ЕРКІН ЕЛДІҢ ЕРЕК ЗАҢЫ

«Конституция – еліміздің егемендігінің аса маңызды айшығы, мемлекеттігіміздің тұғыры. Ол қоғамдағы демократиялық ұстанымдардың, ұлттық рухани құндылықтардың нығаюының, әр адамның және отбасының әлеуметтік жағдайының жақсаруының негізін салды» деп атап өтті атаулы датаға орай болып өткен «дөңгелек үстел» басындағы әңгіме барысында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейбіт Мамраев.

Басқосу барысында «Құқықтық мемлекеттің басты қағидасы – адам мен азаматтың құқықтары мен міндеттері» тақырыбында баяндама жасаған облыстық ішкі істер департаменті оқу орталығының бастығы, полиция подполковнигі, заң ғылымдарының кандидаты Алтай Байсұлтанов басты құжаттың халықтың еркін білдіретіндігін айтты. «Конституция халықтың мемлекеттік билеу тәсілін белгілейді. Бастысы, бостандық идеясының бастауы болып отырған Конституцияның рөлі ерекше» деп атап өтті ол. «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы» тақырыбында баяндама жасаған университет оқытушысы Әсел Мұхамедина Конституцияның әлеуметтік, саяси, экономикалық маңызды негіздерден тұратындығына тоқталды. «Саяси саладағы басты мақсат – жас мемлекетті қуатты Президенттік республика етіп қалыптастыру. Біздің мемлекетімізде барлық азаматтардың теңдігі нақты көрсетілген» деген ол одан әрі Ата Заңда көрсетілген басқару органдарының рөліне тоқталды.
Одан әрі шара ашық алаңдағы өзара диалог форматында жалғасты. Арнайы шақырылған мейман Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық сотының судьясы, құқық магистрі Айтжан Досмұхамбетова бүгінде қоғамдық сананың өскендігін, азаматтардың сотқа «менің конституциялық құқығым бұзылды» деп шағымданатындығын атап өтті.
– Бастысы, халықтың көзқарасы, санасы өсті. Конституцияның басқа заңдарға қарағанда жалпақ тілмен жазылуының өзі бұқараға Бас құжаттың жақындығын көрсетеді, – деді ол. Университет доценті Шахман Нағымов «Білім ордаларында намаз оқу Конституцияда жазылмаған. Мектеп, университет қабырғасында түрлі діни киімдермен жүру Бас құжатқа қайшы» деген ойын айтты.
Шараға шақырылған өзге де меймандар өз пікірлерін білдіріп, Конституцияның тіршілік тынысы екендігін, мемлекет дамуы Бас құжатпен тікелей байланысты екендігін атап өтті.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз