Жарнама
Қоғам

Әрқашан күн сөнбесін!

Бүгін Атырау қаласындағы «Ретро» саябағында өткен инклюзивті арт-плэнер осылай деп аталды.

Қаланың көк желекті алаңында жай ғана сурет байқауы емес, бейбітшілік пен мейірімділікті насихаттайтын ерекше шара болды. Оны «Жүректен жүрекке» қоры «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асырып отырған «Теңіз жүрегі» жобасының еріктілері ұйымдастырды.
Иә, Жеңіс күніне арналған іс-шара «Әрқашан күн сөнбесін!» атауымен өтіп, соғыс туралы емес, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыруды көздеді. Ашық аспан астында өткен сурет салу сәтінде балалар тек бояулармен емес, өз жүрек үнімен сыр шертті.

998f968f 47d4 4877 9eaa e3d3271e4b53

Бір қоғам – бір әлем

Шығармашылық шараға 30-ға жуық бала қатысты. Олардың қатарында қалыпты дамып жатқан балалармен бірге аутизм спектрі бұзылысы, Даун синдромы және церебральды сал ауруы бар балалар да болды. «Теңізшевройл» компаниясының Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің кеңесшісі Марина Фахрутдинова іс-шараны құттықтау сөзбен ашып, балаларға сәттілік тіледі.
Арт-плэнерге қатысқан әр балаға жеке ерікті бекітіліп, қауіпсіз әрі қолайлы атмосфера құрылды.
– Ерекше балаларға осындай қолдау өте қажет. Олар да қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінуі тиіс. Жыл сайын жоба еріктілері ерекше балаларға назар аударуға тырысады, бұл біз үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, қоғам ерекше қажеттіліктері бар балалармен қарым-қатынасқа көбіне дайын емес. Сондықтан мұндай іс-шаралар — үлкен құндылыққа ие. Мұнда балалар қарым-қатынас жасауды үйренеді, өз-өзіне сенімді бола бастайды, әлеуметтенеді, жаңа нәрселерді үйренеді. Бұл шара – соның айғағы, — дейді №3 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының дефектолог маманы Гүлжазира Жұбаева.

3b005144 d84a 4854 b617 ece0bab2288f


Сурет салу барысында балалар өздерінің арман-қиялын қағаз бетіне түсіріп, бейбіт өмірдің өз түсін – күннің шуағын, достықтың бояуын бейнеледі. Олардың әр суреті – жүрек тыныштығын, мейірімділікті, жарқын болашақты аңсаудың көрінісі.

Бейбіт күннің бейнесі – баланың күлкісі

– Бұл шара Жеңіс күніне арналады. Бірақ біз үшін басты мақсат – соғыс тарихын еске салу емес, бейбіт өмірдің құндылығын балаларға жеткізу. Осылайша жас ұрпақтың мейірімді, жанашыр болып өсуіне ықпал етеміз деп сенемін. «Теңіз жүрегі» жобасы әрдайым балаларды назардан тыс қалдырмайды. Біз «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі ауылымен, Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығымен, Жастар үйімен және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған мекемелермен тығыз жұмыс істейміз. Жас ерекшеліктері мен қызығушылықтарына сай ай сайын жоспарлы іс-шаралар өткіземіз. Қоғамда инклюзия мәдениетін қалыптастырсақ – ерекше балалар өздерін еркін сезінеді, ал біз – толерантты ұлт ретінде қалыптасамыз, — дейді «Теңіз жүрегі» жобасының жетекшісі Рысты Жексенбаева.

5039a303 79b9 47da 9036 0f21d6beb17e

Жас суретші Кәусардың анасы Альмира Бақтыбайқызы да ұйымдастырушыларға риза екенін жеткізді.
–Бүгінгі шара – біздің жүрегімізге үміт пен қуаныш сыйлаған ерекше күн болды. Балапанымыздың салған суреттерін көпшіліктің қызығушылықпен тамашалағанын көру – біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл арт-плэнер – әр баланың өзінше талант екенін дәлелдеді. Ерекше балалардың шығармашылығына қолдау көрсету – болашаққа сенім ұялатады, — деді ол.

Жиынның жоғары деңгейде өтуіне кәсіпкерлер де үлес қосты. «Додо пицца» сауда желісі балаларға тәттілер мен пицца ұсынып, мерекелік көңіл-күй концертке ұласты. Бұл – балалар үшін нағыз мерекеге айналды. Ал ата-аналар мен мамандар мұндай бастаманың жиі өткізіліп тұруын қолдайтынын жеткізді.

Жүректен шыққан жылылық – қоғамға жарық сыйлайды

b670c9ce 9a74 4b03 8db7 a680ea78f7a2

«Теңіз жүрегі» жобасы екі жылдан бері инклюзивті қоғам қалыптастыру жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қайырымдылық акциялары, экологиялық және білім беру жобалары арқылы әлеуметтік осал топтарға нақты көмек көрсетілуде. Қазіргі таңда Атырау мен Құлсары қалаларында тегін тіл үйрену клубтары мен әлеуметтік дүкен де жұмыс істейді.
Осындай игі шаралар арқылы еліміздегі бейбітшілік пен бірлік ұғымы тек ресми құжаттарда ғана емес, әр баланың жүрегінде, әр отбасының өмірінде нақты көрініс таба бастады.

b447099a f7b8 4409 b545 197f908dfa1a

Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button