
«Ақжайық» — ортақ байлығымыз
Бүгінде еліміздегі аса маңызды экоаймақтардың бірі – «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында болған өрт бәрімізді алаңдатты. Қазір бұл жағдай облыс басшылығының, төтенше жағдайлар қызметінің және тиісті мемлекеттік органдардың жіті бақылауында.

Өрттің жалпы көлемі – 1 510 гектар. Бұл — қорықтың жалпы аумағының небәрі 1 пайызы ғана. Қазір жан-жақты жұмылған іс-әрекеттің нәтижесінде өрттің ашық жалын ошақтары толығымен сөндірілді. Дегенмен, кейбір аумақтарда қамыс әлі бықсып жатыр.
Оны толық ауыздықтау үшін қазір Атырау облысынан бөлек, көршілес Маңғыстау өңірінен де қосымша тікұшақ жұмылдырылды. Енді қызыл жалынмен күресте екі тікұшақ қатар жұмыс жасауда. Бұл – мемлекет пен өңірлік биліктің табиғатты сақтауға бейжай қарамай, мәселені оңтайлы шешудің көрінісі.
⠀
Біздің басты мақсатымыз – өрттің Атырау қаласына және тұрғындарға ешқандай зиянын тигізбеуін қамтамасыз ету. Осы бағытта қамыс өртіне қатысты барлық сақтық шаралары мен техникалық мүмкіндіктер қарастырылған.
⠀
«Ақжайық» – бұл біз үшін тек табиғи резерват емес, ол – ерекше экожүйе, флора мен фаунаның құнды ошағы. Мұндай табиғат байлығы әрбір азаматтың қамқорлығына лайық. Табиғатты сақтау – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек буынның алдындағы қасиетті парыз.
Ендеше, ендігі басты мақсат – барлық жұмыс нәтижелі аяқталып, бықсыған түтінді толығымен сөндіру. Табиғаттың қайта қалпына келуіне бірлесе күш салу — ортақ міндет.
⠀
Руслан КҮМІСҚАЛИЕВ,
Атырау қалалық мәслихатының депутаты
Сурет: atr.kz