ІЗГІЛІК БАСТАУЫ

Ертең тұтас христиан әлемі үшін қасиетті мереке саналатын Рождество басталады. Әлем елдерінің 145 мемлекетінде атап өтілетін православтар мен католиктердің діни мейрамының басты ерекшелігі сол, наным бойынша бұл күн Мария ананың Иисус-Ғайса пайғамбарды өмірге әкелген күні болып табылады.

Жалпы, Иса пайғамбардың дүниеге келген нақты күнін тап басып айту қиындау. Өйткені, діни деректер бұл туралы нақтылықтан  гөрі, болжамдарды көбірек алға тартады. Дейтұрғанмен, ғалымдар екі мың жылдық тарихы бар Рождество мерекесінің шығу тарихын шамамен қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түнмен байланыстырады. Иосиф пен Марияның күткен ұлдары белгілі бір себептермен үңгірде дүниеге келеді. Діни жазбалар «ол дүниеге келер кезде үңгірдің ішін ғажайып жарық сәулелендіріп тұрды. Шағылыса жарқыраған сәуледен жанарын тайдырып әкеткен әкесі бір кезде маңдайы жарқыраған ұлының дүниеге келгенін көреді» деп жазады. Осылайша, Назареттен келген Иисустың алдында бүкіл әлемді өзгерту міндеті тұрған еді. Діни жазбалар барлық адамзат баласын құтқарушысының қай жерде, қашан өмірге келетіндігінің алдын ала белгілі болғандығын айтады. «Ол дүниеге келер түні Вифлеемде өмірге келген барлық нәрестелер Ирод патшаның бұйрығымен өлтірілген еді. Бірақ періштелердің қолдауымен Иисус жарық дүние есігін ашты. Болашақ құтқарушы туған сәтте аспанда ерекше сәбидің дүниеге келгенін паш еткендей жарық бір жұлдыз пайда болады» деп келтіріледі жазбаларда.

Сол себепті де дінге сенушілер осындай ерекше оқиғалардан тұратын Рождество түні шіркеуге барып, зиярат жасап, сол бір жарық жұлдыздың көрінуін күтеді. Бір-біріне игі тілектерін арнап, құттықтайды.

«Христиан қауымы үшін Рождество мерекесінің алар орны ерекше. Кім-кімге де өзінің немесе жақындарының туған күні қаншалықты маңызды болса, дін жолындағы адам үшін бұл датаның қаншалықты ерекше екендігін ұғыну қиын емес. Зайырлылық тұрғыдан қарағанда, бұл демалыс күн. Сол демалыста қайырлы істерді тындыруға арнасақ, осының өзі ғанибет емес пе?», – дейді біз тілдескен облыс орталығындағы Успен соборының аға попы, протоиерей Михаил СТЕПАНОВ. Собор өкілі ізгі мерекенің бұл жолы да дәстүрлі тұрғыда атап өтілетінін айтады. «Мерекелік ғибадат ету рәсімінен соң Құрманғазы мәдениет үйінде рождестволық концерт өтеді деп күтілуде. Мерекелік құттықтаулар одан әрі қарттар үйінде жалғасады. Рождество мерекесінің мәні тереңде жатыр. Бұл күн барша христиандарды ізгілікті іс атқаруға шақырады. Сондықтан, кім-кімнің де қасиетті мерекеде жақсылық жасаудан таянып қалмағаны абзал», – дейді ол.

Тағы бір атап өтерлігі, Рождество бір күндік мерекелеумен ғана аяқталмайды. «Христиандар үшін жаңа күннің бастауы саналатын Рождество салтанаты қаңтар айының 19-ына дейін жалғасады. Мәселен, қаңтардың 13, 14-і күндері Успен соборында архиерейлік ғибадат рәсімі, 19-қаңтар күні шоқыну мерекесі өтеді. Бұл күні халық қасиетті суды жинауға асығады. Саулығы мықтылар мұзды ойып, суға түседі» – дейді протоиерей Михаил Степанов.

«Әр елдің салты басқа» демекші, кім-кім де бұл мерекені өзінше атап өтуге тырысады. Мәселен, Италия халқы Рождествоны тазалықпен байланыстырады. Мереке қарсаңында олар үй ішін тазартып, шаң-тозаңнан арылтады да Рождество түнін құдайға құлшылық етуге арнайды. Тағы бір атап өтерлігі, бұл күні Ватиканда Рим папасының өзі қызмет етіп, келушілерге бата береді.

Ал австриялықтар болса, Рождество күні шіркеуге отбасымен бірге барып, құлшылық жасайды. Шырша ағашын безендіріп, бір-біріне игі тілектерін арнайды. Рождество қарсаңында француздар барлық соборларда кешкілік концерттік бағдарламалар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Мерекенің ерекше ықыласпен тойланатыны сонша, бұл күні елдегі көптеген мейрамханаларда кешкі асты тегін ішуге мүмкіндік беріліп, мерекелік тағамдары бар «рождестволық кәрзеңке» үлестіреді. Ұлыбританиялықтар  үшін де бұл мерекенің маңызы ерекше. Барлық шіркеулерде салтанатты жағдайда рождестволық гимн ойналып, келушілерге ағылшын ас үйінің пудингі мен күркетауық тарту етіледі. Одан соң діндарлар Ұлыбританияның бас шыршасына жиналып, қайырымдылық ұйымдары үлкендер мен балаларға арнап ұйымдастырылған қойылымдарды тамашалайды. Ал, Германия үшін  Рождество — ең басты мейрам саналады. Сол себепті де неміс халқы мерекені отбасында қарсы алғанды жөн көреді.

Жалпы, қай ел де Рождествоны жақсылықтармен байланыстырады. «Ізгілікке толы бұл мерекені қайырлы істерге арнап, сауап жинаған абзал» дейді діндарлар.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз