АЛЫСТАҒЫ АУЫЛДЫҢ АЙТАРЫ КӨП
Азғыр аймағының арғы-бергі тарихын жақсы білетін осы өңірдің тумасы Мансұр Қуанышәлиевтің айтуынша, Балқұдықтан 25 км жердегі «Ява» қондырғысы о баста әскери мақсатқа бейімделген. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары КСРО мен АҚШ арасындағы ахуал тым шиеленісіп, жаппай қарулануға бет бұрылғанда екі ел бір-бірінен асып түсуге тырысқан. Құпия жабдықтармен жасырын жарақтана бастаған. Көзден таса, назардан тыс айдаладағы Азғырда ажал апаны осылай пайда болған.
Осы жерде сәл шегініс жасасақ, Ұлы Отан соғысының қызып тұрған шағында-ақ, яғни 1943 жылы 11 ақпанда КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитеті атом бомбасын жасау туралы қаулы қабылдады. Соған сәйкес бірнеше конструкторлық бюро құрылып, солардың КБ-11 аталатын бірі 1947 жылы ерекше режімдегі кәсіпорындар қатарына жатқызылды. Ол орналасқан Мордова АССР-ның Саров кенті жабық аймақ саналды. Ал, 1957 жылы оған қала мәртебесі беріліп, Кремлев атанды. Араға үш жыл салып ол Арзамас-75 атауына ие болды. Кейін Арзамас-16 деп өзгертіліп, осы аты 1991 жылға дейін сақталған. Қазір КБ-11 Ресей Федералды ядролық орталығы «Бүкілресейлік ғылыми-зерттеу эксперименталды физика институты» (РФЯО-БҒЗЭФИ) деп аталады.
Міне, толық аты «13 Я «Ява» қондырғысы осы бұрынғы Арзамас-16, қазіргі Саров қаласында дайындалған. Оның мақсаты – қуаты 1000 килограмм тринитротолуолаға дейінгі жарылыстар жүргізу. Кейін жанталаса қарулану біраз ауыздықталған соң қондырғыны бейбіт мақсатқа пайдалануға бетбұрыс жасалды. Сөйтіп, мұнда алмас ұнтағының тәжірибелік өндірісін ұйымдастыру қолға алынды.
Жоғарыда айтқан Мансұр Қуанышәлиев сол кезде Азғыр ауылдық округінің әкімі екен. Осындағы оқиғалардың бәрін жадында сақтапты. Оның айтуынша, бастапқы алмас ұнтағын өндіру жүзеге асырылған. Аса құнды металдың алғашқы өнімі орталыққа жөнелтілген. Бірақ, сайып келгенде, бұл шараның өзіндік құны қымбат болғаны соншалық, шыққан шығыны ақталмаған. Сондықтан, алмас ұнтағын өндіру де әрі қарай өрістемеген. Міне, содан бері жер астындағы шар да текке жата берген.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, Инвестиция және даму министрлігі Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев және Елордадан келген жоғары шенді әскерилермен бірге «Ява» қондырғысына келдік. Оны біз түгілі, жанымыздағы астаналық шенеунік те, полковниктер де көрмепті. Жабық нысанға көлденең кісілерді жібермегенге ұқсайды. Аула алдынан күтіп алған қос күзетші келген адамдардың аты-жөндерін жазып алды.
Міне, шар тәріздес, диаметрі 24 метрлік (бұрынғы мәліметтерде 11 метр делінетін) цилиндрлік бассейн он метрлік тереңдікте тыныш қана жатыр. Салмағы 470 тонналық оның қалай орнатылғаны жөнінде Құрманғазы ауданының әкімі Аманкелді Барахатов қызықты әңгіме айтады. Сөйтсек, ен далада осыншама салмақты көтеретін техника болмағанға ұқсайды. Сондықтан, жазда әлгі шұңқыр суға толтырылған. Қыста әбден қатқанда оған шар орнатылған. Келер көктемде мұз ерігенде үстіндегі шар да салмағымен төменге түскен. «Адамнан айла артылған ба» дегендей, даңғайыр далада осындай тәсіл қолданылған. Болат шардың қабырғаларының қалыңдығы 10 см шамасында болуының өзі оның үлкен ыстыққа төзімділігін көрсетеді.
Жалпы, турасын айтқанда, «Ява» қондырғысы аса қауіпті емес, мұнда ешқашан ядролық жарылыс жасалмаған. Одан бөлінетін нәрселер де радиоактивті саналмайды. Ол 2003 жылға дейін Қазақстан меншігінде болды. Еліміздің ядролық физика институты қорына алынды. Ал, содан бастап биылға дейінгі мәртебесі қандай еді? Бұл да тұтас тарих.
Мәселен, сол 2003 жылғы 22 сәуірде ҚР Үкіметі «Біріккен ядролық зерттеулер институты» халықаралық үкіметаралық ұйымына Қазақстан Республикасының үлестік жарна төлеуінің кейбір мәселелері туралы» №383 Қаулысын қабылдады. Соған сәйкес ел Үкіметі ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің 13 Я «Ява» қондырғысын 1992 жылғы 18 наурыз бен 2002 жылғы 1 қаңтар аралығындағы еліміздің үлестік жарнасын төлеу есебіне «Біріккен ядролық зерттеулер институты» халықаралық үкіметаралық ұйымына (БЯЗИ ХҮҰ) 5 млн. 626 мың 600 АҚШ долларына баламалы баға бойынша беру ұсынысына келісті. Сөйтіп, кезінде «Ява» қондырғысы сатылып та кеткен. Алайда, оны қиырдағы Құрманғазы ауданынан сонау Мәскеу түбіндегі Дубна қаласына жеткізу мүмкін болмады. Салмағы бес жүз тоннаға жуық шарды он метрлік тереңдіктен алып шығатын қуатты техника табылмады. Соншама қашыққа тасымалдау машақаты тағы бар.
Содан қондырғы Қазақстанның ядролық физика институтына сақтауға берілді. Бірақ, ол үшін қаржы да қарастырылмады, керекті күзет те ұйымдастырылмады. Кейін сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің депутаттық сауалына орай тексеру жүргізген ҚР Бас прокуратурасы осы шаралар барысында кейбір заң бұзушылықтарды да анықтапты.
Әйтсе де, БЯЗИ ХҮҰ «Ява» қондырғысын ұстап тұра алмайтындығы да белгілі еді. Оның мамандарының бұл жаққа ат ізін салмағанына да біраз жыл болған. Сөйтіп, үстіміздегі жылғы 7 сәуірде «Ява» қондырғысы Қазақстанның ядролық физика институтына берілді. Ешқандай ақы төлеусіз тегін қайтарылды. Рас, оны келешекте ғылыми мақсатта бірлесе пайдалану жөнінде ортақ келісім бар. Міне, осы бағытта жұмыстар жанданса, жергілікті жұртқа да жайлы болар еді. Алдымен, иесіз жатқан қондырғыға жан бітеді. Оның іргесінде ат шаптырым ғана жерде 546 тұрғынымен Азғыр ауылы бар. Осында әскерилер тастап кеткен ғимараттардың қалдықтары да сақталған. Соларды жөндесе, әлі де кәдеге асыруға болады. Оның үстіне, құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылса, азды-көпті табыс табуға да мүмкіндік бар. Қазір, расын айтқанда, алақандай ауылда, әсіресе, жастар қызметсіз жүр. Олардың дені Атырауға немесе Ганюшкинге кетіп жатқандығы да сондықтан. Мұны Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаты Мансұр Қуанышәлиев ашық айтады.
Жалпы, «Ява» қондырғысы жөнінде сонау жылы Парламент Мәжілісінің депутаты болған Тоқтар Әубәкіров Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің сол кездегі басшыларына тосын сауал жолдаған-ды. Кейін ғарышкерге қоңырау шалып, мәселенің мәнісін сұрағанымызда ол артық әңгімеге бармаған-ды. Енді, міне, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов басталған істі соңына жеткізді. Қондырғы елімізге қайтарылды, демек оны алдағы уақытта бейбіт мақсатқа пайдалануға мүмкіндік бар.
Құрманғазылық байырғы эколог Юрий Лялин де сол жылдары дала жолымен келе жатып жол апатына ұшыраған көлікті кездестіріпті. Жүргізушісі қаза тауыпты да, жанындағы жолаушы ауыр жараланыпты. Бұларды таң қалдырғаны – ессіз жатқан кісінің қолында кісенделген қара портфель-дипломат. Кейін оны ауруханаға жеткізгенімен, арғы тағдыры белгісіз. Әйтсе де, «Ява» қондырғысына қатысты құпия құжаттар алып бара жатқандығы кәміл.
Содан бері де талай жылдар өтті. Жоғарыда айтқанымыздай, алмас ұнтағы бастап алынғанымен, өзіндік құны тым жоғары болғандықтан өндіріс одан әрі өрістемеген. Кейбір деректерге қарағанда, алғашқы 200 кг шамасында өнім шығарылыпты. Сонау жылдары осы шарды кәдеге асыру үшін мұнда кейбір шетелдіктер де келіпті. Бірақ, олардың көңілдеріне не түйіп кеткені қайдам, қайтадан ат ізін салмаған.
Азғыр ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Жабелов ілгергі уақытта редакцияға жолдаған хатында «Осындағы жарылыстар салдарынан қаншама адам ата-анасынан, ұл-қызынан, бауырларынан ерте айырылды. Төрт түлік жаппай арам өлді. Соның бәрін көзіміз көрді» деген-ді.
Қазір де ахуал аса оңды емес. Жақында Ганюшкин селосында Азғыр экологиясына байланысты өткен қоғамдық тыңдауда жергілікті тұрғындар орталықтан келген мамандардың сөзіне сенбеді. Тіпті, олардың Азғыр жөнінде ауыз ашпай, көрші облыстағы Капустин Яр туралы көбірек айтқандарына реніш те білдірді. Шындығында, Азғырдағы 17 жарылыс диаметрі 600-1000 миллиметрлік ұңғымаларда, 165-1500 метр тереңдікте жасалған. Соның ішінде А2 алаңында жеті рет ядролық сынақ жүзеге асырылған. Солардың бәрі ізсіз кеткен жоқ. Мәселен, А9 алаңында диаметрі 600 және тереңдігі 35 метрлік жарық пайда болған. Ол кейін жаңбыр және тасқын сумен толығып, қазір мұнда 20 мың текше метр шамасында су жиналған. Соның бәрі ластанғаны тағы шындық. Бұдан біраз жыл бұрынғы мәлімет бойынша, Азғыр аумағында үш жүзден аса мүгедек жан бар екендігі айтылған-ды. Солардың ішінде сынақ салдарынан дертті болғандар да бар.
Құрманғазылықтармен кездесу кезінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Азғырдың ахуалын сауықтыруға бағытталған нақты шаралардың қолға алынатындығын айтқан-ды. Алыс мекен тұрғындарын ауыз сумен, табиғи газбен, электр энергиясымен, т.б. сенімді қамтамасыз ету – жергілікті биліктің назарындағы мәселе. Ендеше, бұл бағытта нәтижелі іс боларына сенім мол.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
Құрманғазы ауданы.