Жарнама
Қоғам

Ақпарат құралы дәуірмен үндес болуы шарт

*28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында

Мерзімді және электронды ақпарат құралдарының қатарында қазір ақпараттық ресурстар мен әлеуметтік желілер де нық қалыптасқан. Әрине, бұл орынды да, себебі ақпараттық технологияларды күнделікті тұрмыста жиі қолданғандықтан әлемдік «желілік шырмауықтан» бас тарта алмаймыз. Дәуір талабына сай дәстүрлі медианы кеңірек насихаттау үшін сайт пен әлеуметтік желілердің ролі басым.

«Атырау-Ақпарат» медиахолдингіне қарасты екі облыстық, жеті аудандық газеттің сайттары мен әлеуметтік желілері және «AtyrauPress» ақпараттық порталы бойынша көрсеткіштер ай сайын сарапталып келеді. Облыстағы бірден-бір портал болғандықтан, 2015 жылдан бері хабар таратып келе жатқан «AtyrauPress» өз материалдарын екі тілде жариялайды. Мұнда оқиғадан бастап, терең сараптауға дейінгі ең маңызды, өзекті тақырыптар тәулік бойы еш үзіліссіз қамтылады. Порталға күн сайын 30 мыңнан астам қолданушы кіріп отырғандықтан, сайттағы қаралым саны бүгінде 50 мыңнан асқан. Осылайша, «AtyrauPress» ақпараттық порталы республикалық БАҚ арасында ІІІ орыннан көрінді. Сайттың мұндай жоғары рекордтық рейтингке қол жеткізуін холдинг қызметкерлерінің еселі еңбегінің арқасы деп бағалауға әбден лайық.
Ал, Instagram желісіндегі «atpress.kz» парақшасы бойынша биыл ІІ тоқсанда (сәуір, мамыр, маусым) барлық көрсетілім саны – 9 606 646. Осы уақыт аралығында қамтылған парақшаның саны екі есеге көбейді. Reels (бейнеролик) арқылы қаралым төрт еседен астам өскен. Биыл ІІ тоқсанда «аtpress.kz» аккаунты оқырмандарының саны 1,5 есеге артып, парақшадағы оқырман саны 26 159-ға жетті. Порталдың Telegram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі парақшалардың оқырмандары да еселене түскен.

Облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» қоғамдық-саяси газеттерінің «аtr.kz» және «pricom.kz», жеті аудандық газеттің сайттары да жұртшылыққа жедел әрі шынайы хабар таратып келеді. Бір кезде 32 мың данамен таралған облыстық газеттер, 12-15 мың данаға дейін жеткен аудандық басылымдардың ролін бүгінде олардың сайттары мен әлеуметтік желілердегі парақшалары басып отыр. Zero.kz бағалау порталының көрсеткіші бойынша шығарылған статистикаға үңілсек, соңғы жарты жылда облыстық газеттердің сайттарына кірушілер саны екі есеге көбейіп, қаралым саны үш есеге дейін артқан. Дегенмен, кейбір басылымдардың әлеуметтік парақшаларындағы белсенділік біршама аз екенін мойындаған жөн.
Facebook желісіндегі «Атырау газеті» парақшасында 5000 оқырман бар. Ал, Instagram әлеуметтік желісіндегі «atyrau.gazeti» парақшасына 8910 оқырман тіркелген. Атап өту керек, бұл – «Атырау» газеті редакциясының соңғы бірер айдағы жетістігі. Өйткені, 20 наурызда Insta-парақшада небәрі 930 оқырман болса, шығармашылық тұрғыдағы белсенді жұмыстың нәтижесінде үш айда 10 есеге жуық оқырман жинады. 7 сәуірде су тасқынына байланысты облыста жарияланған төтенше жағдайдың да бұған айтарлықтай ықпалы болғанын атап өткен жөн, өйткені сол кезеңде газет парақшасы тәулігіне 1900-ге дейін қаралым жинап отырды.
Аудандық газеттердің әлеуметтік желідегі белсенділігін арттыра түсу де алдағы маңызды міндеттердің бірі. Әйтсе де, Жылыой аудандық «Кең Жылыой», Мақат аудандық «Мақат тынысы», Құрманғазы аудандық «Серпер», Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газеттерінің Instagram желісіндегі, ал Facebook әлеуметтік желісінде Қызылқоға аудандық «Қызылқоға», Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы», Индер аудандық «Дендер», Мақат аудандық «Мақат тынысы» газеттерінің парақшаларының шоқтығы биік. Бұл газеттердің ақпараттық ресурстарындағы оқырмандарды қызықтырған ақпараттар мен түрлі жанрдағы мақалалар редакциялардағы қызу жұмысты айқын көрсетіп, бұқарамен тұрақты байланысты дұрыс жолға қоюға негіз қалағаны анық.
Дегенмен, облыстық және аудандық газеттердің редакциялары тиісті бағытта әлі де жүйелі іс-әрекеттерді ұйымдастыруы қажет. Дәуірмен үндес тақырыптарды қозғап, өңірдің ерекшеліктеріне сай тұрақты айдарлар мен сараптамалық мақалалардың көбейгені жөн деп есептеймін.

Сонымен қатар, мерзімді басылымдар мен олардың ақпараттық ресурстарын заман талабына сай безендіру жұмыстары да айрықша талапты қажет етеді. Бұл бағыттағы негізгі жұмысты Атырау журналистикасының қарашаңырағы – облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің редакциясынан бастаған жөн. Газет, сайт пен әлеуметтік желілердегі парақшалардың кескін-келбетіне түбегейлі өзгерістер енгізу үшін Алматы қаласындағы және жергілікті дизайнерлермен ақылдаса отырып, бүгіннен бастап газет атауы, сайт пен әлеуметтік парақшалар жаңа үлгіде көріне бастады. Толыққанды ребрендинг жасау бастамасы – кәсіби мереке қарсаңындағы шығармашылық ұжымға жасалған мерекелік тартуы іспетті.

Мұндай жұмыстар жуырда өзге басылымдарда да толықтай жүзеге аспақшы. Бұл жұмыстардың белсенді қарқын алуы ұжымның шығармашылық бағытта өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Медиахолдинг ұжымы үшін басты жетістік – 20 жылдан астам уақыттан бері тұңғыш рет кәсіпорын ғимаратына күрделі жөндеудің басталатындығы. Жуырда облыс әкімі Серік Шәпкеновтің тікелей қолдауының арқасында басталатын күрделі жөндеу барысында ғимараттың ішкі-сыртқы келбеті мен инфрақұрылым желілері толықтай жаңартылмақ. Бұл Атырау өңірінің ақпарат саласындағы барлық қызметкерлерге ерекше серпін беріп, жұмыс бағытында жаңашылдықтардың бастауы болады деген сенімдемін.
Үнемі өзін-өзі қамшылап, алға ұмтылу ғана шығармашыл ортаны қалыптастырады. Ал, ақпарат құралының өз дәуірімен үндес болуы – бұлжымас қағида.
Мереке құтты болсын, қадірлі әріптестер!

Нұрболат ЕЛЕУСІНОВ,
«Атырау-Ақпарат» ЖШС
Бас директоры

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button