«СЫЙЛАСАҢЫЗ КӘРІҢДІ…»

Мен жарты ғасырға жуық өмірімді жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған адаммын. Оларға математика пәнінен дәріс бере жүріп, қандай жағдай болса да, нағыз адами қасиеттерін сақтап қалуды дарытуға барынша тырысқан едім. Шүкір, мен оқытқан ұл-қыздың ішінде еліне елеулі, халқына қалаулылар аз емес. Мен осыған сүйсінемін, қуанамын.

 

«Ісім жоқ бұрынғыдай үйрететін,
Күшім жоқ қарсыласты күйрететін.
Сексеннің сеңгіріне қадам бастым,
Еріксіз селкілдетіп билететін…» демекші, мен де осы жасқа жетіп, өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп отырамын. Рас, біздің балалық шағымыз қиын-қыстау кезде өтті. Бала болып алаңсыз ойнаудың орнына үлкендермен бірдей жұмыс жасап: «Сұм соғыс қашан аяқталады? Біз қашан жеңіске жетеміз?» деп тілеумен жүрдік. Бойымыз өсіп, бұғанамыз қатпаса да, бала үшін ең ауыр жұмыстарды атқардық. Талай рет қамыстың тұқылына табанымызды жарақаттап, өгіз арбамен шөп тасыдық. Аш-жалаңаш жүрсек те білім алуға, бір нәрсені үйренуге деген құлшынысымыз мол болды. Ол кезде біз «көп ақша тапсақ, байысақ, атақ-дәрежеміз зор болса» деп тіпті де ойламаушы едік. Санамызда әке-шешеміз айтқан «Адал еңбек ету, адал табыс табу, біреудің ала жібін аттамау» деген сөздер ғана жаңғырып тұратын. Сол тілегімізге елімізге, халқымызға, өзімізге деп адал еңбек еттік. Тәжірибелі педагог болғасын талай мәрте республикалық, одақтық марапаттарға ие болдық. Шынымды айтсам, өткен өміріме өкпем жоқ. Кейде тек…
Иә, кейде, оңашада қалғанда: «Үлкейдік, демалысқа шықтық. Бұйырған жасты жасап жатырмыз. Бізді де ойлайтын, ара-тұра еске алатын басшылардың болмағаны ма? Тым құрыса телефон шалып, жылына бір келетін ұстаздар мерекесімен құттықтап қойса қайтеді?..» деп қалың ойға шомамын. Не дегенде де, қай саладан зейнетке шыққан ардагердің болмасын, байланыс телефондары мен мекен-жайлары ол қарасты мекемеде сақталуы керек қой. Осындай назымды айта отырып, мен бүгінгі басшылардың өздерінен үлкендерге неғұрлым сергек қарауларын сұрар едім. Өйткені, үлкенге жасаған жақсылық ешқашан текке кетпейді, «Сыйласаңыз кәріңді – жарылқаймын бәріңді» дегендей, түбінде өздерінің алдынан шығады…

Сәбила ЖҰМАЕВА,
дербес зейнеткер.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз