Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынованың кабинеті ашылды

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылымиәмбебап кітапханасында жыр падишасы Фариза Оңғарсынованың кабинеті ашылуына орай салтанатты шара өттіОған мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов, жазушыдраматург Рахымжан Отарбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау  облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев, ақынның ұлы Айбар Оңғарсынов пен сыйлас сіңлілері, өзге де танымал ақынжазушылар қатысты. Шарада «Фариза жұлдыздары» жас ақындар клубының мүшелері жыр оқыды.

елдің анасына айналар

Шараны мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов ашып, жүрекжарды лебізін білдірді. Ал, кабинет лентасын республикалық ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының бас редакторы Қасымхан Бегманов пен Фариза ақынның курстасы Қадыр Жүсіп қиды. Сонымен қатар, қазақтың қайраткер қызын білетін және оның мол мұрасын зерттеген жандар нәзік те отты жырлардың авторы туралы естеліктерімен бөлісті.

— Фариза апаның қаталдығы оның сыртқы келбеті ғана.  Әйтпесе, жүрегі жырлап тұрған жұмсақ адам еді ғой. Алматыда, Астанада қаншама әңгіме айтылды… Адамның өмірбаяны су бетіне жазылмайды. Жадына жазылады,қағазға түседі.  Көп естелік осындайда шығады. Ұлттық академиялық кітапханада басшылықта отырған кезім болатын. Апам келді.

— «Тұмар» журналым бар ғой. Жастар сарайында отыр едім, «жөндеу жұмыстарын жасаймыз» деп ұжымымды шығарып жатыр. Баратын жер қалмады. Тығылатын тау қалмады» деді. «Апа, міне, бес қабатты ұлттық академиялық кітапхананың жоғары қабатынан кабинетіңіз, ұжымға да орын дайын болады. Ертең көшіріп аламын» дедім. Сонда апам риза болып, «Айналайын-ай, Алматыда жүргенде жас едіңдер. «Біздің ауылдың, осы батыстың балалары ылғи бір ортаға сыймай жүреді. Осы мұнтаздай болып неге жүрмейсіңдер»  деп көп ұрсатын едім. Бүгін сол үмітті ақтадыңдар» деп риза болған еді. Көшіп келді. Бүгін де облыстық кітапханада апамның кабинетінің ашылуы сәйкестік емес пе?! Оған зиялы қауымның қатысуы – үлкен мерей.

Фариза апа өлең жазбайтын еді ғой, ол өлеңді құятын. Апама Құдай тағы бір бес-он жыл бергенде елдің анасына айналар еді, — деді естеліктерімен бөліскен жазушы-драматург  Рахымжан Отарбаев.

Жиында сөз алған республикалық ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының бас редакторы Қасымхан Бегманов, еңбек ардагері Рашила Мүрсалиева мен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаевтар жырымен миллиондаған жүректердің қылын қозғаған Фариза ақынның ел, қоғам дамуына қосқан үлесін, қазақ поэзиясында қалдырған ізін, адамгершілік келбетін ерекше атап айтты.

Рита Өтеуғали

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button