Жарнама
Қоғам

«Алтын қайық» ЖҮЛДЕСІ

«Жерұйық» мәдениет орталығы» қоғамдық қорының төрағасы Нұрберген Дәулетов осындай шара өткізу, ең алдымен, батыс аймағымыздағы бейнелеу өнері шеберлерін бүкіл республикаға, одан қалса, Ресей, Батыс Еуропа елдеріне танымал ету, шеберлердің өнерін шыңдау екенін айтты. Ал, жеңімпазға бұйыратын «Алтын қайық» статуэткасы қайық үстіндегі қызды бейнелейді екен. Оның авторы — белгілі өнер шебері, республикаға аты танымал мүсінші Серік Мәтениязов. Бұл статуэтканың салмағы – 976 грамм, 24 карат таза алтынмен апталған.
«Неге қайық үстіндегі қыз?» деген сауалға Н.Дәулетов: «Сарайшықтағы мұражайдың төрінде көл бетінде қайықпен жүзген хан қызының суреті бейнеленген. Бұл — Сарайшық қаласының іргесіндегі әйгілі «Секер көлі» туралы аңыздан туған сурет. Хан қызы жанына қырық құрбысын ертіп алып, алтын қайықпен серуендеуге шығыпты. Ханшайым он бес жасында кенеттен қайтыс болады. Хан қызын алтын табытпен, бар жасау-жабдығымен, соған қоса алтын қайығымен жерлеуге әмір етеді. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген, көрген, білген кісілердің бәрін хан біреуге тіс жармасын, кейін сол жерді қазып жүрмесін деп, түгелімен өлтіртіп тастайды.
Кейін «Отыз екі тіс арасынан шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дегеннің кері келгенмен, алтын қайық жерленген жерді ешкім де таба алмайды. Осыған орай біз Сарайшықтағы өнер мен мәдениет асқақтаған арайлы кезеңінің қайтадан маздауын меңзеп, аңыздың негізінде дүниеге келген қылқалам шеберлеріне арналған номинацияны «Алтын қайық» деп атадық. Соған сай осындай статуэтканың өмірге келуіне ықпал еттік», — деді.
Батыстың төрт облысы — Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау шеберлері бақ сынаған байқауға биыл отызға тарта үміткер тілек білдіріпті. «Ақ Желкен» шығармашылық орталығының сайтында әр үміткер туындысына дауыс беріліп, ол 12 желтоқсан күні сағат 12.00-де аяқталған. Ғаламтор арқылы дауыс берген жанкүйерлердің есебі бойынша үш адам алға шығыпты. Солардың ішінде оқ бойы озық тұрғаны — оралдық Ерғали Бекешев. Осылайша Ерғали көрерге көз керек «Алтын қайық» пен бас жүлде — бір миллион теңгені қанжығасына байлады. Оған осынау бағалы сыйлықты «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев пен «Жерұйық» қоғамдық қорының төрағасы Нұрберген Дәулетов салтанатты жағдайда табыс етті.
Республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының бір топ өкілі «Ақ Желкеннің» арнайы Алғыс хатымен марапатталды. Қосымша білгеніміздей, алдағы уақытта осындай жүлде журналистер арасында да ұйымдастырылатын болды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button