Жарнама
Қоғам

ӘЛЕМДІК ДОДАНЫҢ КҮНДЕЛІГІ

Германия – Португалия – 4:0

МЮЛЛЕР – АЛҒАШҚЫ ХЕТ-ТРИК АВТОРЫ

Топтық кезеңде Фонте-Нова стадионында португалдықтармен кездескен неміс ойыншылары қарсыластар қақпасына төрт жауапсыз гол салып, алғашқы жеңістеріне қол жеткізді.
Бұл ойынның қызықты сәттерімен ерекше есте қалатыны күмәнсіз. Он бір метрлік айыпдобын мінсіз орындаған германиялық Томас Мюллер есепті ашса, араға жиырма минут салып, Матс Хуммельс есепті еселей түсті.
Алғашқы таймның 38 минутында Португалия күтпеген жерден аз құраммен қалды. «Қызыл қағаз» еншілеген Пепе алаңнан қуылды. Айта кетсек, бұған дейін уругвайлық Перейра пен гондурастық Палаасиос алаңнан кетуге мәжбүр болған еді.
Бұдан кейін Мюллер тағы екі рет португалдықтардың қақпасын бағындырып, Бразилиядағы әлем чемпионатында хет-трик жасаған алғашқы шабуылшы атанды.
Айта кетсек, әлем біріншілігінің екінші күні дәл осы стадионда испандықтар мен нидерландық футболшылар кездескен болатын. Мұнда да ойын Нидерланд құрамасының үлесіне ірі есеппен аяқталды – 1:5. (Газетіміздің өткен санында «Испания-Нидерланд – 5:1» деген сөйлемді «Испания-Нидерланд – 1:5» деп оқу сұралады. Бұл олқылық техникалық ақауларға байланысты кетіп отыр).

Иран –Нигерия – 0:0

ТЕКЕТІРЕС ТЕҢ АЯҚТАЛДЫ

Бесінші күні жасыл алаңда кездескен Иран мен Нигерия құрамасы ойыншылары есепті аша алмады. Бұл — биылғы әлем чемпионатындағы тең есеппен аяқталған алғашқы кездесу.
Қос командада да қауіпті сәттер көп болды. Бірақ, бұдан еш нәтиже шықпады. Гол салынған сәттер де болды, алайда, ол есепке алынбады.
«Ғ» тобында Босния және Герцеговина құрамасын ұтқан аргентиналықтар үш ұпаймен көш бастап отыр, ал, Нигерия мен Иран бір ұпаймен екінші орынды бөліссе, босниялықтардың еншісінде бірде-бір ұпай жоқ.

Гана – АҚШ — 1:2

ӘЛЕМ БІРІНШІЛІГІНДЕГІ ЕҢ ЖЫЛДАМ ГОЛ

Америкалықтар Әлем біріншілігіндегі ең алғашқы матчының 29-ыншы секундында есеп ашып, ең жылдам голды тіркеді. Ерекшеленген – құрама капитаны Клинт Демпси.
Күш-жігерді жиған Гана құрамасы жойқын шабуылдарға көшіп, есепті теңестіруге барын салды. Тек ойынның 82-інші минутында ғана ганалықтар есепті теңестіре алды. Алайда, ганалықтардың қуанышы ұзаққа созылмай, америкалық футболшылар Джон Брукстың голы арқылы жауап қайтарып, алға шықты. Төрешінің соңғы ысқырығына дейін таблодағы есеп өзгермеді. Сөйтіп, АҚШ құрамасы екі ұпай еншіледі.

Бельгия – Алжир – 2:1

СОҢҒЫ МИНУТТА СОҒЫЛҒАН ДОП

«Н» тобында Алжир құрамасымен кездескен бельгиялықтар ең соңғы минутта жеңісті жұлып алды.
Кездесуді еуропалықтар белсенді бастаса да, алжирліктер пенальти арқылы есепті ашып тастады. Биылғы ел додасы пенальтидің көптігімен ерекшеленетінін айтып өткен болатынбыз. Міне, тағы бір мысалы – осы.
Алғашқы таймның соңында алжирліктер алда болды.
Келесі кезеңде ойын барысына өзгеріс енгізуді жөн санаған Бельгия құрамасының бас бапкері Марк Вильмотс алаңдағы Дембелені Фелинимен алмастырды. Сапқа қосылған жаңа күш белгиялықтардың ойынын жандандыра түсті. Жетпісінші минутта Фелини есепті теңестірсе, араға он шақты минут салып, Дрис Мертенс еуропалықтарға жеңіс голын сыйлады.

Бразилия – Мексика – 0:0

ҮШІНШІ ТУР ҮЛКЕН МАҢЫЗҒА ИЕ

«А» тобындағы екінші тур кездесулері басталды. Чемпионат иелері мексикалықтармен кездесіп, қауіпті шабуылдар көп болса да, есеп тең аяқталды.
Чемпионат ережесіне сай бұл кездесуде жеңген команда плей-офф кезеңіне жолдама алар еді, өйткені, қос команда қоржынында бірінші турдан еншілеген жеңіс ұпайлары бар. Әйтсе де, екінші кездесуде ұпай санының бөлінуіне байланысты командалардың тағдыры тек үшінші кездесуде ғана шешіледі. Айта кетсек, Мексика командасы Хорватия футболшыларымен, ал, бразилиялықтар камерундықтармен кездеседі. Сондықтан, екі командаға да жеңіс ауадай қажет.

Ресей – Оңтүстік Корея – 1:1

ТАҒЫ ДА АВТОГОЛ

ХХ әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі алғашқы айналымының соңғы ойыны ресейліктер мен Оңтүстік Корея құрамасы арасында өтті. Қос команда 1:1 есебімен тең тарқасты. Ресей құрамасының қақпашысы ұстаған добын қақпа ішіне түсіріп алды.
«Н» тобында алжирліктерді жеңіп, қоржынына үш ұпай жинаған бельгиялықтар алдыңғы лекте тұр. Ал, ұпай санын бөліскен ресейліктер мен корейлік футболшылар ІІ орынды бөлісуде. Ал, Бельгия құрамасына жол берген алжирлік ойыншылар – әзірге соңғы орында.

Дайындаған Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button