Атырауда карантин талабы жеңілдеді

akgonege Жаңалықтар

Аtr.kz/9 мамыр, 2020 жыл. Карантин талаптары жеңілдетіліп, 4 мамырдан бастап бірқатар кәсіпорынның жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Олардың жұмыс кестесі қалай реттелуде? Тұтынушылармен жұмыс тәртібінде қандай өзгерістер енгізілді?

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Темірбек Мұсағалиевтің айтуынша, дүйсенбіден бастап жалпы ауданы 500 шаршы метрге дейін азық-түлік емес дүкендер, алдын ала жазылу бойынша шаштараздар, медициналық орталықтар, стоматологиялық клиникалар, жарнамалық агенттіктер және алдын ала өтінім негізінде адвокаттық қызмет көрсететін компаниялар, өзге де маңызды нысандар жұмысқа кірісті. Олардың жұмыс уақыты сағат 09.00-ден бастап 17.00-ге дейін жүргізілуі қажет. Сондай-ақ, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуы қажеттігін баса айтты.

– Қызметке қайта кіріскен жұмыс орындары қызметкерлері арасында жеке тазалық ережелерін қатаң сақтау туралы нұсқама жүргізіп, олардың мүлтіксіз орындалуын қадағалау қажет. Медициналық бетперде тағып, оны уақытылы ауыстыру керек. Әрбір нысанда дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп, жуу және антисептикалық құралдары толық болуы тиісті. Консультант пен тұтынушы арасында екі метрден кем емес қашықтықтың сақталуын қадағалау маңызды. Төлемдер қолма-қол ақшасыз жүргізілуі тиіс, – деді Темірбек Сарымұлы.

Ал, кәсібіне рұқсат берілген нысандарда санитарлық талаптар дұрыс сақталмаса, қандай шаралар қолданылады? Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық д а м у б а с қ а р м а с ы н ы ң басшысы Айқын Елеусізовтің баяндауынша, аталған қызмет
к ө р с е т у о р ы н д а р ы н ы ң ашылуына рұқсат берілгенімен, тұрғындар өздерінің тұрғылықты аумағындағы нысандарға ғана жаяу бара алады. Бұл – қазіргі уақыттағы карантиннің ең басты талабы. Осы тәртіпті қатаң сақтау – әркімнің міндеті. Сауда орталықтарындағы дүкендердің бұл күннен бастап ашылмағанын да ескеру керек.

– Егер тұтынушы кәсіп нысанында санитарлық талаптың сақталмағанын байқаса, міндетті түрде жергілікті жердегі Өңірлік штабқа хабарласуы қажет. Негізінен бұл нысандардағы тазалық жұмыстарын әртүрлі мекеме өкілдерінен құралған Өңірлік штабтың мобильді топтары қадағалайды. Тексеріс барысында санитарлық талаптардың сақталмағанын, қандай да бір олқылық анықталса, сол кәсіп иесінің жұмысы тоқтатылады. Өйткені, олардың қызметіне санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтаған жағдайда ғана рұқсат берілді. Бұл ретте тазалық бар жерде ауру болмайтынын ескеру маңызды, – деп атап өтті сұхбаттасушымыз.

Аймақта төтенше жағдай кезінде жұмысы екі айға жуық уақыт тоқтаған кәсіпкерлік нысандары аз емес. Қазір олар жұмысты қайта жандандыруға кірісіп жатыр. Бүгінгі тынысымен танысу мақсатында бірқатар кәсіп иелерімен тілдестік.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Салтанат ҚАМБАРОВА, жеке кәсіпкер:

– Мен Атырау қаласы Нұрсая мөлтекауданында орналасқан «Best room Atyrau» әйелдерге арналған киім, аяқ киім және косметика дүкенінің иесімін. Бұл сауда орнын ашқаныма алты ай уақыт өтті. Тауарларды Түркия, Қытай елдерінен барып әкелуші едік немесе интернет желісі арқылы тапсырыс беріп алдыратынбыз. Төтенше жағдайдан бұрын дүкеннің саудасы қызу жүрді. Күніне бірнеше клиентке қызмет көрсетіп, ең аз дегенде 100 мың, ең көп дегенде 400 мың теңгеге дейін сауда жасалды.

Ал, карантин басталғаннан бері тауарды инстаграмм әлеуметтік желісі арқылы ғана жарнамалап, клиенттерге «үйге дейін жеткізіп беру» әдісін қолдандым. Бұл кезеңдерде табыс бірнеше есеге төмендеп кеткені рас. Күніне жетісегіз клиентке тауар апарып, бір күнде 50 мың теңгеге сауда жасадым. Дүкен нысаны жалға алынғандықтан, оның ақысын төлеу карантин кезінде қиындық тудыруда.

Ендігі уақытта тіршілігіміз қайта жанданып жатқанына қуаныштымыз. Дүкенде сатушы екеуміз қызмет етеміз. Жалпы, әйелдер қауымы жаңа киім, опа-далап сатып алғанды ұнатады емес пе? Біз де клиенттерімізбен қайта қауышқанымызға ризамыз. Ал, нысандағы тазалықты өзім қадағалаймын. Дүкен ішіне үшеуден артық адам кірмеу талабын басшылыққа алып отырмын.

Қатима ӨТКЕЛБАЕВА, шаштараз:

– Қауіпті індет адамды әуре-сарсаңға салып отыр. Төтенше жағдай басталған сәттен-ақ шаштараздағы барлық қызметті тоқтатуға мәжбүр болдық. Кейбір адамдар үйіне шақыртып, шаштарын қидыртып, боятуға ұсыныс жасаса да, санитарлық талаптарды қатаң сақтауға ұмтылдым. Жұбайым – зейнеткер, ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Карантин уақытында оның зейнетақысы мен жәрдемақысына қарап отырудан өзге амалымыз қалмады.

Дегенмен, мемлекет осындай сындарлы сәтте тұрғындарға қарайласып, барынша жағдай жасады. Соның нәтижесінде қиындық азайды. Қызмет көрсетуімізді өтінген клиенттеріме жағдайды түсіндіріп айттым. Өйткені, бәріміз үшін денсаулықты сақтап, бір-бірімізбен байланыс орнатпау маңызды еді. Ендігі уақытта карантин талаптары жеңілдетіліп, шаштараздың жұмыс жасауына жол берілуде. Клиенттерге қызмет көрсету санитарлық талапқа сәйкес, алдын ала жазылу бойынша белгіленген уақыт аралығында жүргізілуде. Бұрынғыша ұзын-сонар кезекке тұруға жол берілмейді. Әлі де карантин режимін қатаң сақтау маңызды.

Енді бір айтарым, арамызда тырнақ пен бетті әсемдеп, соның ғана ақысына отбасын асырап отырғандар бар. Бүгінгі күнде табысынан айырылу оларға оңайға соқпады. Бәрі де елімізде жүзеге асқан тегеуірінді шараларды терең ұғады. Айтпағым, көп кешікпей жағдай тұрақталып, осы мамандар да өз қызметіне оралса екен.

http://atr.kz/bez-rubriki/chehoslovakiяda-qalgan-bozdaq/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз