АЛТЫН САҚАСЫ БАР АҚЫН
Болат редакция қызметкерлерімен тез тіл табысты. Бұған дейін Мақат поселкесінде тұрған екен, сонда туған, әкесі Шайхым Дәулетов Ленин орденді мұнайшы болған, зейнеткерлікке шығыпты. Көп кешікпей отбасымен Құлсарыға көшіп келді. Мен жауапты хатшы едім. Бөлім меңгерушісі Бөкенбайдың әп-сәтте қолы ұзарып шыға келді. Адамға үйірсек Қуаныш, Тементайдан, Қаржаудан, Бисенбайдан тұратын «өз үйіріне» Болатты сол бойда қосып алды. Ол жастарды жұмсауға епті еді. «Ембі» газетінің редакциясында Сапарбек пен Қонаш бастаған журналистердің өлең жазбайтыны жоқ десе болатын. Аманқұл, Бүркіт, Дүйсенбек сынды «иығын жұлып жеген» жас ақындар да алғашқы өлеңдерін алып, редакцияға жиі келетін. Бұлардың соңын ала Әбдіхалық, Сәулештер де балаң жырларын жолдап тұратын. Қазір бұлар – төселген, әрқайсысының өз соқпағы бар ақын-журналистер. Бірте-бірте Болат та қалтасынан суыртпақтап өлеңдерін шығарып, біздерге көрсетіп, газетке бере бастады.
Болат Шайхымұлының ізденімпаздығы, қағылездігі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетіндігі, оның бойындағы азаматтық қасиетін айшықтандыра түсті. Редакцияда екі жыл сайын бір журналисін обкомпартияның жолдамасымен Алматы Жоғары партия мектебіне жіберіп отыратын дәстүр бар еді. Болат газетке жауапты хатшы болып жүрген кезде осы оқуға жіберілді, партия мектебі тыңдаушысын идеялық жағынан да, тәрбиелік, тәжірибелік тұрғысынан да шыңдайтын, азамат етіп жіберетін. Болатқа дейін бұл редакциядан Жүсіпқали Сисембаев, Бағытжан Бозданов, Нұрдәулет Ақназаров, Қаржаубай Сұлтанғалиев, Айтуар Өтегенов партмектебінде оқып, білімдерін жетілдірген болатын. Бұлардың алдындағы аға журналистер Қален Кідібасовтың, Кемелхан Ыбырайұлының, Жәрдем Тайыповтың өзгеге ұқсамайтын ерекше тұлғалар екенін де айтып кеткен орынды болар. Мұңал Далбаев зейнеткерлікке шыққаннан кейін Болат Бас редактор болды. Еліміз егемендік алып жатқан тұста газеттің атауын «Кең Жылой» деп өзгертті. Көп ұзамай аудан да бұрынғы тарихи атауы — Жылыой ауданы болып өзгерді. Жас жігіт кейін Атырау облыстық «Полиграфия» өндірістік бірлестігінің Бас директоры болып тағайындалды.
Болат сол тынымсыз мақсатты ізденісінің арқасында шығармашылықта да, еңбекте де жетістіктерге тез жетті. Оның тұңғыш өлеңдері облыс ақын-жазушыларының «Жалын» баспасынан шыққан «Атырау айдыны» жинағында жарияланды. Болат әуелгі кезде әртүрлі тақырыпқа өлеңдер, әңгімелер жаза жүріп, өз соқпағын тауып алды, қазір соның жемісін жеп отыр. Ол соқпақ балалар әдебиетіне алып келді. Балалардың ұғымына сәйкес шығармалар тудыру — екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Сондықтан да, қазақ әдебиетінде ақындар көп болғанымен солардың бәрі бала тілімен сөйлей алмайды. Ал, Болат сөйлей алады және сөйлегенде қандай?!
Болашағы әр үйдің,
Жігер оты жаста бар.
Еңбек күні сәбидің,
Еңбектеуден басталар…
немесе:
Айтқандарын тоқысаң,
Ұстаз сенім артады.
Кітапты көп оқысаң,
Сөмкең жеңіл тартады…
немесе:
Біздің қазақ көбіне,
Құшақтасып көріскен,
Қуанышын төріне,
Шашу шашып бөліскен…
Болаттың әр жолы нақпа-нақ, сәбидің жүрегіне жетіп барады. Ал оның жұмбақтары баланың ой-өрісін кеңейтуге, ойландыруға, өз бетімен шешім алуға ұмтылдырары даусыз.
Бұның бәрі балалардың ұғымына сай. Демек, Болат өз тақырыбын мүлтіксіз таба білген және оны шеберлікпен меңгере білген, әрі қалыптасқан, әрі шабытты ақын деуімізге толық негіз бар.
Болат ізденімпаздығының жемісін көріп отыр дедік қой. «Полиграфия» өндірістік бірлестігі таратылғаннан кейін, ол бірден осы бағытты өз бетімен өрістетуді мақсат тұтып, «Дәу–Бол» ЖШС–ін ашып, баспа жұмысымен айналысты, сонымен бірге оқушы балаларға арналған «Алтын сақа» атты ойын-сауықтық, танымдық газетін ашты. Газет алғашқы қиындықтарды артқа тастап, өрісін кеңейтіп, оқырмандарын көбейтіп келеді. Болаттың қолындағы «Алтын сақасы» алшысынан тұрды десе де болады.
Болат — жеті кітаптың авторы. «Тал бесігім–Атырау», «Мейірім», «Шуағым» кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған құнды шығармалардан тұрса, «Ел ағасы» (Мемлекет қайраткері С. Мұқашев жайлы), «Тұғыры биік тарлан бұрғышы» (барлаушы инженер А.Кемелов жайлы) естелік-эссе кітаптарының да тағылымдық мәні терең.
Біз қазір кемеліне келген ақын, журналист әріптесімізге алдағы мезгілде де шығармашылық табыстар тілейміз.
Айтуар ӨТЕГЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Тағдырымды несіне жасырамын
Жылқы жылында ағалық жасқа толатын жергілікті қаламгер Болат Дәулетовтің, жоғарыда атап айтылғанындай, балаларға арналған жыр кітаптары мен «Ел ағасы», «Арман асуы», «Тағылым», «Танымал тұлға» сияқты бірнеше әңгіме, естелік-эссе жинақтары жарық көрген. Автор «Тағдырымды несіне жасырамын» топтамасын саралап, баспаға дайындауда екен. Біз бүгін әріптесіміздің сол жаңа жыр жолдарын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Өмір
Туған жерім Каспийдің атырабы,
Сағынғанда қол бұлғап шақырады.
Балалықтың іздері – Мақаттағы,
Қара сордың бойында жатыр әлі.
Әкем–шаруа, бағасын елі берген,
Аналарым бар еді теліп емген.
Көлеңкесін түсірмей шуақ болып,
Жолдастарым жүреді меніменен.
Жылдарыма өкпем жоқ, еркеледім,
Өскім келді жігіт боп ерте менің.
Шаңқай үйде тұрсам да әлі күнге,
Сезінемін ызғарын жертөленің.
Әлдиінен анамның таң асырған,
Өркен жайдым шипалы дауасынан.
Әкем еске түскенде ауылымның,
Мұнай иісі шығады ауасынан.
Табиғаттың заңына бас ұрамын,
Тағдырымды несіне жасырамын.
Жалғызы боп өссем де қара шалдың,
Құдай беріп жайылды жапырағым.
Қазанында өмірдің пісіп келем,
Аязына көрмепті үсіп денем.
Әке болып отырған мінберімнен,
Ата болып ақырын түсіп келем.
Ғұмыр
Алпыс жас – құрметті бәрімізге,
Сын түсірдің сездірмей тәнімізге.
Қайраттанып бәйгеге қосылатын,
Жүйрік арман, көңіл бар әлі бізде.
Арқалаған қасқайып ағалықты,
Күлімсіреп ұйқыны таң алыпты.
Тарта берме алдыма асықтырып,
Жетпістей жатып тыңдар жаңалықты.
Астымда алпыс ғұмыр арғымағым,
Құдіретіңе бас иіп бағынамын.
Сеңгірінде сексеннің ағыл-тегіл,
Еміреніп өзіңді сағынамын.
Оралмайсың қайтадан рас тағы,
Күмбір сөздер қалады құлақтағы.
Бірін-бірі қуатын уақыттың,
Көбейетін сияқты сұрақтары.
Ертеңіңе сенесің шырақты ала,
Қалатындай барлығы тұрақтана.
Адамдардың әр күні есептеліп,
Беріледі екен ғой бір-ақ дана.
Үлбіреген үмітпен шарайнаға,
Қарай бергім келеді арайлана.
Ғұмырымды алдағы кестелейтін,
Сәби қылып жаратқан Құдай ғана!
Көңіл
Алпыс жас өрте деме, еркелеме,
Келіп қалдың демеймін ерте неге?
Жақсылар мен жаманның ортасында,
Ие болдым ағалық мәртебеге.
Көріп жүрмін орынсыз даттағанды,
Ақылдылар амалсыз ақталады.
Ақылсыздар жарыса билік айтып,
Жағымпаздар ұялмай мақтанады.
Бұлқынады осынау жаста адам,
Елу бестің көңілін тастамаған.
Қызығамын соңыма, алаңдаймын,
Жұмысыма ойға алып, бастамаған.
Жас та болса біреудің ақылы бар,
Үлкендердің кішіге нақылы бар.
Әр адамның туысы, жақыны бар,
Бұл қоғамның – балалар ақыны бар.
Балалықты ұмыту саналық па?
Қалай жетер екенбіз даналыққа.
Ата салтын ұқтыру–борышымыз,
Кәмелетке толатын аралықта.
Басайыншы көңілді жүйрік дөнен,
Қанаттасып келемін билікпенен.
Бәрінен де дұрысын өзің шешіп,
Өзгелердің ісіне килікпеген.
Ағалықтың кезі осы толғанатын,
Қолымдағы қаламым–жорға атым.
Тілім–ысырым, ал асыл кеудемдегі,
Жыр жолдары қарымды қолқанатым.
Тоғысына ғасырдың куәгермін,
Бір орнымда келмейді тұра бергім.
Жеткізбейтін сағымдай өмір көшін,
Қуа бергім келеді, қуа бергім!
Түс
Түлкі бұлаң түс деген,
Сенерімді білмеймін.
Ұмытуға күшпенен,
Өз-өзімді үндеймін.
Көк жүзінде қалықтап,
Қырандайын ұшамын.
Кең даланы шарықтап,
Гүлге толды құшағым.
Су түбінде тұншығып,
Бар үмітім үзілді.
Бұлтты жарып күн шығып,
Қыздырады жүзімді.
Көз ұшында сәйгүлік,
Түрді қырдың етегін.
Бала болып, тай мініп,
Төбе қуып кетемін.
Тастан-тасқа соғылып,
Жел тұрғандай саядан.
Қара терге шомылып,
Дірдек қағып оянам.
… Шындығы сол, үндемей,
Жан-жағыма қараймын.
Көрген түсті күндемей,
Жақсылыққа балаймын.
Ой
Жөнінде жатқан пендені,
Оятып ойлар делбелі.
Басады жарқын жылдардың,
Сағасындағы пернені.
Асыққан жанға ай қысқа,
Жүр екен жастық қай тұста?
Өткендерімді екшелеп,
Түсетіндеймін айтысқа.
Әңгіме қалмай жасырын,
Балалық шақтың асылын.
Жігіт боп жалғастырыппыз,
Аға боп жеткен, Ғасырым!
Кездерім болды арыған,
Денемді суық қарыған.
Әдептіліктен аспадым,
Аталарымнан дарыған.
Туса да оңнан өрмек күн,
Мақтанып әсте көрмеппін.
Балаларымды өсіріп,
Жыр шумағымен тербеттім.
Билікке мен де жас келдім,
Талайын көрдік қас белдің.
Таспенен ұрмай жаманды,
Шақырып алып ас бердім.
Абырой атақ әкеліп,
Біреу берер деу қателік.
Келемін көптің ішінде,
Өзімді-өзім көтеріп.
Осынау қысқа өмірде,
Қуаныш жазсын көруге.
Сыйластық сәні тек қана,
Алуда емес, беруде.
Уақыт көшін паналап,
Іздеймін барға қанағат.
Ортеке ойлар, өтінем,
Жүрмеші тағы мазалап.