Жарнама
Қоғам

АРМАНҒА ЖЕТЕЛЕГЕН АЛЬБИОН

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Шет мемлекетте білім алып, тәжірибе жинақтасам деген арман мектеп қабырғасында жүргенімде пайда болды. Әсіресе, ағылшын тілі мен география сабақтарында кәдімгідей қиялға берілетінмін. Өзім Атырау қаласындағы Абай атындағы №15 орта мектепті бітірдім. Ол кездегі мектеп бағдарламасы бойынша, ағылшын тіліндегі кітаптар негізінен британдық ағылшын тіліне бағытталған еді. Сол арманмен кейін Алматы қаласында орналасқан Абылай хан атындағы ұлтаралық қатынастар университетіне оқуға түстім. Сөйтіп, диплом алар сәт жақындағанда магистратураны шет елдік оқу орнында аяқтау қажет деген шешімге келдім. 

Атырау – Алматы –лондон

Осы жерде бала күнгі арманымның шын мәнінде іске асуына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіздіктің елең-алаңында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасының тікелей көмекке келгенін атап өткім келеді. Себебі, бұл бағдарлама – ұлт болашағына инвестиция салуымен құнды еді. Олай дейтініміз, осы бағдарламамен оқып келген көптеген жастар бүгінде шет елдерден алынған сапалы, маңызды деген идеяларды Отанымызда жүзеге асыруда. Сол арқылы елдің әлеуметтік, экономикалық, мәдени даму көрсеткіштерінің жоғарылауына белгілі бір деңгейде ықпал етуде. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алысты ойлайтын дана саясаткер екендігін атап өту парыз.

Ал, тақырыпқа қайта ойысар болсақ, мен үшін «Болашаққа» жол IELTS емтихандарын тапсыруға дайындалудан басталды. Талап бойынша, халықаралық тест кезінде әр үміткердің тілді меңгеру деңгейі тексеріледі. Әдетте болашақтықтардың көп бөлігінің таңдауы Ұлыбританияға түсіп жатады. Оған себеп Ұлыбритания университеттеріндегі оқу бағдарламасының тиімділігінде болса керек. Ал, менің бұл елді таңдауыма ағам қатты ықпал етті. Себебі, ол сол кездің өзінде-ақ Лондонға ғашық еді. Оның үстіне лондондық оқу орындарының бағдарламаларын қарай отырып, өзіме ыңғайлы көрінген тамаша бағдарламаны таптым. Осылайша, бакалавриатты тәмамдаған соң, 2011 жылдың жазында Лондон университетінен шақырту алып, «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырдым. Қуанышты хабар арада бір ай өткенде ғана келді. Жеңімпаздардың тізімінен өзімнің аты-жөнімді көрген кездегі қуанышты сәт әлі күнге жадымда жатталып тұр. 

Шет елде өмір сүрудің өзі – мектеп

Лондонға аяқ басқан алғашқы күні ғана өзге елде білім алу мүмкіндігінің бар маңызын ұғынғандай болдым. Шет елдегі қазақ жастары «өзге елде өмір сүрудің өзі – кез келген адам үшін үлкен сын болып табылады» дегенді жиі айтады. Бұл пікірмен мен де толық келісемін. Себебі, шет елде жасаған әр қадам сайын, мейлі ол университет, кітапхана, жолдан өтіп бара жатқан қарапайым ғана уақыт болсын, тіпті кезекте тұрып та сіз еңбекпен келген технологиялық төңкерістің адам өмірін қаншалықты жеңілдеткеніне куә боласыз. Куә болып тұрып, тәнті боласыз. Басты түйгенім, жауапкершіліктің барлығын оқу орнына артып қою артықтау. Себебі, сапалы білім алу, жауапкершілік жүгі деген мәселелер студенттің өзіне де байланысты.

Мәселен, Ұлыбританияның оқу орындарында, жалпы өзге де батыс елдерінің университеттерінде жұмысы «үштікке» бағаланған студент пен Қазақстанда осындай бағамен оқитын студенттердің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Айталық, батыс елдерінде «үш» деген бағаны әдетте күн ұзаққа кітапханада отырып, оқығандар, консультациялық сабақтарға барғандар, тақырып бойынша сарапшылармен кездескен студенттер алады. Ал, Қазақстанда дәл осы бағаны сабаққа мүлде келмегені өз алдына, курс бойынша тіптен материал оқымайтындар алуы мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, Ұлыбритания елінде студенттер семинар, лекцияға қатысу деңгейіне қарай емес, жазба жұмысты орындау сапасына қарай бағаланады. Ол елдің оқу жүйесі негізінен студенттің жеке жұмысын салмақтауға бағытталған. Тағы бір ерекшелігі, әр студентке жеке супервайзер бекітіледі. Оған кез келген уақытта өмірлік және оқуға қатысты мәселелермен баруға болады. Әр оқытушының студентті қабылдайтын арнайы графигі болады. Соның аясында «ашық есік» күндері өткізіледі. Ерекшелігі сол, сондай күндері студенттер өзіне сабақ бермейтін кез келген профессормен пікірлесуге мүмкіндік алады.

Оқытушыларға артылатын жүктеменің арасында да айырмашылық бар. Мәселен, Лондонда оқып жүрген жылдары біздің университетке қазақстандық жоғарғы оқу орындарының бірінен Phd дәрежесіне кандидат оқытушы келді. Университет өмірімен жете танысқан ол жүктеме мәселесін көтерген еді. Айталық, қазақстандық оқытушының жүктемесі 1400 сағат болса, британдық оқытушының жүктемесі 140 сағат екен. Міне, осы бір ғана шағын мысалдан уақыт ресурсын бөлудегі айырмашылықты, әрі зор тиімділікті байқауға болады. Жүктемедегі айырмашылық – оқытушының зерттеу жобаларына қатысуына, түрлі дала зерттеулерін жүргізуіне, түрлі қаржыландыру көздерін табумен айналысуына мүмкіндік береді. 

Өзің жасамасаң, сен үшін оны ешкім жасамайды

«Егер сен өзің жасамасаң, сен үшін оны ешкім жасамайды». Лондон университеті біздің бойымызға осындай принципті қалыптастырды. Тіпті, магистрлық диссертацияны жазар кездің өзінде ғылыми жетекшілеріміз бізге олардың жұмыстағы үлесі тек 5 пайызды ғана құрайтынын айтумен болды. Ал, жұмыс сапасының 95 пайызы түгелімен студенттердің өзіне байланысты.

Әрине, бұл жағынан келгенде студенттерге барлық жағдай жасалған. Әдебиетке бай кітапханалардың есігі таң азанынан қас қарайғанға дейін ашық тұрады. Сессия кезінде кітапханалар тәулік бойына үзіліссіз жұмыс істеуге дайын. Ал, егер сіздің оқу орныңызда қажетті кітап табылмай жатса, кітапханаңыз ол кітапты портал арқылы өзге білім шаңырағынан уақытша қолданыс үшін алып бере алады. Яғни, бұдан «Ұлыбританияда университеттер мен кітапханалар арасындағы байланыс жақсы жолға қойылған» деген қорытынды шығаруға болады. Міне, Қазақстан үшін ең қажетті инфрақұрылым дегеніңіз осы. Өйткені, отандық оқу орындарының кітапхана қоры көп жағдайда тым жұтаң және бір сәтте қаумалаған адамдардың бәріне бірдей қызмет көрсетуге дайын емес.

Осы кезге дейін жинақталған тәжірибелерімді сараптай отырып, баршаңызды әлемдегі ең басты құндылық болып саналатын адами ресурсты бағалай білуге шақырамын. Мысал үшін айта кетсек, Лондон автобустарында кетіп бара жатып, дүниежүзілік жылыну, белгілі бір елдегі мәдени шаралар, немесе Африкаға сапар туралы әңгімелерге әбден қанығуға болады. Ал, бізде ше? Бізде де қоғамдық көліктер және оған тұрақты мінетін жолаушылар бар. Тек, олардың әңгімесі негізінен нанның, немесе өзге де азық-түлік түрлерінің қымбаттауына, одан қалды коммуналдық қызмет төлемдерінің бағасы тақырыбына арналып жатады. Яғни біз әлі күнге күйбең тірліктің, қазан-ошақ әңгімесінің айналасынан шыға алмай келеміз. Міне, өмір сүру деңгейінің жоғарылығы адамдардың ойлау санасына қаншалықты оң ықпал ететіндігі осы жерде көрінеді.

Бірде Ұлыбритания Парламенті мүшелерімен кездесу мүмкіндігіне ие болғаным бар. Сол кезде депутаттың барлық адамдар қолданып жатқан киім ілгішті пайдаланып, барлығы шығып жатқан ортақ есіктен әрі қарай өткенін көріп таңдандым. Ал, бізде шенеуніктеріміз киім ілгіш тұрмақ, кейде тіпті театрдың өзінде халықпен бірге ортақ есіктен кірмейді, бірге болуға дайын болмай жатады. Сондықтан, Батыс елдерінің қарапайымдылық деп аталатын қасиетінен көбірек үйрену керек деп ойлаймын. Өйткені, адам қарапайым бола түскен сайын қоғамға соғұрлым пайда әкеле түседі екен.

 

Р.S. Әрине, Батыс елдері жеткен өркениет әлеміне Қазақстан да жол сала бастады. Тиісті деңгейге жету үшін еңбектенуге, көбірек тер төгуге тура келеді. Дамыған отыз ел қатарына жету – Елбасы алдымызға қойған басты міндет. Сондықтан, замандастарыма, әсіресе, жас буынға шет елде білім алудың барлық мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға кеңес беремін. Тіпті, шет елде болған қысқа мерзімді сапардың өзі көп нәрсеге деген көзқарастың өзгеруіне ықпал етеді. Бірден тауды қопарып тастау мүмкін емес. Десек те, не нәрсені де кішкене дүниеден, яғни әр адам өзінен, қоршаған ортасынан бастаса екен. Пайдалы ақпараттарды бір-бірімізбен көбірек бөліссек, кез келген кішкене қадамның өзі жеке тұлға, отбасы, ел азаматы ретінде қуаттырақ бола түсуімізге ықпал етер еді.

Динара НҰРЫШЕВА,

«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты,

«Синопсис» Қытай және Орталық Азияны

зерттеу орталығының зерттеушісі,

Астана қаласы.

(Арнайы «Атырау» газеті үшін).

«Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары нақты талаптар негізінде таңдалады. Соның ішіндегі ең маңыздысы – қазақ және ағылшын тілдерін жетік меңгеру деңгейі. Сонымен бірге үміткерлер психологиялық, логикалық тестілеуден өтеді. Осы талаптардан сүрінбегендер қабылдау комиссиясында отырған сан саладағы көп жылдық тәжірибесі бар мамандармен пікірлеседі. Айта кету керек, қабылдау комиссиясының құрамы үздіксіз өзгеріп отырады;

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button