«Ана болғым келеді, ана болғым…»

479ad563 e609 48c3 a7b6 a79c2f9dd098 Қоғам

Екі жас көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген соң отау іші былдырлаған сәби үніне толады. Бұл – табиғаттың заңдылығы, оны ешкім өзгерте алмақ емес!..

Алайда қазіргі ахуал мүлде басқа. Ерлі-зайыптылар ел қатарлы өмір сүріп, көрінген перзентіне әкелік, аналық мейрім-шуағын төгіп отыруды қалайды, тәп-тәтті сәбиін бауырына қысып, құшырлана иіскеп, балғынның бейкүнә қылығына шын қуанып отыратын беймарал күнді армандайды. Өйткені, әр әйел ана бақытын сезінуге лайықты.

Амал нешік, бүгінде оған жете алмай жүрген жандар жоқ емес. Әдемі басталған жұбайлық өмірінің әп-сәтте сәні бұзылып, бір шарананы аңсаған талай отбасыны көріп те, естіп те жүрміз. Десек те олардың жан жарасына үңіліп, тілдесудің реті келе де бермейтін…

Құлсары қаласындағы емханада іссапармен жүргенімізде, мекеменің төменгі қабатындағы көпшілік арасынан жанарынан нұр шашқан, орта бойлы, қараторы, бидай өңді келіншекті бірден көзіміз шалды. Сан жылдар перзентке зар болып, он жыл дегенде арман-тілегі орындалған Мәриям (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) есімді келіншекпен танысқан сәттен-ақ шүйіркелесе кеттік, оған өзі мұрындық болды. «Орталықтан келген сіздер ме?» деп жанымызға жақындай келіп, топ ішінен ерекшелене: «өздеріңізге айтарым бар еді» деп қолқа салды да, бірден жанында тұрған емхана қызметкерінен әңгімелесуге қолайлы бос бөлме сұрады. Келіншектің пысықтығына іштей таңданып қалғанымыз да рас. Онсыз да халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерді зерттей келген біз де көңілді келіншектің тәсін қайтарғанды жөн көрмедік, бөлме де табыла кетті. Орындыққа жайғаса беріп оның айтағы барын білмек үшін әңгімесіне құлақ түрдік. Бізді көргеніне қуана кеткен кейіпкер өзінің қуанышымен бөліскісі келгендей сезілді. Маған қарсы жайғасқан соң сұрақтың астына алып, әңгімесін ағытты.

– Аты-жөніңіз кім?

– Мәлике.

– Қай телеарнадансыз?..

Әдетте көпшілік журналист деген мамандық иесі тек телеарнада болады деп ұғынатын сияқты, біз мұндай сұраққа әбден үйреніп алғанбыз…

– Телеарна емес, газеттенмін.

– А-а-а, онда мына ағаның қолындағы фотоаппарат па, не нәрсе?

– Иә, біздің газеттің фототілшісі Ерлан Алтыбаев болады.

– Онда мені түсірмесінші, көптен көкейімде жүрген жаңалығыммен бөліссем деймін. Бірақ суретімнің шығып немесе аты-жөнімнің аталғанын қаламаймын…

– Жарайды, келістік.

– Неден бастасам екен, – деп, бір сәтке ойлана қалған Мәриям көп күттірмей-ақ әңгіме тиегін ағыта жөнелді.

– 2005 жылы отағасым екеуміз шаңырақ көтеріп, арада бір жыл өткен соң жиырма жасымда тұңғышымыз дүниеге келді. Қызды болған сәтте бізден бақытты еш жан жоқтай, қуанышымызда шек болмады. Екі жылдан кейін ұлымыз да дүиеге есігін ашты. Жұбайлық өміріміз шаттыққа толып, бес жылдан кейін үш перзентті болған соң олардың болашағын, соларды жетілдіруді, оқытып, аман-есен аяқтандыруды ойлап, үй тұрғызамыз деген күйбің тірлікпен жүргенде бақандай он жыл уақыт зымырап өте шығыпты. Орта жасқа жеткенде қайтадан сәби иісін аңсап, балалы болуды армандадық. Бұдан бұрын балаларды өмірге әкелген соң, бойыма бала бітпейді деген күмәнім болмады. Бірақ…

Тосыннан жолыққан кейіпкердің мәселесін енді ұғына бастадым. «Содан соң не болды екен? Мәриям қайта ана атана алды ма?» деген сауалдар ойыма орала берді. Ол да терең күрсініп алып, біраз үнсіз қалды.

– Білесіз бе, балаларың бола тұра ата-ана үшін «енді сәби сүйе алмаймын» деген үмітсіздіктен артық қорқыныш жоқ екен. Арманымыз өзімізді алдағандай, үмітіміз орта жолда үзілгендей болып, отағасым екеуміз біраз сынақты бастан өткердік. Дәрігерден емделгенімнен еш нәтиже болған жоқ. Кейде «көрінген балаларымызға да шүкіршілік айтамыз» деп те бір-бірімізді жұбатып қоятын едік. Сол кезде бойына бірде-бір бала бітпеген, бір ұрпаққа зар болған жұбайлардың жағдайы қаншалықты қиын болатынын ұғындым. Мұндай сынақты Алла еш пендесінің басына бермесінші! – деді ол.

Кім болса да перзентінің көп болғанын армандайтыны анық. «Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, екі баласы бардың болар-болмас халі бар, үш баласы бардың үш рулы елде малы бар, төрт баласы бардың төрт құбыласы тең болар…» деген  нақылын да Досай би текке айтпаса керек-ті. Бұрын балажан ата-әжелер: «Айналдырған он бала, көп баладай шулама» деп айтушы еді, заманның кең уақытында қазақ халқы баланың санын шектеген жоқ. Ал, қазіргі тұрмыс тауқыметін тартып, күнкөріспен жүрген кезеңде де баласының көп болғанын аңсайтын Мәриямның сөзі көңіліме қонып отырды.

«Енді балалы бола алмайтынымызды білгенде үй салып, аяққа тұрамыз деген мақсатым үшін де өкінетінмін. Кейде жолдасыма көрсетпей көз жасыма да ерік беретін едім. Дегенмен Жылыой аудандық ауруханасының әйелдер кеңесінің меңгерушісі Марат Алдабергенов «Теңізшевройл» ЖШС-нің экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) жобасы арқылы тегін квота берілетінін естігенде көрер таңды көз ілмей атырған күндер артта қалып, күні бойғы уайымым сейіліп, төбем көкке екі елі жетпей қалды. Өйткені біз секілді бала өсіріп отырған отбасы үшін ЭКҰ-дан ақылы өту қиынға соғады. Сол сәтте менің мұңымды алыстағы алып компания да естіп, білгендей күйде жүрдім. Міне, қара жердің иен байлығын алып қана қоймай, елмен бірге етене жақын өмір сүру осындай болса керек. Біздің «шағын мемлекетіміздегі» мәселені ести білген құрылымның ізгілік ісін мен өмір бойы ұмытпаспын» – деді Мәриям әңгіме арасында.

Иә, жүзеге асып келе жатқанына бес жыл өтсе де ізгілікке толы бұл жоба туралы көпшілік біле бермеуі мүмкін. Өйткені бұл – Жылыой аудандық мәслихатының депутаты Сәуле Мәмбетованың бастамасымен жергілікті тұрғындарға ғана қарастырылған бірегей жоба. Дәл осы жоба жыл сайын аудандағы ондаған отбасының перзент сүюіне мүмкіндік туғызып келеді. Бізге жолыққан Мәриям – солардың бірі.

– Диагнозыма байланысты енді бала көтеру мүмкін болмағандықтан, дәрігер жасанды ұрықтандыруға қажетті медициналық талдауларға жолдама берді. Кейін облыс орталығындағы «Экомед-Атырау» клиникасына қаралуға жіберді. Оның барлығын ақылы тапсырып, ем-домымды алып жүрдім. Сөйтіп жүргенімде үш ай уақыт өтті. Бұл 2022 жылдың желтоқсан айының соңы болатын. Дәрігерім хабарласып, «Мәриям, саған ТШО-дан жолдама келіп тұр» деді. Сол сәтте өзім жұмыста отырған болатынмын. Қуанғаннан әріптестеріме бірден денсаулығыма байланысты жұмыста болмайтынымды айтып, сол сәтте қызметімді де оп-оңай тастап кете бардым, – деді Мәриям ыстық жасы жанарына тығылған күйде.

Сол кезде басты арманы бала сүю болған ол басқа нәрсенің бәрінен бас тартып, мақсатына жетуді мұрат етеді. Отағасымен бірге «Экомед-Атырау» орталығының мамандарына келіп қажетті сараптамалар тапсырып, айлап жүріп кезеңге бөлінген  тексерулерден өтеді. Әрине, ондайда сабыр мен шыдам да маңызды. Тіпті, кейде отағасының шыдамы сыр беріп, «болдым, мен енді анализ тапсырмаймын» деп ұзақ жүрістен шаршағанын да сездіріп қойған. Үш ай жолдаманы күтіп, кейін тағы үш ай дәрігерлер бақылауында болған оларға шынында да бұл күндер оңай болған жоқ. Талай түн тілеу тілеп, таңды үмітпен атырған олардың еңбегі еш кетпей, тынымсыз өткен алты айдан соң бойына бала біткенін біліп, ерекше шаттанады.

«Осыдан соң не нәрсеге де шын ниет етсең оның орындаларына сендім. Әрине, қиын күндері жаныңнан табылар жақсы адамдар бар. Солардың көмегімен қиял-арманым ақиқатқа айналды. Сәбилі болатынымды естігенде қуаныштан қол-аяғым өзіме ерік бермей, дірілдей жөнелді. Бойыма тұңғыш рет бала бітіп тұрғандай күй кештім. Дәрігерлер баланың түсіп қалу қаупі барын айтқан соң, мұқият күтініп жүрдім. Біз той, қонақтық, қоғамдық іс-шара дегеннен мүлде бас тартып, сол баланы аман-есен дүниеге әкелуді ойладық. Сол күндері Марат Жағыпарұлы денсаулығымды бақылауға алып, үнемі ақыл-кеңесін беріп отырды. Үй жағдайында инъекция жасап, кислород қойып сәбиімді аман-есен өмірге әкелуіме көп көмегін тигізді» – деді ол.

Жүктіліктің алты айына дейін жергілікті дәрігердің бақылауында болған Мәриям қарапайым ауа жұтып, демалудың өзі қиындай бергендіктен одан кейінгі үш айын Атырау облыстық перинаталдық орталықтың патология бөлімшесінде өткізеді. Отбасынан жырақта жүрген ол уақыт Мәриям үшін оңайға түспейді. Үшінші мүшелінде өмірге шекесі торсықтай ұл әкеліп, ұзақ күткен арманына қол жеткізген оның шаңырағы шаттыққа бөленеді.

– Қазір жас жарымға жуықтаған ұлымның әр қылығы сондай тәтті. Білесіз бе, кейде көзім тиіп, назарыма ауып кете ме деп балама деген өз махаббатымнан да қорқамын. Ананың балаға деген сүйіспеншілігінде шек жоқ екен ғой! Балабақшадан үйге оралғанша сағынып отырамын. Менің осындай теңдессіз, керемет сезімге бөлеп, қайтадан ана болуыма себепкер болған жақсыларға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сәби иісін аңсап жүрген келіншектердің барлығы да құшағы толып, ұрпақ сүйсе екен! – деп сөзін аяқтаған кездейсоқ кейіпкеріміз еріксіз көзіне жас алып, бір босап алды.

Мәриямның әр сөзі жүрекке жетіп, жанды тебірентті. Бүгінге дейін бұл қуанышының қалайша қойнына сыйып жүргеніне де таңданып қалдым. Өйткені ол перзентінің келешегін ойлап, экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы өмірге әкелгені туралы тірі жанға тіс жармапты. Бізді көріп ағынан жарылғаны да сондықтан болса керек…

Түйін:

Ана болу – дүниедегі ең керемет ұлы сезім. Сондықтан оны қанша жазсақ та сөзбен жеткізу мүмкін болмас. Шаранасын тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтеріп, қаншама қиындықпен сәбиін өмірге әкелген соң түн ұйқысын төрт бөліп әлдилеп, алпыс екі тамырын идіріп ақ сүтін берген ананың сезімі бәрінен биік болса керек.

Біз жолыққан Мәриям сынды аналардың мұңын ести білген «Теңізшевройл» ЖШС секілді алып компанияның артықшылығы да осында. Жыл сайын ондаған жылыойлық ананы осындай ұлы сезімге бөлеген жобаға біздің де алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Расында да жер бетінде ана болуды армандамайтын әйел заты жоқ шығар, сірә. Жас ақын Жұлдызай Ысқақша жырласақ:

Дана болғым келмейді шамасы бар,

Дара болғым келмейді бағасы – нар.

Ана болғым келеді, Ана болғым,

Құшағында қуанған баласы бар!..

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз