
Арманға апарар баспалдақ
Студенттік өмір – адамның ең ұмытылмас, ең қызықты кезеңдерінің бірі. Бұл уақытты әркім әрқалай өткізеді: бірі білімнің шыңына шығуға тырысса, енді бірі жаңа таныстықтар мен көңілді сәттерге басымдық береді. Мен үшін студенттік жылдар тек оқу ғана емес, биік армандар мен қызықты оқиғаларға толы ерекше кезең болды.
Мен университетке үлкен қызығушылықпен түстім. Таңдаған мамандығым жаныма жақын болғандықтан, сабақтарға ынтамен қатысып, білімімді тереңдетуге бар күшімді салдым. Университеттің алғашқы күндері ерекше әсер қалдырды: жаңа орта, жаңа достар, жаңа мүмкіндіктер. Әр дәрістен жаңа нәрсе үйреніп, теорияны тәжірибемен ұштастыруға тырыстым.
Студенттік өмір тек сабақпен шектелмейді. Университет қабырғасында әртүрлі мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылып, әр студент өзін жаңа қырынан таныта алады. Мен де өзімді шығармашылық тұрғыдан дамытуға тырыстым. Әсіресе биге деген қызығушылығым ерекше еді.
Студенттер күнінде үлкен сахнада достарыммен бірге билеу – өмірімдегі ең жарқын сәттердің бірі. Жаттығулар, дайындық, сахнаға шығар алдындағы толқу – осының бәрі қазір есіме түссе, жымиып отырамын. Ол кезде бәрі шынайы, ерекше, нағыз жастық шақтың көрінісі еді.
Студенттік жылдары тек білім мен шығармашылықпен шектелмей, өз бетімше ақша табуға да тырыстым. Қосымша жұмысқа тұрып, өзіме керек заттарды өз еңбегіммен сатып алуды үйрендім. Бұл маған үлкен өмірге алғашқы қадамымды жасауға көмектесті. Жұмыс барысында әртүрлі адамдармен танысып, қарым-қатынас жасауды үйрендім. Адамдармен араласу, түрлі жағдайлардан сабақ алу, өзіңді жаңа ортада сынау – мұның бәрі болашаққа үлкен тәжірибе болды.
Университет қабырғасында тапқан достарым – өмірімнің ең қымбат сыйларының бірі. Қыздармен бірге түнге дейін әңгіме-дүкен құрып, күлкіге қарық болған кездеріміз, сабақтан кейін бірге уақыт өткізу, армандарымызбен бөлісу – мұның бәрі менің студенттік өмірімді ерекше етті. Кейде “Егер студенттік өмірім қайта оралса, ештеңені өзгертпес едім” дер ойлаймын. Себебі бәрі өз уақытында, өз орнымен, шынайы өтті.
Қазір мен диплом алуға дайындалып жатырмын. Бұл – үлкен белес. Бір жағынан – қуаныш, себебі мен тағы бір мақсатқа қол жеткізгелі тұрмын. Екінші жағынан – қимастық сезімі де бар. Студенттік өмірдің соңғы жылы екенін түсінген сайын, әрбір сәттің қадірін тереңірек сезіне бастадым.
Егер сіз студент болсаңыз, өз жолыңыздағы қиындықтарға қарамаңыз, себебі дәл сол қиындықтар сізді жетістікке жетелейді. Ал күтпеген жерден келген махаббат өміріңізді мүлдем өзгертуі мүмкін.
Ақбота ЖАЛҒАУОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті “Журналистика” мамандығының IV студенті