жиырма жеті жыл бұрын баспаға дайындаған «Дала самалы» сол күйінде әлі тұр.
Іштей сол бір сарғайған парақтар да иесін іздеп, өксіп тұрғандай боп көрінді. Бұрынғы редакцияның ескі машинкасымен басылған парақтар… Сол күйі қозғалмаған… Сол сарғайған папкінің ішінде өз қолымен жазған өлеңдері жүр екен. Бір өлеңді оқып отырып, көңілім құлазыды: «Артыма сөз қалсын деп, Бір азырақ жаздым хат». Иә, сонау өткен жыраулар поэзиясының сарыны құлаққа келгендей болды. Әлде бәйгеге қосылған ақбоз аттың дүбірі ме? Елеңдетері сөзсіз, әйтеуір…
Жасынан жетімдіктің қиын күндерін көріп, әже қойнында өскен Құрыш Елемесов өзінің жалған дүниеде көңіліне түйген сырлары мен жүректегі назын жырға төгіпті. Поэзия аспанында жарқ етіп, ерте жанып, ерте сөнген ақынның өлеңдерінен халқына, елі мен жеріне деген махаббат лебі есіп тұрғаны кәміл. «Дала самалынан» сәуір самалы желпігендей әсерде болдым.
Жиырма алты жылдан бері төрдегі үлкен портретпен тілдесіп, қиналғанын, тағдырдың талқысында тепкі көргенін тек сол суретке ғана мұң етіп шағатын ақынның жары Орындық апаның көзінен екі тамшы жас ақырын ғана сырғып түсті. Біз көкейіміздегі көп сауалымызды сол көз жасынан тапқандай болдық.
Олар бар болғаны жиырма екі жыл бірге өмір сүрген екен. Әкесі бақилық болған кезде қызы Айнұр Астрахан қаласындағы техникумды жаңа ғана бітіріпті. Тұңғыш ұлы Айдос Отан алдындағы борышын өтеп келген. Ал, кіші ұлы Амандос сегізінші сыныпта еді. Қанаттары қатаймай қалған, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген балалары – қазіргі таңда жоғары білімді азаматтар.
Ширек ғасырдан астам уақыттан бері журналист, ақын ағамыздың рухани шырақшысындай болып отырған Орындық апа былай дейді:
«Ақтөбе қаласындағы «Мәдени-ағарту училищесінен» кітапханашылық мамандықты бітірдім. Бітіргеннен кейін аудан орталығында орын болмай, Қасқатөбеге барып екі жылдай жұмыс жасадым. Кейін ауданға, орталық кітапханаға жұмысқа ауыстым. Құрыш әжесінің қолында тәрбиеленді.
Ол кісі мектеп бітіргесін Отан алдындағы азаматтық борышын атқарып келіп, ҚазМҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсті. Оқуын тәмамдағасын аудан орталығына келіп, сол кездегі аудандық газетке қызметке орналасты. Бос уақытында кітапханаға жиі келетін. Біз осы жерде мектептен кейін қайта кездестік. Біздің тағдырымызды кітапхана мен газет қосты-ау деп ойлаймын осы күні.
Құрыштың үлгі алған ағалары Әбу Сәрсенбаевтан бастап, қазақ әдебиеті мен журналистикасының майталмандары еді. Ал, жан достары Әбді Шынбатыров, Еркін Шайхимов, Зейнолла Серікқалиев, Сәуірбай Есімов, Сәбит Қасымов, Рахмет Иманғалиев, Тасмұхан Тінәлиевтер болатын. Әрқашан аузынан тастамай, хабарласып отыратын. Әзілдері де ерекше еді. Бір-бірін қатты сыйлайтын, бір-біріне болсын десетін, тілеулес көңілмен жүретін. Көңілдерінде қылаудай кіршік болмайтын. Сондай бір үйлесім, татулық, достыққа әлі күнге таңырқаймын.
Құрыш газетке мақала жазған кезде балалар шулап жүрсе де көңіл бөлмей, сырылдатып жаза беретін. Ал, өлеңді дастархан басында, тамақ ішіп отырып та, серуендеп жүріп те, әңгіме арасында да жазатын. Тіптен, бір ұйықтап тұрып та жаза береді. Түсінде өлең жазып жатып оянатын болса керек, шамасы.
Ол кісі өте салмақты, мінезі жайлы, кең адам еді. Отбасына дауыс көтеруді білмейтін. Әлде, айта қалсын дегені ме екен, әйтеуір, әзілмен отыратын. Барлық отбасының, жақын-жуықтың қамын ойлайтын. Негізі, әулеттен жал-құйрықсыз жалғыз еді.
Кітабын шығаруды армандады. Үлкен баласының әскери форма киіп, жұмыс істегенін армандайтын. «Елге қызмет етсе» — дейтін. Шүкір, бүгінде үлкен ұлы Айдос әке арманын орындап, кеден бекетінде жұмыс жасайды. Қызым Айнұр – аудандық әкімшілікте қызметте. Кіші ұлым Амандос та өз шаруашылығымен айналысады. Келін, немере-жиендер бар. Немересі – Тілеухан мектеп оқушысы. Жиендері Әселхан мен Әділхан нағашы атасының жолын қуды. Қазір Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінде журналистика факультетінің соңғы курс студенттері. Бәріне ол кісі туралы айтып отыруды өзімнің парызым деп санаймын. Кітабы да Алла қаласа, жарыққа шығар деп үміттенемін».
Құрыш Елемесов жастайынан бірнеше айтыстарға қатысыпты. Бірнеше аудандық, облыстық, республикалық марапаттаулары бар, құжаттары аудандық мұражайда сақталып келеді. Құрманғазы ауданы, Ганюшкин селосы, Жапырық ауылындағы көшелердің біріне 2006 жылы шілдеде Құрыш Елемесовтің аты берілді. Қазір Жапырық ауылындағы ұрпақтары тұрып жатқан үйінің сыртында гранитпен жазылған ескерткіш тақта тұр. Оған Орындық апамен сұхбаттасуға барғанда куә болдық. Жанартаудай лап етіп жанып кеткен тағдыр. Алайда, Ұлы Абай айтқандай, «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған…»
Мақалалары да өткірлігімен құнды. Ғұмыры қысқа болып, жазсам деген көп арманы ішінде кеткен…
Руфина ТЕМІРҒАЛИЕВА,
Құрманғазы ауданы.