АЛЫСТАҒАН САЙЫН АСҚАҚТАҒАН ТҰЛҒА
Сол уақыт талабынан ауытқымай өткен, халқына таза қызмет еткен, кесек мінезді, кең бітімді жандардың бірі – Болат Майдыров ағамыз еді.
Болат Ғабдоллаұлының өмір жолы Атырау өңірінің өсіп-өркендеу кезеңімен тығыз байланысты. Ол Есбол ауданы Кулагино селосында өмірге келді. Жайық өзені бойындағы ауылда, Нарын құмында балалық шағын өткізді. Ол орта мектепті оқып жүрген кезінде-ақ еңбекке араласып, колхозда түрлі қол жұмысын атқарды. Жастайынан ауыл тауқыметін, колхоз шаруашылығын тұрмыс-тіршілігін көріп, араласып өскен ол өмірден жеңіл жол іздемей, қиындықтан қашпай, шыңдалып есейді.
Өзіне де, өзгеге де жоғары талап қоя білетін Бөкең екі жоғары оқу орнын – Саратов экономикалық институтын және Москва қаласындағы Жоғары партия мектебін бітірді.
Еңбек жолын сол кездегі ауыл шаруашылығы құрылымдарында – МТС, РТС-та бастап, қабілет-қарымымен көзге түскен ол облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының аппаратына өз мамандығы бойынша экономист қызметіне қабылданады. Бұл міндеттерді атқаруда сөзі мен ісін байлап өскен Бөкең ауыл шаруашылығының жай-жапсарын, кәсіби мамандығын терең меңгеріп, табандылығын танытты. Облыстық жер-су ресурстары мен маусымдық мал қонысын тиімді пайдалану жолдарымен танысып, зерделеді. Институтта алған теориялық білімін іс-тәжірибемен толықтырды. Сол кезде партия, көпшілік Болат Ғабдоллаұлына үлкен үміт артып, сенім көрсетіп, комсомол жастар жетекшілігіне сайлады.
Ол 1959-1964 жылдары аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аупарткомның бюро мүшесі, кейін облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы лауазымдарында қызмет атқарды. Бұл кезеңде Бөкең бұқараның ортасында болды, өңір ауыртпалығын баршамен бірдей көтерісті. Көп нәрсеге үйренді, жер көріп, ел таныды. Сол уақытта облыс комсомол жастарының беделі өте жоғары болды, қоғамдық өмірде шешуші рөл атқарды.
Мен өзім де кезінде Жылыой ауданы Абай орта мектебінің бастауыш комсомол ұйымы жетекшісі, аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі болдым. Жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу, мәдени-ағарту салаларын дамыту, спорт пен бастапқы әскери даярлық үйірмелерін ұйымдастыру бағытында нақты шаралар белгіленіп, іске асырылуы қадағаланып отырылатын. Облыстық комсомол ұйымын басқарған, құрамында еңбек еткен азаматтардың бірқатары, Закаш Қамалиденов, Иманғали Тасмағамбетов, Равиль Шырдабаев, Қатимолла Ризуанов, Мәдина Ғабдусалимова, Әнес Бисенов, Клинчев Дмитрий Николаевич (марқұм), Тілекқабыл Төреғалиев (марқұм), Жаукен Көшенов, Мырзағали Мұхамбетов ел басқарып, мемлекет қоғам қайраткерлігіне дейін көтерілді. Адал еңбегімен көзге түскен, аса мәдениетті, білімді, өз міндетін атқаруда шебер, жастардың басшысы Болат Ғабдоллаұлы 1964 жылы партия жұмысына, облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы қызметіне алынды.
Болат Ғабдоллаұлы 1965-1969 жылдары Жылыой аудандық партия комитетінің екінші хатшы лауазымында қызмет етті. Жалпы Бөкең ұлағатты ұстаз алдын көруден жолы болған адам. Ол екінің бірінің маңдайына бұйыра қоймайтын бақыт. Бөкең Жылыой ауданының екінші хатшылығына сайланып, ауданда бес жылға тарта еңбек еткенде, ауданның бірінші хатшысы, мемлекет, қоғам қайраткері Саламат Мұқашев еді. Сонда Сәкең басшылыққа келген жас кадрды байқады, баулыды, тәрбиеледі, сөзімен де, ісімен де үлгі көрсетті. Болат Ғабдоллаұлы жылыойлықтармен жақсы түсіністі, сыйласты, жұмыс атқарысты. Олар осы күнге дейін Бөкеңді өте жылылықпен еске алып отырады. Аудандық партия комитетінің екінші хатшысы кезінде ауылшаруашылық өндірісіне партиялық жетекшілік жасады, аудан өмірінің барлық саласына белсене қатысты. Проблемалық мәселелерді ой елегінен өткізіп, нақты пікір-ұсыныстарын жинақтады. Болат Ғабдоллаұлы сол Сәкеңнің мектебінен өткен, қызметтес болған шәкірті бола білді. Бөкең кейін өткен өмір жолдарын еске алғанда, Сәкең туралы жақсы пікірін, оның даналығын да, даралығын да жүйелеп айтатын. Ол кісімен қоян-қолтық қызмет жасап, бірге жүргенде, оның іскерлік, ұйымдастырушылық, адами-қасиеттерінен үйреніп, сабақ алғандығын әңгімелейтін.
Мал шаруашылығының тиімділігін арттырып, өнім молшылығын жасақтау мақсатында Жем өзенінің суын тиімді пайдалану арқылы екпе шөптер егістігі көлемін ұлғайту, суармалы жерлердің шығымдылығын арттыру, артезиан, шахталы құдықтар тұрғызылып, жайылымдық жерлерді толық пайдалану бағытында көптеген істер тындырылды. Әсіресе, жұмыс қолын көп керек ететін өндіріс үрдістерін механикаландыруда, ғылым жетістіктері мен озық тәжірибелерді игеріп, оны кеңінен таратуға жаңа бастамалар жүзеге асырылды. Айталық, сол кезде «Байжановтың қой тоғыту қондырғысы» өндіріске енгізілді, Социалистік Еңбек Ері, аға шопан Әбді Дүйсенбековтің озат тәжірибе мектебі ашылды, аудан мектептерін бітірушілердің патриоттық бастамасымен жастар бригадалары ұйымдастырылып, олардың бағымына ондаған мың қой малы бекітіліп берілді. Шопан бригадаларының құрамында жастар саны өсті.
Әбді Дүйсенбековтің шәкірттері – Социалистік Еңбек Ері Кісенбай Асабаев, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Келбатыр Төлесінов, аға шопан Бақтыбай Базарбаев бригадалары ерен еңбектің үлгісін тұрақты көрсетіп отырды. Ауданда озаттар саны жыл сайын көбейіп, ауыл шаруашылығы тұрақты өрге басты. Қол жеткен табыстар, шебер ұйымдастырушы, тәжірибелі, тапсырылған жұмыста жауапкершілігін жоғары сезінетін, халық арасында сенім мен абыройға ие болған Шафих Избасовтың, Құлқайыр Оспановтың, Тұрлығали Мәмбетовтің, Қарағұл Құрмановтың, Молдабек Қорқытовтың, Қуаныш Ғилымовтың, Қапан Балжігітовтің, Ізтұрған Бердиевтің, Темір Бекбаулиевтың, Мұхит Мұхатаровтың, Айтқали Сұлтановтың, Жұбандық Таскаринның, Рахметолла Қарамановтың, партия, кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері Есенгелді Нұршаевтың, Мерген Бурабаевтың, Орынша Бозданованың, Ысқақ Қисымановтың, Меңке Бердіғалиевтың тағы басқа көптеген мамандар мен орта буын басшыларының жанқиярлық еңбектерінің нәтижесі болды.
1969-1971 жылдары Бөкең облыстық партия комитетінің жолдамасымен Мәскеудегі СОКП орталық комитетінің жанындағы жоғарғы партия мектебінде оқиды. Мұнан кейінгі жылдарда (1971-1990 жж.) Болат Ғабдоллаұлы Майдыров жиырма жылға тарта Индер және Махамбет аудандарында бірінші хатшы болып ел басқарды. Ол артына ұмытпастай із қалдырды. Бөкеңнің білімділігі, жұмысты ұйымдастыру шеберлігі Индер ауданын он үш жыл басқарған кезінде айрықша танылды. Абзал азаматтың ел басқарған кездерінде туған халқына бергені аз емес. Ауданның табиғи ресурстарын ұтымды пайдалануда көп еңбек сіңірді. Мал азық қорын жасақтауда және ауылшаруашылық өнімдерін молайтуда Жайық өзенінің бойынан суармалы егістік көлемін ұлғайту, инженерлік жүйелі құрылыс тұрғызу күн тәртібіне қойылды. Ауданда екі мың гектар алқапта Амангелді суландыру жүйесінің жобасы жасақталып іске асты. Құрылыс сапалы аяқталып, мал азықтық беде егісінің көлемі артып, тұрақты жемшөп базасын жасақтаудың негізі қаланды. Елтайдың қыры егіндікке айналды.
Болат Ғабдоллаұлы жеке тұлға ретінде ерекше жан еді. Табиғатында жаны таза, нәзік, мінезі жұмсақ, қызмет барысында орынды талап қоятын Бөкең кешірімді болатын. Мәдениетті, білімдар маман, шебер ұйымдастырушы, абзал азамат аға еді. Аудан еңбекшілерінің қол жеткен табыстары елеусіз қалған жоқ. Ауданға әлденеше рет одақтың, республиканың, облыстың ауыспалы Қызыл Тулары тапсырылды, бірнеше еңбек адамдары «Социалистік Еңбек Ері» атанып, құрметті атақтарға ие болды, әртүрлі деңгейдегі кеңестердің депутаттары болып сайланды, жүздеген адамдар үкімет наградаларымен марапатталды. Бұл жетістіктер, аудан партия ұйымының кадрларды тәрбилеу, іріктеу, дұрыс орналастырып, сапалы резерв жасақтау жұмыстарының тікелей нәтижесі деуге болады.
Болат Ғабдоллаұлы 1984 жылы Махамбет аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланғанда мен сол ауданның атқару комитетінің төрағасы едім, кейін аудандардың мамандандырылуына байланысты, облыстық көкөніс және сүт совхоздарының өндірістік бірлестігінің бас директоры лауазымында еңбек еттім. 1986-1990 жылдар аралығында Индер ауданының бірінші хатшысы болып, көршілес ауданда жұмыстас болдым. Бөкеңмен жұмыс істеу жеңіл. Басшы ретінде ақылгөйсіп, жалпылама жайдақ нұсқау бермейтін, жүктелген міндеттерін еркін атқаруда айналасындағылардың қолын қақпайтын. Күрделі мәселелерді кеңесіп, сөзбұйдаға салмай шешетін, қоғамдық пікірмен оңтайлы санасатын. Өзімбілемдігі, менмендігі жоқ, кішіпейіл адамжандығы сүйсіндіретін. Ол көпшілдігі, ақпейілділігі, ақыл иесі екендігімен көпшілікке сыйлы да, басшы да бола білді.
Болат Ғабдоллаұлының шаруашылық мәселелерін талқылау, шешу аясында тәжірибелі үлкендермен, шаруаның ыңғайын біледі деген адамдармен, міндетті түрде мамандармен ақылдасып, кеңесіп отыру тұрақты әдеті болатын. «Ақыл сұраудың өзі – ақылдылық» деген қазақ даналығы осындайда айтылатын болар.
Бөкеңнің жанұясы да ерек-ше қадір-қасиетке ие жандар еді. Біз көрші тұрдық. Бөкеңнің жолдасы Әбида апай медицина саласының байырғы қызметкері, балалар дәрігері болатын. Әбида апай адал еңбегімен, шынайы еңбекке берген тазалығымен лайықты бедел иесі болды. «Кеңес одағының денсаулық сақтау үздігі», «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері. Апай кем-кетіктерге жаны ашығыш, қам көңілдерді жұбатқыш, мүмкіншілігіне қарай қол ұшын бергіш, ішкі жан дүниесі нәзік те мөлдір еді. Сондықтан да, халыққа қадірлі, құрметті болды. Өмірден ерте озып кетті. Бөкеңнің анасы айналасына шуақ шашып жүретін, мейірімді де парасатты, қарапайым да адал, қамқоршы да ақылшы еді. Екі үйдің балалары да сол анамыздың айналасынан үйірсектеп шықпай жүретін. Рухы риза болғай!
Болат Ғабдоллаұлы да «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, «Ерен еңбегі үшін» медалімен екі мәрте марапатталған. Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен және мерекелік медальдарымен наградталған.
Биыл Болат Ғабдоллаұлының туғанына 80 жыл, арамыздан өткеніне 16 жыл болып отыр. Ел- жұртына аға бола білген, ақылы мен ісі көптің көңілінен шыққан, тұлға еді. Ұлы Абай: «Артымнан мен жетпегенге жетіп, мен көксегендей ортаны көксеп ұшармысың алысқа» дегендей, Бөкеңнің сүйікті қызы Айгүл – экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының профессоры, ұлы Әділбек – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің студенті.
Абзал азаматтың бейнесі алыстаған сайын асқақтай түсері анық.
Бақтыбек ТАУБАЕВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің профессоры.