Жарнама
Қоғам

Арқасүйері жоқ ана қатты қиындықты бастан кешіп отыр

 Соңғы жылдары біздің облысымызда қатты нөсерден үйлері жарамсыздыққа ұшырап, зардап шегіп жүрген отбасылар аз емес. Сондай жанның бірі – Сәлима Барақова. Ол Атырау қаласындағы Сағыз көшесінде тұрады. Саулығы кем – қаназдық, қан қысымы, полиартрит — буын ауруларына шалдыққан. Осы дерттердің салдарынан ол екінші топ мүгедегі, жүріп-тұруы қиын, есту қабілеті де төмен.

  Индер ауданында туып-өскен Сәлима бала күнінен ауырады екен. Қазір 56 жаста. Тағдыр айдап, Атырау қаласында тұратын Дәулетқали Бисенбаевпен бас қосқан. Өзі дімкәс болса да, ана атанып, сәби сүйеді. «Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, осыдан он бес жыл бұрын, 2001 жылы күйеуі көз жұмады. Жанындағы жалғыз қарасыны – Гүлнармен әупірімдеп тірлік кешіп келеді. Жылдар жылжып, қызы бойжетеді. Тұрмысқа шығады, ұлды болады. Дәм-тұздары жараспаған екі жас ақыры екі жаққа кетіп тынады. Қазір қызы мен жиені де өзімен бірге осы үйде тұрады. Тұрмысы ауыр Сәлима мүгедектігіне байланысты 34 мың теңгедей жәрдемақы алады. Қызы жұмыссыз. Төрт жасар жиеніне де күтім керек. Айналадағы көрші-көлем оны-мұны тағаммен қарасып, пітір-садақаларын беріп тұрады. Ара-тұра ауылда тұратын сіңлілері мен жеңгелері келіп, қолдан келер көмектерін көрсетіп кетеді.

 Біздің редакцияға аяқтай келіп, Сәлиманың қиын тұрмысы жайында егжей-тегжейлі баяндап жүрген Индер ауданының Есбол ауылында тұратын жеңгесі Майда Азжанова болатын. Өзі де көп балалы Майда қыстыгүні қайын сіңлісін үйлеріне алып, бағып-күткендерін айтады.

— Күні кешегі нөсер жауында үйдің іші суға толып кетті. Төсеніштің бәрі қалқып жүрді. Бес-алты машина су сорғыздық. Одан көпке ақшамыз болмады. Әкімдіктерге телефон соғып та, аяқтай барып та айттық: «Сіздердей суға кетіп жатқан тұрғын көп, күтіңіз!» — деді. Ауланың іші толған қоқыс. Оны тазартуға мүгедек әйел мен қыз баланың күші жетер ме? — дейді шарасыз Майда. Тұрғызылғанына жетпіс жылдан асқан ескі үйдің енді құлауы қалған сияқты.

  Өзіміз аяқтай барып, куә болғандай, шынымен де, үйдің күйі кеткен. Оны жамағаннан гөрі құлатып тастап, жаңа үй тұрғызған дұрысырақ. Бірақ, тағы да жесір әйел мен өздеріне қамқорлық қажет бала-шағаның қолынан не келер? Көңілге медеу болары – қайырымы мол Майда жеңешесі осыдан он жыл бұрын тиісті құжаттарды жинап, қалалық әкімдіктің тұрғын үй бөліміне Сәлиманың баспанаға мұқтаж жан ретінде кезекке тұруына жәрдемдескен. Аталған бөлімнің мүмкіндігі шектеулі жандар кезегінде Сәлима 291-ші болып тұрған көрінеді. Бізбен қоштасарда: «Өзіңіз де көріп тұрсыз: еденнің асты кілкіген су, содан үй іші дымқыл. Сылағы мен майлығы түсіп, көгіс тартқан жерден ауруымызға ауру жамауымыз ғана қалды. Қашанғы осылай отырамыз, білмеймін. Бізге келіп, осы қиын тұрмысымызға қолұшын беріп жатқан да адам аз…» — дейді ол қос жанары жасаурап.

  Рас, Атырауда қатты нөсерден талай ескі үй суға кетіп, талай үйдің төсек-орындары суда қалқыды. Үй иелері жақын-жуықтары мен көрші-көлемдерін паналады. Бірақ, Сәлиманың жағдайы жұртқа қарағанда бөлектеу, әрі ауырлау. Себебі, өзі дімкәс, әрі жесір, арқасүйер азаматы жоқ. Оның үстіне ол жақында инсульт алды, уақыт өткен сайын оның буын ауруы күшеюде. Өткенде ауылында інісі мен ағасы өмірден өткенде, өздігінен жүре алмайтын болғандықтан, оны көтеріп апарған. «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деген де біздің аталарымыз. Қалай болғанда да, мүмкіндік тауып, Сәлимадай мүгедек жанға қарасуымыз қажет-ау…

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button