Жарнама
Қоғам

АРДАҚТЫ АНАЛАРҒА – АЙРЫҚША ҚҰРМЕТ

Қазір бәрі өзгерді. Адам да өзгерді, заман да өзгерді. Бұрын алыс сапарға, болмаса оқуға кеткен жастар үйіне, достарына хат жазатын. Сол хатты апталап, айлап күтетін. Ал, бүгінде бәрін алақандай ғана ұялы телефон, интернет-сайттар арқылы шешеді. Керек десеңіз, сонымен үйленіп, түтін түтетіп, бала тәрбиелеп жатқандар қаншама?! Сондай жастың бірі – Оралхан мен Айдана. Бірі Индерден болса, екіншісі – Жылыойдан. Қалтадағы телефонмен агент арқылы танысып, бір-бірін ұнатып қосылды. Қазір орталарында Берік пен Айзада атты қос бүлдіршіні бар. Қызметтері Атырау қаласында болғандықтан осында тұрып жатыр. Бір қиыны — бастарында баспаналары жоқ, пәтер жалдап жүр. «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, әлі отызға да тола қоймаған жас ата-ана үшінші балалы болуға тереңнен ойланады. Міне, нақ осы мәселе біздің жастардың бағын байлап, көп балалы болуға шынымен кедергі болуда.
Адам отбасын неге құрады? Әрине, өсіп-өну үшін, қартайғанда артында саналы ұрпақ қалдыру үшін. Олар Жаратқан иемізден «Бізге дені сау, ақылды бала беріңіз!» деп тілейді. Бұл — заңдылық. Шын тілекті Алла да қабыл етеді. Бірақ, кейде жас жұбайлар той өткеннен кейін де қыз бен жігіт болып жүргендегі сауықшыл күндерін ұмыта қоймайды. Әлі де қыдырып, ата-ана болуға асықпайды. Өзімсініп: «Әй, қашан бөпелі боласыңдар?» — деп сұрағандарға: «Бізге әлі ерте!», болмаса «Бала туралы бас қатырып жүргеніміз жоқ. Екеумізге осылай да жақсы!» — деп жауап береді. Көбіне жағдайы бар, тұрмысы жақсы отбасылар осылай істейді. Сонда қыдырудың, не екеуден-екеу жүре берудің қандай мәнісі бар, солай емес пе?
Өзіміз бұрыннан білетін екі көрші болды. Екеуінің пәтерлері қатар тұратын. Біреуі – мүлде тұрмысқа шықпаған әйел адам да, екіншісі – бір баласымен жесір қалған әйел. Күндердің күнінде екеуі де қартаяды. Сонда баласы жоғына көрші әйелдің немерелері келіп қарасады. Көршінің балаларынан осынша қайырымдылық көрген әлгі әйел өмірінің ақырына дейін: «Неге ғана күйеуге шықпадым, неге ғана балалы болмадым?!» — деп өкінумен, өксумен өтеді.
Қазір қай елде де жалғыз жүруге бойы әбден үйреніп кеткен бойдақтар мен тұрмысқа шықпаған бойжеткендер жетерлік. Біреулері мұны «жанымның тынышы» деп есептесе, екіншілері «жақсы жар жоқ!» деп, үзілді-кесілді «шешім» шығарады. Сонда олар өмірдің қызығы да, қуанышы да, түптеп келгенде, бақыты да балада екенін білмей өтеді, білсе де тым кеш болады.
Аялдама. Бір топ жан қажетті маршруткасын күтіп тұр. Кенет анадай жерде таныс екі әйел кездесіп қалды да, аялдамаға қарай жүрді. Екеуі бір-бірін көптен көрмеген сияқты. Содан біреуі жақында қызын ұзатқанын айтты. Мұны естіген екіншісі: «О, енді әже боласың ғой!» — деп қуанды. Сонда болашақ әже: «Қызыма тек бір бала ту дедім. Көп баланың қажеті жоқ. Ертең өзіне қиын болады!» — деді. Олар бұдан басқа да әңгімелер айтып жатты. Бірақ, біздің көкейімізде қазіргі аналардың қыздарына беретін осындай — «бір ғана бала ту!» деген ақылы жатталып қалды. Пендешілікпен айтылған бұл сөздің қаншалықты күші бар, айтыңыздаршы? Қанша балалы болу пенденің өз қолында ма екен? Мүмкін әлгі әйелдің ниетіне ренжіген Жаратқан оның қызына тіпті бала бермес, кім біледі. Баланы салмақ, қолбайлау деп түсінген көптеген жас шаңырақ иелері әлгіндей аналарының айтқанын жасап, бірлі-жарым ғана сәбимен шектелуде.
Қазіргі таңда біздің облысымызда он бір мыңнан астам «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иелері бар. Төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасы тоғыз мыңнан асып жығылады. Осылайша біздің облыс бала туу көрсеткіші жағынан республикада төртінші орында тұр. Бұл, әрине, салыстырмалы түрде жаман көрсеткіш емес.
Алыс-жақын шетелдерде ана мен бала, олардың болашағы айтарлықтай қорғалған. Тіпті оларға қатысты мәселелермен арнайы құрылған органдар айналысады. Біздің елде де депутат Дариға Назарбаева әңгімелеп жүргендей «Отбасы комитеті» құрылса, талай шаңырақтың бағы ашылар еді. Қалай болғанда да көп балалы аналарға жасалатын қамқорлық, жеңілдіктер жағы үкімет басындағыларды ойландырса екен.
Не дегенде де, біздің қазақ үшін баланың көбі жақсы. Өз баласын үйлі-баранды еткен ата-ана енді немере-жиен қызығын көргенше, соған жеткенше асығады. «Баласы көптің арманы таусылмайды» деген осы да, шіркін.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button