ӘР ҰЛТТЫҢ САЛТЫ БАСҚА…
Үзім нан ұсынған орыс құда
Орыс халқының салт-дәстүрлері ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа берік сақталуымен ерекшеленеді. Оның ішінде күнтізбелік әдет-ғұрыптар XX ғасырдың басына дейін сақталып қалған. Орыс ұлты бірінші кезекке қасиетті рождестволық, жаңа жылдық мейрамдарды қояды. Атаулы мерекелерді, әзіл-сықақты, көңілді ғұрыптармен өткізетін болған. Мәселен, орыстардың үйлену тойытұрмыстық мәдениеті неғұрлым берік қалыптасқан дәстүрге жатады. Той алдындағы салттар жүйесі орыстарда құда түсуден басталады. Келген құдалар қалыңдықтың ата-анасына кесілген нан тағамын ұсынады, нанды қалыңдықтың ата-анасы қайтарып берсе, ол қалыңдықты беруден бас тартамыз дегенді білдіреді екен.
Ал, «святки» салты – жылдың аяғы мен басына қарай, яғни жұмыстан бос уақытта өткізілетін жастардың ойын-сауығы. «Святкиді» жастардың дәстүрлі сайқымазағынсыз көзге елестету мүмкін емес. Отшашу, терезелерді қараңғылап тастау, ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтарын бір үйден екінші үйге апарып, араластырып жіберу сынды әдеттер ХХ ғасырдың 40-шы жылдарына дейін болған.
Орыс халқы үшін маңызды болып саналатын «масленица»мерекесінде әйел адамдар көп етіп сүт және қаймақты, жұмыртқаларды, ірімшікті жинап, құймақ пісіреді. «Жырту күні» мейрамы жер аяғы кеңіп, егіске шығу салттарымен атап өтілген. Жазғы күн теңесудің мерекесі ретінде аталатын «Иван Купала түні» алаулар жағып, адамдар өзендерге, бұлақтарға шомылған. От тазалықтың нысаны саналып, жастар алаулардың үстінен секіріп, өздерін «тазалайтын» болған. «Отқа ауру адамдардың киімдерін жағу арқылы науқастан құтылуға болады» деп есептеген. Көктемгі мерекелік кезең ең үлкен православ мерекесі Пасхамен аяқталса, Троицамерекесі Құдай әке, Құдай ұл және Қасиетті Рухтың құрметіне арналады.
Ұйғырлар – ғұрыпқа бай
Ал, ұйғыр ұлты – баланың өмірге келу, үйлену, жерлеу рәсімдеріне байланысты дәстүрлі әдет-ғұрыптарға бай. Бұл дәстүрлер ұйғырлардың үйлену тойында анағұрлым айқын көрініс табады. Ұйғырларда қалыңдық үшін өтем – қалың мал берілмейді, күйеу жігіт тек үйлену тойы салтанатын өткізу бойынша барлық шығынды көтереді. Үйлену тойы әуенмен, билермен және дәстүрлі халық әндерімен қатар жүргізіледі. Кешке күйеу жігіт үйінің маңында қалыңдықты үйге кіргізбес бұрын жанып жатқан отты үш рет айналдырады.
Ұйғырларда адамның өмірге келуіне байланысты салттары да өзгеше. Қазіргі күнге дейін ұйғырлар баланың тууына, оны тәрбиелеуге байланысты барлық салттарды орындап келеді. Баланың өмірге келуі, ат қою, нәрестені салтанатты түрде бесікке салу – «бошук-той» деп аталса, баланы қырқынан шығаруды – «кирик суйи», дәстүрлі сүндеттеуді – «суннэт той» дейді. Ұйғыр ұлтының салты бойынша әйел бірінші баласын өз ата-анасының үйінде өмірге әкеледі. Ұйғыр отбасында ежелден өз ұрпағын Отанын, анасын, еңбекті сүюге тәрбиелеуге ерекше мән берілген.
«Не ексең, соны орасың» деген мақал да ұйғырлардан қалған екен. Бұл мақалды ХІ ғасырда өмір сүрген М.Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» түркі сөздігінен кездестіреміз.
Кәрістер тәртіпті сүйеді
Корей үйінде жанұя отағасының беделі өте зор. Ол отбасы мүшелеріне қатаң тәртіп беріп отырған, ал қалғандары еш сөзге келместен отағасының айтқанын орындайтын болған. Үлкендерге бағыну тәртіп пен адамшылық нормасы болып есептеліп, корей отбасының басты құндылығы саналады.
Қазақстандық кәріс ұлтының өкілдері тарихи Отанынан жырақта, алыста өмір сүрсе де, олардың өмірлерінде үлкен орын алатын «төрт үстел» атына ие салтанатты дәстүрлер жүйесін қатаң орындап отырады. «Төрт үстел» мейрамдары шын мәнісіндегі отбасылық мерекелер «бірінші» және «екінші» үстелдер – ата-аналардың балалардың алдындағы қасиетті борышы, «үшінші» және «төртінші» үстелдер разы болған балалардың ата-аналар алдындағы қасиетті борышы болып табылады.
Балаларды жас кезінен тазалыққа және еңбексүйгіштікке тәрбиелеу – корей отбасының басты міндеттері. Корей отбасында балалар өте тату, үлкен және кіші балалардың арасында кикілжің еш уақытта болмайды. Корейлер жалқаулық пен салдыр-салақтықты кешірмейді.
Кәрістер дәстүріндегі тағы бір ерекшелік – отбасылық салтанаттар болып саналатын «үстелдерге» шақырусыз қонақтардың да келе беретіні. Бұл жағынан алғанда құдайы қонағына зор құрметін көрсететін қазақ халқымен ұқсастық бар.
Шахман НАҒИМОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университетінің доценті.