Әлем мойындаған реформатор
Тарихи кезеңдегі ауыр да жауапты миссияны абыроймен асқақтатқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін әлемдік тұлғаға, әлем таныған саясаткерге айналды.
Алпауыт күштер сырттан андыздап тұрғанда, ел ішінде адам баласы түсініп болмайтын шытырман оқиғалар арпалысып жатқанда, Назарбаев көрегендікпен, көсемдікпен есеңгіреген елдің есін жиып, Ұлы Далада өте қысқа мерзімде бұрын-соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет орнатты. Орнатып, қалыптастырып, дамытып, әлемге танытып, әлемдік қоғамдастыққа мойындатып қана қойған жоқ, мемлекеттіліктің, ел басқарудың өзіндік, «жаңа қазақстандық мектебін» қалыптастырды. Өзі де әлем қауымдастығы мойындаған кемеңгерге айналды. Ел алдындағы, өркениет алдындағы осындай аса жауапты міндетті Елбасы, сөйтіп абыроймен орындады. Қазақ жері – қасиетті, тарихы мен тағдыры тақсыретті жер. Ұлы Даланы бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, құдіретті рухымен қорғады. Әзіз бабалар елдік пен ерліктің ұлы үлгісін көрсетті. Темір ноқта мен арқан ноқтаның ортасында оттай лаулап, Отанын сақтады, Тәуелсіздікті аңсады. Бабалар аңсаған сол арман – мемлекет тәуелсіздігі сан ғасырлар сағындырып, ақ қанатты періште кейпінде елімізге оралды. Халқымыз Нұх пайғамбардың кемесіне мінгендей хал кешкенде, қайшылықтар шырмауына шырмалғанда, замана теңізінен аман алып шыққан кемел ойлы саясаткер, кемеңгер, дуалы ауыз, ел бастау тәсіліне жетік Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еді.
Әлем тарихында жарқын құбылыс, жаңашыл реформатор деп танылған ұлы саясаткер жайында дүние жүзі қайраткерлерінің жарыса жазатыны содан. Ол пікірлердің қай-қайсысы да ел Президентінің пайым-парасатына, ерлік іс-қимылдарына, төтенше шешімпаздығына берілген мейлінше әділ сипаттамалар. Еліміздің тереңінен толғап, алыстан болжар көсемі, сұңқар пейіл басшысы, алтын жебелі сардары Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен іскерлігі арқасында Астана желкілдеп, жаңарып, жаңғырып, қарыштап дамып келеді. Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ елдігімізді баянды етудің, Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнатудың амалдарын жүзеге асырып келеді. Соның бірі – Астананы Арқаға көшіру. Ызы-қиқы заманда, аса бір қиын кезеңде Бас қаланы көшіру – ол кезде ақылға да сия бермейтін, қиялға да келмейтін теңдесі жоқ ерлік еді. Астана бүгінде – Отанымыздың орталығына орналасқан ғарыштың тап кіндігіндегі Темірқазық жұлдызына, жаңарған Қазақ елінің інжу-маржанына, қасиетті бойтұмарына, азаттығымыздың алтын қыранына айналды. Астана – ұлт рухының құдіретті шарайнасы. Ол мемлекетіміздің биік мәртебесі, жоғары дәрежесі, бақ-берекесі, елдік пен тұтастық-бірліктің тұтқасы, дербестігіміздің дара тумасы.
Астана тарихы Елбасының ерен тұлғасын, қайраткерлік, саясаткерлік іс-қимылдарын айқын сипаттайды. Астананың архитектуралық, философиялық-эстетикалық тұжырымдамасын да Президент жасаған-ды. Назарбаев жаһандық сәулет өнерінің жаңалықты құбылыстарына, үздік үлгілеріне жүгіне отырып, саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық мәні өзгеше жаңа елордаға лайық қайталанбас ою-өрнектер, ұлттық нақыштар, сан алуан бояулармен құбылған бейнелі суреттер салдырды. Елбасының Сарыарқа төсіне, қазақ жерінің қасиетті төріне Астананы көшіргені тегін емес. Бұл өңірде небір өркениет дамыған. Астананың іргесіндегі Бозоқ қаласы, Ерейментаудағы байырғы хан ордалары осы Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тепкен, тоғыз жолдың торабына орналасқан. Түгін тартса, майы шығатын осынау топырақта мыңдаған баһадүрлеріміздің қаны төгілген. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының да айтулы шайқасы осында өткен. Олар қазақ халқының келешегі үшін күрескен. Президентіміз есепсіз көп нәрсені істеді. Тәуелсіздігімізді баянды етті. Абыройлы асулардан астық.
Әлемдегі озық елдердің қатарына қосылдық. Халық өз Президентін жүрегінің төріне шығарды. Нұрсұлтан Әбішұлы – Елбасы. Ұлт намысының қамшыгері. Қазір әлемдік саясатты игеруде, экономиканы еңсеруде, өз халқының тарихын, тілін, мәдениетін білуде Президентке тең келетін адам жоқ. Еуразия кіндігінде ұлт пен ұлысты сүттей ұйытып, күнбе-күн келісім мен жарасым шамшырағын жағып отырған – қарқарадай Президентіміздің еңбегі. Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстанның паспортына, символына айналған адам. Елбасының ендігі арманы – Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнату. Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнату идеясы бүгін ғана туа қалған жоқ, ықылым замандардан бері ел орнап, билік пайда болғалы бері жалғасын үзбей келе жатқан әлемдік құбылыс. Адам баласы өмір бойы жұмақ жерді, жұмақ елді, бақытты, еркіндікті іздеумен, аңсаумен келеді. Ол – арман, татулығы жарасқан, береке-бірліктің елін орнатудың, Мәңгі Ел орнатудың идеясы. Назарбаев бұл идеяны халқының байырғыдан бері жалғасып келе жатқан байтақ тарихынан алып отыр. Ол – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман, Түркі дүниетанымындағы Өтүкен, халқымыз армандаған Жиделі Байсын; Асанқайғы желмаяға мініп шарқ-ұрып іздеген Жерұйық, бақытты өмір, баянды тіршілік. Қытайлар өзін «Аспанасты елге» теңейді. Жапондар өздерін «Күншығыс еліміз» дейді. Ал, біз – Ұлы Дала еліміз. Кез келген мемлекетті дамытатын, халықты арманына жетелейтін күш – идея, идеология.
Идеология дегеніміз – сол елдің бағдаршамы, адастырмайтын компасы. Егер ол болмаса, кеме – мұхитта, ұшақ – көкте, адам жерде адасады. Арғы-бергі тарихта елім мәңгі болмасын деген бірде-бір мемлекет жоқ. Бәрі де соны армандаған. Бірақ, жете алмаған. Мұны Елбасы білмей отырған жоқ, біліп айтып отыр. Бізге елді адастырмайтын компас керек болып отыр, елдің ілгергі үміті керек болып отыр, арманға жетелейтін жарқын идея, мемлекеттік идеология керек болып отыр. Бұл идеяны Н.Назарбаев елінің тәуелсіздігін қорғау үшін Тәуелсіз Қазақстанды дамыту үшін ұсынып отыр, бабалар жеткізе алмаған арманға елін жеткізсем деп отыр. Демек, Мәңгілік Ел орнату үшін алдымен жердің тұтастығы, елдің ынтымағы керек, ата тарихын ұрпақ санасына сіңіру керек, Ұлы Даланың тарихын сол Ұлы Даланың ұлы тұлғаларынан алып жазу керек. Мәңгілік Ел бір күнде орнай қалмайды. Мәңгілік Ел – өміршең, мәңгілік идея. Ол науқаншылықпен, жарлықпен, бұйрықпен орнамайды, ғасырлар бойы қалыптасады. Сол себепті, «Мәңгілік Ел» идеясын өткінші науқанға, жаяу жарысқа айналдырмау керек. Бұл идеяны ұлттың дүниетанымына, санасына сіңіру керек. Өйткені, ол – терең толғанатын, біліп, иінін қандырып жазатын, жылдар бойы тылсымы ашыла беретін ұлы құбылыс.
* Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы Дала елі» – Мәңгілік Ел» идеясы күрделілігімен, сан қырлылығымен ерекшеленеді. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін терең, байыпты концепция керек. Оның ең басты шарттары: 1) мемлекет территориясының тұтастығы; 2) мемлекеттің қорғаныс қабілеті, ұлт қауіпсіздігі; 3) мемлекеттің тілі; 4) діні; 5) ізгілік, даналық ілімі, ұлы эпостары; 6) ата-дәстүр, атакәсіп; 7) халқының ынтымақ-бірлігі.