АРДАГЕРЛЕРДІҢ АЙТАРЫ КӨП
Айта кету керек, 1979 жылы желтоқсанда Ауғанстан жеріне Кеңес әскерлерін енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл соғысқа өзге одақтастармен бірге 23 мың қазақстандық қатысты. Соғысқа аттанған өрімдей жастардың алдында үлкен мақсат тұрды. Ол – Ауғанстан жеріндегі дұшпандар басқыншылығына тойтарыс беріп, бейкүнә халықтың тыныштығын қорғау және өзінің Отан алдындағы интернационалдық борышын қалтқысыз өтеу болатын. Осындай аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқаста батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен аймақта бүгінде 536 қаһарман жерлесіміз қалды.
Жиын барысында олардың арасында бүгінге дейін атқарылған жұмыстармен қатар, алдағы іске асатын жұмыстар туралы сөз болды. Белгілі болғандай, бүгінде Ауған соғысына қатыcқан ардагерлердің статусын Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестіру шаралары қаралуда. Егер ұсыныс шешімін тапса, ардагерлер тұрғын үймен қамтылып, республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақының да құны артады. Бұл жөнінде мәлімдеген ардагерлердің жаңадан сайланған ұйым басшысы Ғабиден Қайыржанов бүгінде бұдан басқа шешімін табуды қажет ететін бірқатар мәселелер барын айтады.
«Өңірдегі ауған соғысы ардагерлері ішінде төрт-бесеуі ғана жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Индер ауданында ардагерлерге берілген екі-үш гектар жер телімі бар. Бүгінде бұл жер игерілмей бос тұр. Мұны ауыл шаруашылығын өркендетуде кәдеге жарату ойда бар. Осындай шаруаларды іске асыруда мемлекет тарапынан жеңілдетілген пайызбен несие беруге қолдау болса дейміз. Бұл мәселе де заң шығару органдарына ұсынылды» дейді Ғ.Қайыржанов.
Жиын барысында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын жандандыру қажеттігі де баса айтылды.
«Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Атырау қаласында Жеңіс саябағында Ауған соғысы ардагерлеріне арнап ескерткіш ашылуы үлкен жаңалық болды. Ендігі уақытта осы ескерткіштің ашылуының бір жылдығына орай аймақтағы ардагерлерге арналған кітап шығару қолға алынды. Бұл ретте барлық ардагерлер туралы мәліметті аталған ұйымға тапсыру қажет» дейді ұйым төрғасы.
Сондай-ақ, Жылыой ауданында келер жылы ардагерлерге арналған ескерткіш ашу жұмыстары да жүріп жатыр.
Ауған соғысы ардагерлері жоғары оқу орнында оқитын студенттерге әскери дайындықтан өтуде белгілі бір жеңілдіктер жасалуы қажеттігін алға тартады. Бұл ретте бүгінде мұндай жеңілдіктің жоқтығын айтқан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Руслан Ниетәлиев Қазақстандағы әскери оқу орындарында тегін оқуға болатынын қаперледі. Сондай-ақ, Атырау және Ақтау қалаларының барлау полктеріне келісім-шартпен қызметке қабылдау жүріп жатқаны да хабарланды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.