Сыйға – «Ақылды» аппарат
Рас, компанияның әлеуметтік салаға көмегі он жылдан астам уақыттан бері жалғасып келе жатыр. Осы уақытқа дейін консорциум қаншама игі істер тындырды, ол жағын санап жату артықтау болар. Есесіне, компания әлеуметтік қолдау пакетінің жыл сайын арта түсетіндігін айтады.
Жақында облыстық ауруханада омыртқа жолдары ауыратын адамдарға арналған жаңа жабдық пайда болды. Құны 6 миллион теңге тұратын оңтүстіккореялық аппаратты бас емдеуші орынға «КТК-К» компаниясы сыйлады. Алғашқы нәтижелер жөнінде КТК компаниясы Қазақстан Республикасы Үкіметпен байланыс жөніндегі бас директорының орынбасары Қанатбек Жуминге баяндаған облыстың бас дәрігері Мұрат Құлбасовтың сөзіне қарағанда, аппараттан күні бүгінде отыз адам ем алып шығыпты. «Нәтижелер қуантып отыр. Аппараттың авторы Оңтүстік Кореядан арнайы келіп, құрылғымен жұмыс жасауды үйретті. Ол – монуолог. Ұзақ жылдардан бері осы мәселемен айналысып келеді» деген бас дәрігер бүгінде «KINETRAC» аппаратының ел бойынша жалғыз, әрі оның Атырауда екендігін мақтанышпен атап өтті. Өз кезегінде Қанатбек Райханұлы компанияның алға қарай да облыстағы бас емдеу орнына көмекті жалғастыра түсетіндігін жеткізді.
Аталған аурухананың физиотерапия бөлімшесінің меңгерушісі Ғайни Дәулетовадан білгеніміздей, аппараттың басты ерекшелігі сол – жабдық әр науқасты диагнозына қарай, жекелей емдейді екен. Омыртқа проблемасымен айналысатын оңтүстіккореялық физиотерапевт ойлап шығарған жабдық автоматтанған кушетка түрінде жасалған. «Мәселен, пациентте компьютерлік томография мен МРТ қорытындылары болса жетіп жатыр. Оның диагнозы және бойы мен салмағы компьютерге енгізіледі де, аппарат омыртқаны қандай күшпен және қалай созу керектігін өзі шешеді. Аппараттың басты ерекшелігі сол, ол бұлшық етті қатайтады, әрі проблемалы сегментке чип салынады, кейін аппарат осы аймақта жұмыс істейді» дейді Ғайни Дәулетова. Аппарат жарық (грыжа), омыртқааралық дискілердің протрузиясы, омыртқа каналының тарылуы, тік мүсіннің бұзылуы сынды ауруларды, қазақша айтқанда, жауырын мен аяқ-қол ауруларын отасыз емдеуге арналған. Бір қызығы, аппаратта барлық жағдай ескеріліпті. Тіпті, музыка ойнататын мультимедиялық жабдық та аппаратқа енгізілген. Ем қабылдау кезінде әуен тыңдау арқылы пациент жайлы демалады. Және бір айта кетерлігі, бір сеанстың құны 1 300 теңгеге бағаланып отыр. Әр сеанстан соң пациент 20-30 минуттай жатып, тынығуы да керек. Бастысы, аппарат бүгінгі науқастардың сұранысын қанағаттандыруға жұмыс істеп отыр.
Осы жерде айта кеткен жөн, «KINETRAC» бұл жылы табысталған бірінші аппарат емес. Қанатбек Жуминнің айтуынша, бұған дейін облыстық ауруханаға «Скальпель-генератор» құрылғысы тапсырылыпты. Аппараттың ерекшелігі сол, оны қолданған уақытта дене тігуді қажет етпейді екен. Бұл құрылғының бағасы 13 миллион теңгені құрайды.
Берсең, балаға бер!
Компанияның іздері қаладағы балабақшаларда да жатыр. 14 қараша күні КТК компаниясы Қазақстан Республикасы Үкіметпен байланыс жөніндегі бас директорының орынбасары Қанатбек Жумин №6 «Гүлдер» балабақшасында болды. Компания көрсеткен қолдаудың нәтижесінде балдырғандарда жаңа ойын алаңы пайда болды. Заман талабына сай абаттандырылған ойын алаңы ең алдымен қауіпсіздігімен ерекшеленіп отыр. «Ойын алаңын таза ауада сабақ жүргізетін орын ретінде де, спортпен шұғылдану үшін де пайдалануға болады» дейді тәрбиешілер.
Салтанатты жағдайда алаңның лентасын қиған Қанатбек Райханұлы сәбилерге ұзақ өмір мен бар жақсылықты тіледі. Осы жерде айта кеткен жөн, бұл балабақша үшін мерейтой қарсаңындағы сыйлық болды. Өйткені, 16 қараша күні мекеменің құрылғанына 35 жыл толды. Жеке өзінің, ұжымының және тәрбиеленуші 650 бүлдіршіннің атынан компанияға алғысын жеткізген балабақша директоры Жұмагүл Бектобанова «Сіздер жасап отырған жақсылық біздің өңіріміз үшін үлкен іс болып табылады. Игі іске өз үлестеріңізді қосу арқылы сіздер материалдық құндылық қана емес, жылулық пен риясыз күлкі, үміт сыйлайсыздар» деп атап өтіп, компанияға Алғыс хат пен естелік сыйлығын табыстады.
Осы жерде айта кеткен жөн, компания мен балабақшаны ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан достық қатынас байланыстырып тұр. Консорциум бұған дейін балабақшаға жылу қазандығы мен суару жүйесін орнатып берді.
Ауыл төріндегі қуаныш
Сондай-ақ, «КТК-К» компаниясы жақында аққыстаулықтар үшін тосын сый жасады. «Аққыстау селосындағы Ынтымақ пен Мұнайшы көшелерінің қиылысында шағын демалыс алаңы жасалынды. Оның аумағы 625 шаршы метрді құрайды. Аталмыш компания он жылға жуық уақыттан бері аудан орталығын абаттандыруға демеушілік көрсетіп келеді» деп атап өтті бізбен әңгімесінде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Аслан Амиров.
«Аудан территориясынан бүгінде Каспий Құбыр Консорциумының мұнай құбыры өтіп жатыр. Сол себепті де, аталмыш компания ауданға ылғи әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Биыл компания тарапынан 22 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ол қаржы толықтай аудан орталығын абаттандыру жұмысына жұмсалып отыр» деді біз хабарласқан аудан әкімінің орынбасары Мәди Рахымұлы. Оның айтуынша, аталмыш қаржыға балалар ойын алаңы, шағын футбол алаңы салынып, Ынтымақ көшесіне тротуар төселген. Бұдан басқа, Егемен Қазақстан көшесіне газ желісі жүргізіліпті. «Аудан орталығында ескі газ құбыры болған еді. Құбыр енді жердің астына енгізілді. Білгеніміздей, бұған дейін компания Қаратүбек ауылында жеңіл машина жүретін көпір салып берген екен. «Өркен» елді мекенінде салынған жаяу жүргіншілер көпірінде де КТК компаниясының қолтаңбасы жатыр. Енді келер жылы компания әлеуметтік көмекке 25 млн. теңге бөлгелі отыр. Бұл сомаға аудан орталығындағы Ардагерлер саябағын қайта жаңғыртуды жоспарлап отырмыз» деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары Мәди Рахымұлы бізбен телефон арқылы болған әңгімеде.
Компания басшылығының айтуынша, әлеуметтік қолдау мұнымен тоқтамайды. Компания әлі талай жыл көмекке зәру болып отырған ауылдарға, білім мен денсаулық саласына көмекті ұлғайта түсетін болады.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
PR