Жарнама
Қоғам

Арналарды ашу — ең тиімді амал

Халқымыз небір қиыншылықтар мен апаттарды, зұлмат замандарды басынан өткерді. Бірақ барлық сынақтан да ынтымақ, бірлігі арқылы аман-есен шыға білді.
1993, 1994 жылдардағы су тасқыны кезінде телеведение саласында яғни, Атырау облыстық телерадио компаниясында жұмыста едім. 1993 жылдың 17 сәуірінде “Миялы суға кетіп жатыр” деген суық хабар жетісімен облыс әкімімен бірге сол жерден табылып, үйлерін су басқан халықты көзіммен көріп, жан жарасын сезіндім.
Қиындықтарға қарамастан тікұшақпен барып, қызылқоғалықтардың жан айқайын билікке жеткізіп, еңбек еттік. Кейін ел еңсесін тіктеп, 1993 жылы 19 қарашада аудан орталығы Миялыдан жаңадан мөлтек аудан бой көтеріп, үйлерді пайдалануға берген сәттің, халықтың қуаныштан жылаған жасының да куәсі болдым.
Сол кездегі облыс әкімі Сағат Түгелбаев Ресей, Украина, Беларусь елдерімен байланыс орнатып, жасанды, құрастырмалы үйлерді алуға көп еңбектенді. Аз уақыт ішінде өңірдегі құрысшылар, студент жастар бригадалары жаңа Миялыны тұрғызды.
1994 жылы Жайық өзені тасығанда да қиын жағдайда қалалық әкімдік, басқа да мемлекеттік құрылымдық мекемелер аяғынан тік тұрып, кезекшілік ұйымдастырып, судың арналарын ашу арқылы шаһарды қауіптен аман алып қалды. Қазір де ұзақ жылдар жабылып қалған арналармен жұмыстар жүргізілуде. Бүгінге дейін Жайыққа құятын, одан шығатын 15 өзектің бойы ашылуда. Соколок каналы кеңейтіліп, ені 10 метр, биіктігі 3 метр болатын жаңадан канал қазылып жатыр. Қаланың ішімен жүретін Ерік Мостовой каналы да дайын тұр. Осының бәрі тасқынның күшін тежеуге септік етері сөзсіз. Мемлекеттік құрылымдар мен ірі өндірістік компаниялар, кәсіпорындар тасқынды болдырмауға жұмыстануда. Осы мақсатта ел арасынан жүрегі “туған жерім” деп соғатын еріктілер де күш жұмылдыруда. Бөгет салу жұмыстарына жас та, кәрі де елдің амандығы жолында бел суытпай қызмет етуде. Ақ жаулықты аналарымыз да аянып қалмай, қолдарына кетпен күрек ұстап, қайсарлық танытуда. Мұның барлығы қауіптің алдын алып қана қоймай, халықтың бірлігінің бекемдігін, патриоттық сезімдерінің жоғары екендігін көрсетуде.

Бағытжан ЖҰМАТ,
Қазақстанның құрметті журналисі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button