«АЛМАТЫ КЕШІНДЕ»
Менің әндерімнің ішінде «Алматы кешінде» деп аталатын вальс бар. Ол жөнінде ел ішінде әртүрлі әңгімелер айтылады. Бағзы біреулер оны «бір қызға арнап шығарған» екен деп, өзінше болмаған бір жайларды айтып жүреді. Осы сөздерді естігенде дәйім Жұбан Молдағалиевтің:
Толқыттың, торықтырдың, ойнақтаттың,
Қиялдың тереңіне ойлап бақтым.
«Бұл кім?» деп, басын ешкім қатырмасын,
Мен cені өлең үшін ойлап таптым, — деген өлең жолдарын айтып, жауап берем. «Алматы кешінде» вальсі – лирикалық толғаныстың жемісі.
Осы вальске байланысты мына бір жай дәйім есіме түседі: Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кезекті жұмыс сапарымен Атырауға келді. Кешінде әкім резиденциясында әңгіме-сұхбат жарасқан демалыс сәті болыпты.
Кейін осы отырыста сыйлы қонақтардың алдында ән шырқаған белгілі әнші, республикалық «Дарын» сыйлығының лауреаты, Атырау музыка училищесінің директоры Сәуле Жанпейісова маған былай деді:
— Сол күні ойымда ештеңе жоқ, өзімнің құрбыларым, жора-жолдастарыммен көңіл көтеріп, ресторанда отырдым. Бір кезде маған әкімшіліктің бір қызметкері телефон соғып: «Сәуле, қайдасың? Әкімнің резиденциясына тезірек келші! Машина жіберем. Тез кел….тез… тез!» деп дегбірсіздене елең еткізді. Ресторан жайына қалды. Әб-сәтте резиденцияға жеттім. Коридорда әлгі жігіт құлағыма мазасыздана сыбырлап: «Өзіңнің жақсы… тамаша әндеріңді шырқашы, Сәуле» деп, тыпыршыды.
Мен дастархан басында отырған жандарға… Нұрсұлтан Әбішұлына ізетпен иіліп, сәлемдестім. Нұрағаң маған ойлана қарады да, қоңыр көзінде жылылық нұр білініп, сәл ғана жымиып, күлімсіреді. Сөйтті де: — Сәуле, сен осында екенсің ғой. Көп болды, көрмегелі. Білем, сенің репертуарыңда қазақтың дәстүрлі әндерінің бәрі бар… бәрі. Сен бір халықтың үні боп шырқап жүрген қызсың. Және біздің кешегі жас дәуреніміздің ойлы да сырлы, шалқымалы әндері де сенің орындауыңда радиодан, теледидардан жиі беріліп тұрады. Сол әндеріңнен басташы, Сәуле, — деді пешенесі жазыла түсіп.
Нұрағаң өбектей сөйлеген осы сөзімен көңілімді желпіді. Мен ән басын сіздің «Еділ-Жайығыңыздан» бастадым, Илья аға. Дауысым бабында еді, әннің тебіреністі иірімдері толқын-толқын боп ұзап бара жатты…
Әлбетте, бәрін көріп, байқап отырмын, Нұрағаңның жүзі нұрланып, көзінен шуақ тарады.
Ән әнге жалғасты.
«Қызылжар-Семейді-ай», «Бұлбұлым», «Қаракөзім» тізбектеліп, дауысым еркін ашыла берді. Әнші үшін, әлбетте, бұл нағыз шабытты сәт. Өзіңе ықыласы ауған орта шалқытады, сені. Әншіге керегі сол. Сол қолпаш!
Бір сәт тыныс алған шақта Нұрағаң менің домбырама қол созды. Мен лып етіп бере қойдым. Нұрағаң жайлап шертіп көрді де: — Ә, Сәуле, сен сияқты тарта алсам ғой, үні қандай сүйкімді домбыра — деді, қызыға сөйлеп.
Мен де еркінсіп: — Өзіңіз де әдемі шертесіз, Нұраға… ән салғаныңызды талай рет тыңдағам, — деп ілтипатты сөзімді айттым.
Нұрағаң толқыған күйі: — Шіркін, ән… оған не жетсін. Жан дауасы сол ғана. Онсыз өмірдің сәні де, мәні де жоқ. Мына бір терме, тыңдап көрші, — деп жаймен ыңылдады.
— Бұл терме – «Боларсың» деп аталады, Нұраға.
— Иә, иә, сөзі Мақтымқұлыныкі, Сәуле, солай емес пе?
— Иә, Нұраға… әнін шығарған Игілік Омаров. Арқаға аты әйгілі әнші.
— Сырттай білем. Әндері радиодан жиі беріліп тұрады.
Нұрағаң домбыраны балбырата шертіп:
Биік таулар «бойшаңмын» деп шіренбе,
Күнің туса сен де типыл боларсың.
Терең теңіз тәкаппарсып түнерме,
Суың кепсе сен де бір шөл боларсың, — деп, тағы біраз шумақтарды айтып кеп:
Мақтымқұлы, өлшеп сөйле бойыңа,
Асыңды бер, қарай-қарай жайыңа.
Дана тапсаң басыңды қи жолына,
Сонда сен де кәміл адам боларсың! — деп қоңыр үні діріл қағып, ойлана тоқтады.
Сәл үнсіздіктен кейін Нұрағаң жаңағы уһілеткен әуезден зорға құтылғандай боп, бойын тез түзеп алып, домбыраны маған ұсынды да: — Шырқа, Сәуле! — деді, еркелете үйіріп.
Сонан соң ән соңынан ән кетті…
Нұрағаң әр әнге ойлана ден қойып, кейбірінің сөздерін кәдімгідей түзеп, өзі қосыла әндетті. «Әншімін» деп жүрген менің өзім кей әннің сөзін басқаша айтады екем. Соны түсіндім. Өзімді өзім түзетіп отырдым. Нұрағаң осылайша әр әнге мән беріп: «Сәуле, «Бұлбұлды» айтшы?» — деді. Мен:
— Ой, бұлбұл, сен де бұлбұл, мен де бұлбұл, — деп Кененнің әнін күбірлеп, домбыраны дауысыма ыңғайлап, келтіре бергенімде Нұрағаң: «Сәуле, ол «Бұлбұл» емес, мына «Бұлбұл» деп:
Бұлбұлым, мың күніңе татиды,
Осы отырған бір күнің – дейтін мөлдір лиризмге тұнған назды әннің қайырмасын жайлап қана сызылтқанда отырған жандардың бәрі мәз бола шаттанды, дейсіз… оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Білмеймін, осы сәтте ойыма қалай орала кетті, сіздің «Алматы кешінде» вальсіңіз еліктіріп, жүрегіме желпініс берді. Ән:
Сам жамырап, жарқырады самала,
Кел, қалқатай, кел, қаланы арала, — деп шуақты сезіммен басталып, аяғына дейін сол сырлы лиризмі вальс екпінімен толқыта тербеді. Әннің:
Желпиді, самал жай ғана,
Хош иіс гүлдер айнала,
Маужырап тұрған қалада,
Арала, сәулем, арала,
Серуен қалар есіңде,
Алматы рахат кешінде! — деп бітетін ерке назды қайырмасы Нұрағаңды іштей толғантып, бір тылсым ойға түсірді.
Бар сыр адамның көзінде тұрады ғой. Құпия да, шындық та сонда! Қуаныш та, қайғы да сонда! Мейірім мен зұлымдық та сонда! Кеңдік пен тарлық та сонда! Тереңдік пен саяздық та сонда! Жомарттық пен сараңдық та сонда! Сәуле мен түнек те сонда! Ащы мен тәтті де сонда! Гүл мен тікенек те сонда! Бәрі де көзде! Нұрағаң қиял құшағында бәрімізден бөлектеніп кеткендей. Өзімен өзі. Жаңа ғана жалт-жұлт еткен жанары қоңырқай тартып, қабағының астына ой тұнды… ой. Бөлме іші тым-тырыс. Тағы да үнсіздік. Мен іштей қобалжыдым. «Әнім ұнамай қалды ма?» деген беймаза ой жүрегімді шымм еткізді. Жүзімді төмен салып, домбыра пернесін жай ғана сипалай бердім.
Мылқау үнсіздікті Нұрағаңның өзі бұзды. Қайтадан қозғалақтап, көзінде сәулелі нұр, бір нәрсе дегісі келіп, жүзі алабұртып: — Сәуле, осы вальсті қайта айтшы! — деді, жымиып қана.
Мына жылылық, мейірлі сезім мені қайта желпінтті. Ән басталды…
Вальс орындалып біткенде Нұрағаң екеуіміздің арамызда мынадай диалог болды: — Сәуле, бері кел, қасыма отыршы. Жұмысың қалай?
— Жақсы, Нұраға.
— Жағдайың дұрыс па?
— Жақсы, Нұраға.
— Сені Астанаға алып кетсем, а?
— Мұнда жұмысым көп қой, Нұраға. Ана жылы Иманғали ағамыз музыка училищесін академия дәрежесіне көтергісі келіп еді, қызметі ауысып кетті де, ол әлі өз деңгейінде бола қойған жоқ. Сол мақсатты істі орындай алсақ деп жүрміз. Осы Батыс өңірінде сондай бір жаңа өнер ордасы ашылса, бұл төңіректегі жас таланттар алысқа бармай-ақ Атырауда оқып шығар еді, Нұраға…
— Пәлі, жұрт Астанаға ұмтылады, ал, мына Сәуленің ойын қараңыз, Атыраудан кеткісі жоқ.
Осы сөзіне Нұрағаң рахаттана күліп алып: — Қызметіңе, бар тірлігіңе сәттілік тілеймін, Сәуле… сөзің жөн-ақ, өзің сияқты халыққа белгілі дарынды жандар Атырау сияқты Астанадан, Алматыдан алыстағы ел-жұртқа да керек. Жүзіңді көріп, әндеріңе мейірім қанды. Композитор Илья Жақановтың лирикалық әндері:
Құдай-ау, қайда, сол жылдар,
Махаббат қызық мол жылдар.
Ақырын, ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар, — дегізіп, жүрек толқытатын жастық шағымыздың жайнаған жыры ғой. Кезінде жаңағы «Алматы кешінде» вальсін Теміртауда қызмет етіп жүрген кезімде жүректері жалындай лаулаған романтик жастардың сауық-кештерінде билеген сәттерім қаз-қалпында есіме түскені. Алматы қазақ халқының сұлу да сәулетті астанасы болды. Алматыны ардақтаған қаншама шырайлы әндер туды. Солардың ішінде «Алматы кешінде» вальсі мен үшін бөлекше ән. Сәуле, дәл осындай әндерді шырқай бер, айналайын! — деп саусағынан бір әсем жүзікті алып, менің саусағыма кигізді.
Мен сасқалақтап, «ой, Нұраға… Нұраға!» деп, не дерімді білмедім.
— Илья ағаң осында ма?
— Иә, Нұраға.
— Ол кісіге менен сәлем айт. Өзіне, отбасына аманшылық тілеймін. Ел ішінде жүргені жақсы. Атырауға келгелі біраз әндер жазыпты. Кейбірін тыңдадым да.
— Ол әндер: «Доссор вальсі», «Құлсары», «Маңғыстау», «Ағады жайық, ағады», «Оралдың ерке самалы»… жергілікті әншілер жиі шырқайды. Астана, Алматы теледидарынан да беріліп тұрады.
— Ән өмірдің тынысы ғой, Сәуле, жаңағы әндерді өмірдің өзі туғызып отыр. Өмірдің өзі де әнмен сәнді. Әнмен сәулетті. Әнмен қызық!
Міне, Сәуле айтқан эпизод.
«Алматы кешінде» вальсі…. мен бұл вальсті 1959 жылдың шілде айында жаздым. Вальс жанрына қызығып жүрген кезім. Бұл вальсті алғаш рет ақын Мұзафар Әлімбаевтың алдында менімен бірге отырып тыңдаған Шәмші: — Мен Ильяны дәйім «Глубокий лирик» деймін, Мұзаға… қазақтың дәстүрлі әндері стиліндегі әндері бір бөлек. Пушкин, Лермонтов, Абай сөздеріне жазған элегия, романстары ол да өзгеше дүние… тұнып тұрған тұңғиық сыр. Әлгі сөзді сол себептен айтамын, Мұзаға, ал, мына «Алматы кешінде» вальсі бізді шалқытады, әлі. Вальс жазу Ильяға түкке тұрмайды екен, Мұзаға. «Вальсомания» деп мені жазғырып жүрген әріптестерім енді Ильяны да қағытады. Мейлі, ол шіркіндерде одан басқа не қарекет бар, Мұзаға? Мен «Ақмаңдайлымнан» кейін «Ақсұңқарымды» шығарып, өзіңізге елпілдеп келгенімде сәлемнің орнына «Мұзаға, тағы бір мощный ән жаздым» дегенім есіңізде ме? — деді, сылқ-сылқ күліп.
Мұзағаң да мырс етіп: — Сен оны, Шәмші, таңертең айттың. Ал, сол күні Илья түстен кейін маған келіп: «Мощный ән жаздым, Мұзаға» деді. Екеуің де бір күнде мощный екі ән жазыпсың, сондықтан, бүгіннен бастап екеуіңді «мошән» деп атаймын. Ха-ха-ха! Ал, Ильяжан, бір-екі күн мұрсат бер, вальсіңе сөз жазып көрейін, — деп шабыттана толқып еді.
Сол бір кездерде атақты опера әншісі Байғали Досымжанов Нұрғиса Тілендиевтің «Жан сәулем» әнін радиода жиі-жиі шырқап, концерттерде дүйім жұрттың қошеметіне бөленіп, сері көңілмен серпіп жүрген-ді. «Алматы кешінде» вальсі ең алдымен осы Байғалидің қолына тиді.
Ал, бір күні Байғали Досымжанов «Алматы кешінде» вальсін радиоға жаздырып тұрып, кенет тамағынан қан кетіп, бүк түсіп отырып қалды. Сол күні емханаға жатты. Кейін бұл вальс жөнінде Байғалимен ешқандай әңгіме болмады. Нотасын ешкімге бергем де жоқ. Ол папкімде ұзақ жыл «булықты». Бірақ, ел ішінде емін-еркін шырқалды.
«Алматы кешінде» вальсін бүкіл Сарыарқаға мөлдірете жайған атақты әнші Жаңаарқа ауданы, «Жеңіс» ауылында орта мектепте орыс тілі пәнінен дәріс берген Игілік Омаров. Менің түп нағашым. Жалпақ жатқан Сарыарқа төсінде аққу әуезді осы Игіліктен ешкім ән асыра алған жоқ. Игіліктің шәкірттері көп-ақ. Солардың ішінде Қайрат Байбосыновқа тең келетін қандай әнші бар, бүгінде! «Алматы кешінде» вальсін әуелете көтеріп әкеткен бір құдірет – осы Қайрат Байбосынов! Профессионал әншілердің ішінде бірінші боп Бақыт Әшімова тамылжытты.
«Алматы кешінде» вальсі Қазақстаннан асып, Қытайдағы Шыңжаңға жетіп, Моңғолияның Баян-Өлгейіндегі ағайындарымыздың да «өз әндеріне» айналды. Ресейдің Астрахан, Самара, Саратов, Орынбор… мына жағы Омбы облыстарында тұратын қандастарымызға да еркін тарады, бұл вальс!
Оны орындаушылардың байтақ галереясын санап та болмайды, қазір. Ән де құс секілді, «Алматы кешінде» әлем көгінде осылайша қалқып жүр…
Илья ЖАҚАНОВ, композитор, жазушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері