ЕХРО-2017: ДАМУЫМЫЗҒА – ДАҢҒЫЛ ЖОЛ

Әлем назарына іліккен «ЕХРО-2017» көрмесінің ел дамуына қосар үлесі қомақты болмақ. Сол себепті маңызды оқиғаға үш айлық шара деп емес, ұзақ мерзімді инвестиция көзі деп қарағанымыз дұрыс. Кеше ҚР Президентi жанындағы Орталық Коммуникациялар Қызметiнде өткен брифинг барысында Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес осындай ой айтты. Әзірлік барысын бақылаған мейман халықаралық көрменің жоғары деңгейде өтетініне сенімді.

«Қаланың халықаралық көрмеге дайындығы, көлiк жолдары қалай салынады және жақсартылады деген мәселелер бойынша Астана қаласының басшылығымен жүздестім. Кездесуде біраз жайттарды талқыға салдық. Енді осы қарқынмен жұмыс жасауды жалғастыра берсек, көрменің дәрежесі өзгелерден кем түспеуі тиіс»,- дедi В.Лоссерталес. Сондай-ақ, шарада тек энергияның жаңа ресурстары ғана емес, еліміздің тарихы, өнері мен мәдениеті де павильонға келген дүйім жұртқа таныстырылуы керектігі айтылды. 

«Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев  Висенте Лоссерталес мырзаның сапары кезінде көрмеге қонақтарды шақыру жайы сөз болғанын жеткізді. Жалпы, бұл көрме Қазақстанды жаңғырту мен инфрақұрылымын жақсартуға оң әсерін тигізбек. Оның үстіне, әуелден-ақ ЕХРО инвесторлар тартудың тиімді құралына айналған. Мәселен, Шанхайда өткен көрмеде 2 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция салынған. Демек, бұл жолы Елордада өтетін маңызды шара ұзақ мерзімді инвестицияға жол ашары айқын. 

Висенте Лоссерталестің пікірінше, сәулеттік дизайн шарадан кейінгі кезеңге көбірек бағытталыпты. Көптеген ғимараттар мен нысандардың тек маусым, шiлде, тамыз айларына ғана емес, қысқы маусымда да қызмет көрсетуге қолайлы болуы қаралғанын атап өткен ол шеберлiк жоспарын халықаралық көрме талаптарына толық сәйкестендiрумен айналысып жатқанын хабарлады. Мейманның айтуынша, қазақстандық ЕХРО-ның сәулеттік дизайны туристiк сипатқа бағытталған.

«Шынымен де бұл көрме ұлттық сипатқа ие болады. Оның посткеңестiк кеңiстiкте алғашқы болып Қазақстанда өтуі біраз мемлекетке үлгi. Әрине, күнделікті күйбең тіршілікпен қарапайым жұрт оның маңыздылығына мән бермеуі мүмкін. Бірақ, дәл осы шараның Қазақстанның келешектегі қарқынды дамуына оң әсерін тигізіп, халқының тұрмысының түзелуіне септігін тигізетінін түсінуі қажет. Желтоқсан айынан бастап күні бүгінге дейiн бiз бiрқатар мәселелердi талқылап, жұмыс жүргiзiп келемiз. Атап өту керек, бекiтiлген шеберлiк жоспарына толық сәйкес болуы үшiн әлеуметтік шешiмдерге қатысты бiрқатар өзгерiстер енгiзу керек», – дедi Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы. 

Сөз жоқ, «ЕХРО-2017» көрмесiне меймандар көптеп келеді деп күтілуде. «Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев қазiргi уақытта әлемнiң ондаған дамыған елi үшiн визасыз режим енгiзілетінін айтты. Оған қоса 5 ай бойы визасыз режим енгiзу қарастырылған, 40 елдi iрiктеп қойыпты. Олардың қатарында Еуропа аймағындағы, Орталық Азиядағы дамыған елдер бар екен. Басқалардан бұрын осы елдерден туристердiң көптеп келуi болжануда. «Туристердi тартудың 2020 жылға дейінгi бағдарламасы қабылданған. Оның аясында топтық виза енгiзу қарастырылуда. Жалпы, «ЕХРО-2017» Қазақстандағы туристiк саланы дамытудың локомотивiне айналады», – дедi ұлттық компанияның басшысы. Ол топтық визаның енгізілуіне күні бүгінде көршi Қытай мемлекетiнің қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

Бұдан басқа халықаралық көрмеге әзірлік барысында 3 мың шаршы метр аумаққа Қазақстанның тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін көрнектіліктер жайғастырылатын орындар қарастырылып,  тиісті министрлікпен бірлесіп жұмыс жасалып жатқандығы да жария болды. Ал, 174 гектар жерге салынатын құрылыстың ағымдағы жылдың мамыр айында басталатыны айтылды. Бұл ретте Астана қаласының әкімдігі де тас-түйін дайын болуы тиіс. «Спорттық шараларды алайық. Оған да ұйымдастырушы елдер көп қаражат жұмсайды. Демек, ол сол мемлекеттің өзіне тән сипатын, игілікті іске мүдделілігін көрсетеді. Мен  ЕХРО да Қазақстандағы тиімді әрі табысты шара болатынына сенемін»,-деп түйіндеді сөзін Висенте Лоссерталес. 

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз