Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған…

704663ced1843c2e666a87b8bb25e6f9 l Қоғам

Қазақ атамыз бала десе ішкен асын жерге қойып, барын алдына тосып, ешкімнен кем қалмай өсуіне барлық жақсы әрекеттерді жасаған. «Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры» деп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген.

Әсілінде адамның бәрі бірдей. Дегенмен, оның мүмкіндігі әртүрлі. Қазір Жер шарындағы түрлі себептерге байланысты өмірге келген сәбилердің туабітті дерттерге шалдығуы жиілеп барады. Осы орайда, тумысынан өмірдің азабын тартқан мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамның назарын аудару – басты парыз. Ең алдымен, олардың адамгершілігі, құқықтары мен амандықтары сенімді қорғалуы қажет. Ерекше балалар да қоғамда өздерін еркін сезінуі керек. Сондықтан бүгінде өңірде айрықша күтімге мұқтаж балаларға қолайлы орта қалыптастырып, медициналық көмек беру үшін мамандандырылған сауықтыру орталығын салудың маңызы зор. Бұл мәселеге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде айрықша маңыз берді. Осы орайда Атырау қаласындағы балаларды дамыту орталығының тәрбиешісі Айзада Жайық «Мен бұған дейін балалармен  мүлдем жұмыс жасап көрген жоқпын. Басында өте қиналдым. Әр баланың психологиясы, алған тәрбиесі әртүрлі болады. Соған сай жұмыстануың керек екен. Қазір үйрендім, тіл басыу жолдарын, көңілдерін қалай табуға болатынын білемін. Жалпы мен балалармен арттерапия арқылы жұмыс жасаймын. Ол өнермен емдеу, оның ішінде  суретпен, музыкамен, ертегімен, гүлмен емделу түрлері бар. Қазақстанға жаңадан келіп жатырған бұл сала Түркияда, Ресейде АҚШ-та жақсы дамыған. Біз осы арттерапияның ішіндегі сурет пен құммен емделу терапиясын алып отырмын» дейді. «Ата-ана бұл терапияға қалай қарайды?» деген сауалымызды да қойып үлгердік. Айтуына қарағанда, аталған орталықты ашқандағы мақсат – ерекше балаларға көмектесу, жағдай жасау, орта қалыптастыру болғандықтан ата-ана өте жақсы қабылдаған көрінеді. Құммен сурет салған баланың  психикасында өзгеріс болады екен. сол сеепі де аталған орталық үлкен сұранысқа ие.

­- Бір – екі айдан кейін баладан нәтиже көргенде ата-ананың қуанышын айтып жеткізе алмаймын. Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде ерекше балалардың саны артуда.Мұндай бүлдіршіндердің қоғамнан тыс қалмай, ортада тәрбиеленіп, білім алуына, денсаулықтарын жақсартуға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек.

Жалпы орта білім беретін мектептерде олар үшін арнайы сыныптар ашылған. Сонымен қатар, үйден оқытылатын балалар да аз емес. Жалпы инклюзивті білім жүйесінің баланы қоғаммен жақындастыруда, өзін ортада қалыптастыруда маңызы зор. Мұндай жүйе барлық адамның бір-біріне тең қарау қажеттілігін қалыптастырады. Ерекше балалар қоғамнан тыс қалмай, ортада тәрбиеленіп, олар да толық білім алуы тиіс, деп әңгімесін жалғады Айзада Жайық.

Иә,  сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған… Олай болса, сәбилердің бақыты үшін қоғам болып қол созған жөн.

Гүлнұр  АСАНОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің

4 курс студенті

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз