МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МАҚСАТЫ КӨП

үш ұрпақ өкілдері «Жеті қазына»
туралы ойларын ортаға салды

Тәуелсіздік, оның кешегісі мен бүгіні, ертеңі мен болашағы туралы үнемі айтылып жүруі керек. Жай ұрандап қана қоймай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәңгілік Еліміздің жаңа ғасырдағы жаңғыру жолы – «Қазақстан – 2050» стратегиясында атап көрсеткен Тәуелсіздіктің бізге берген жеті қазынасы туралы келешек ұрпаққа жеткізу - басты міндет. Бұл жөнінде облыстық халық шығармашылығы орталығында өткен «Ұрпақтар сабақтастығы – ұлт болашағы» атты үш ұрпақ өкілдерімен кездесу барысында кеңінен айтылды.

Шараға Ұлы Отан соғысы, еңбек ардагерлері және ел дамуына үлесін қосып жүрген ұрпақ өкілдері қатысты. Елімізде Тәуелсіздік туының асқақ желбіреуіне Ұлы Отан соғысына қатысып, ел үшін, жер үшін қан төккен ата-бабаларымыздың рөлі зор. Сол жылдары егемендік жолында талай боздақтар қаза болды. Жиын барысында бұл жөнінде Ұлы Отан соғысының ардагері Орынғали Қарасаев сөз алып, тарқатып айтты.
«Қазақ халқы елімізде Тәуелсіздік орнағанға дейін талай тар жол, тайғақ кешуден өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында Отанды қорғауда менің замандастарымның қосқан үлесі мол. Желтоқсан оқиғасынан кейін еліміз егемендікке қол жеткізіп, жаңа бастамалар іске асты. БҰҰ-на мүше болдық, өзіміздің төл теңгеміз жарыққа шықты. Соның бәрі – Тәуелсіздіктің бізге берген жемістері. Тәуелсіздік аспаннан түскен бақыт емес. Оның қадірін түсініп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғау – парызымыз. Ол үшін жастарды қажырлы еңбек етіп, елдегі болып жатқан істерге атсалысуға шақырамын», – деді Орынғали Қарасайұлы.
Елбасы атаған жеті қазынаның бірі – ел бірлігі. «Біз туған елімізді бейбітшіліктің бесігіне айналдыра білдік. Тыныштық арқылы тұрақтылық, татулық арқылы тұтастық төрімізге озды. Барша этностар ел иесі – қазақ ұлтының маңына ұйысты» деп Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, ұлт бірлігінің ел дамуында маңызы зор. Бұл жөнінде Атырау инженерлік гуманитарлық институты колледжі директорының орынбасары Жаннат Асабаева мәлімдеді. Ол өз сөзінде Тәуелсіздікті баянды ету жолында Елбасының рөлі жөнінде баса айтса, облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Абат Кенжеғалиев Мемлекет басшысы атап көрсеткен үшінші қазынамыз – тәуелсіздікпен бірге түлеген төл мәдениетіміз бен туған тілімізді дамытып, қазақы қасиетімізді қашан да жоғары ұстау керектігіне тоқталды. «Президент атаған үшінші қазынамыз – ұлттық мәдениетімізді, құндылықтарымызды арттыруда мұндай тәрбие жұмыстарының маңызы зор. Ұрпақтар сабақтастығын жалғауда бұл шара облыстық халық шығармашылығы орталығында алғаш рет ұйымдастырылып отыр» деген Абат Кенжеғалиұлы алдағы уақытта мұндай кездесулер жиі өткізілетінін жеткізді.
Тәуелсіз елде азамат болып қалыптасу – жас ұрпақтың басты міндеті. Бүгінгі күні Елбасы алға қойған Мәңгілік Ел болуда жас ұрпақ өкілдері де өз үлестерін қосудан кенде емес. Жиын барысында жас ұрпақ өкілдеріне сөз беріліп, аталған әңгіме төңірегінде «Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы, қалалық мәслихат депутаты Асқар Бопылдықов кеңінен тарқатты.
«Елдің, қоғамның ашықтығы мен еркіндігі жағдайында өмірге жаңа институттар орнықты, жаңа дүниетаным, жаңа ойлау жүйесі жаңа ұрпақпен бірге келді. Тәуелсіздікті армандаған халықтың ең зор құндылығы, әрине, рухани бостандық. Осының нәтижесінде халықтың еңсесі көтерілді. Ендігі уақытта оны баянды ету – біздің мақсатымыз», – деді ол.
«Жас қоғам» жастар бастамаларын дамыту қоры» төрағасы Асхат Қалауов «Елінің болашағын ойлаған әр азамат «Тәуелсіздік маған не берді деп емес, мен Тәуелсіздікке не бердім?» деп өмір сүру керектігін атап айтты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз