АЛАШТЫҢ АҚҰШТАБЫ

Атырауда «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған

ақынға арналып шығармашылық кеш  өтті 

Атырау өңірі алашына өлеңімен аты шыққан ақын қыз Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылық кешіне барып, бір серпіліп қалды. М.Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрда ақын шығармашылығына арналған шығармашылық кеш болды. Жырларын оқып, ақынды бір көрсем деп армандап жүрген оқырмандар да мәре-сәре!  Кеште ақынның жырлары сөз алды.

Ақынды құттықтап сөз сөйлеген Атырау облысының әкімі Б.С.Ізмұхамбетов: «Ақұштап ақынның жырлары өміріме қырық жыл бойы серік боп келе жатыр. Сонау 70-ші жылдары Уфада оқып жүрген бозбала бозаң шағымда маған қонақ боп келген болашақ жарым ол кезде жұртшылыққа енді ғана таныла бастаған өрімдей жас Ақұштап Бақтыгерееваның «Наз» деген жыр жинағын әкелген болатын. Мен сол кітап арқылы жүрек толғанысымды, жан тебіренісімді елге деген сағынышымды бастым. Шөлдегенде сусын, рухани азық болды. Кейіннен жоғары оқу орнын бітіріп, елге келгеннен кейін қызмет бабымен Алматыға барып, ҚР Халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері дәулескер домбырашы Әзидолла Есқалиевке сәлем бере барғанымда, Фариза апамды және «Наз» арқылы ғана таныс Ақұштап Бақтыгерееваны кездестіріп, таныстым. Мерзімді баспасөз бетіне шыққан ақын өлеңдерін қалдырмай оқып, әр жыр жинағына тілеулестікпен қарайтынбыз.

Кейін Алматыда тұрған кезімде Ақұштап Бақтыгереевамен көрші тұрып, араластық. Ол кісінің жан серігі Ғабдырахим Маралұлымен дос, жолдас боп кеттік. Ақұштап апай бізді жырмен сусындатса, Ғабекең күймен тербейтін. Кейін өзім Батыс Қазақстан облысында әкім боп қызмет жасаған кезімде Ақұштап апайдың отбасын туған жерге шақырдым. Ол жерде де кереметтей жақындығымыз одан сайын жалғасын тапты. Міне, биыл ақынның 70 жас мерейтойын Оралдан бастап, Астана, Алматымен жалғасып, Атырауда қорытындылап отырмыз.

Сонымен қатар, биылғы жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өнер адамдарын марапаттау мақсатында тағайындаған Президенттік сыйлықтың иегері болдыңыз. Құтты болсын! Осындай ғажап ақынның Оралда туып, Нарынның ұлына өмірлік серік болғаны да тағдырдың бізге тартқан сыйы шығар. Ал, Ақұштап апа! Ақ Жайығыңызды тел емген Атырау жұртының Сізге деген ықыласын қабыл алыңыз! Қош келдіңіз! Міне, оқырмандарыңыз да жүзіңізді көріп, бір жасап қалды. Сіз қазақтың бағына туған бірегей тұлғасыз! Сізге тек шығармашылық табыс пен отбасы бақытын тілеймін. Жұбайыңыз Ғабдырахим Маралұлымен бірге әлі де талай асуларды бағындыра беріңіз!»- деп ақжарма тілегін арнады.

Ақын да өз кезегінде залда отырған оқырмандарға жан сырын жайып салды. «Қымбатты менің тілеулестерім! Мен дүниеге келген Орал мен Атырау өңірі, Ақ Жайықтың жағасын жайлаған, ауылы аралас, малы қоралас жатқан ел. Сіздердің орталарыңыздан сонау 70-ші жылдары Алматыға өлең қуып Фариза барды, Оралдан мен бардым. Сөйтіп, қазақтың екі ақын қызын тағдыр осылай табыстырды. Екеуміз жыр жолында жұлдыздай боп қатар ақтық. Әрине, тағдыр болған соң өмір әр адамды өз арнасында тербетеді. Мен де өз бақытымды жолықтырып, тұрмысқа шықтым. Ал, Фариза бар өмірін өлеңге арнады. Бұрын бірге болған жолымыз екіге айырылды. Менің өз отбасым болды, дүниеге балаларым келді, ана атандым. Жөргек пен жаялықты жуып жүріп, бесікті тербетіп отырып өлең жаздым. Қазанымды қайнатып, қонақтарымды қарсы ала жүріп те жырдан қолымды үзбедім. Қанша қиналсам да маңдайыма бұйырған өлеңге адал болдым. Біз ең алғаш жарқырап шыққан кезімізде көпшілік бізге күмәнмен қарады. «Осылар өлең жазып қайбір жарытар дейсің» дегендей пікірлер болды. Өйткені, қай халық та қыз баланы, жалпы әйел затын тек отбасы, ошақ қасы үшін жаратылған деп санайтыны рас. Тіптен Марина Цветаеваға да «Өлең жазу–кесте тігу емес» деп айтқандар болғанын ескерсек, «әйелден ақын шықпайды» деп кесіп айтқандардың  бізге де күдікпен қарағанына көзіңіз жетер еді. Бірақ Фариза екеуміз алған бетімізден қайтпадық. Иә, мен тұрмысқа шыққан соң екеуміз көп кездеспедік, бірге жүрмедік. Алайда үнемі хабарласып, бір-бірімізге тілеулес ниетпен жүрдік. Ішімізден жағдайларымызды түсіндік. Кейде өмір бойы бірге жүрген жандардың да бірін-бірі түсінбейтіндерін, білмейтіндерін кездестіретініміз рас. Ал біз мойымай, алға жүрдік, күрестік. Қалам ұстау әйелге оңай емес. Қазақ менталитеті бойынша көбінесе ұлды дәріптейді. Барлық жақсылық, дарындылық ер адамға қонған деп есептеп, дүниеге ұл келсе, ат шаптырып той жасайды. Менің: «Ержеткенде сол ұлының бәрібір, Қыздан бақыт іздейтінін білмеген» деген өлең жолдарым сол үлкендерге, ата-әжелерімізге еркелеп наз айтуым еді. Иә, біз Фариза екеуміз қаншама өмір жолында арпалыссақ та өзімізді дәлелдеп шықтық. Қыздардың қолынан өлең жазу келетінін мойындаттық. Бүгінгі кездесу де–соның бір дәлелі. Мен қиналған кезде қол ұшын берген, өз қарындасындай аялаған ағаларым да болды. Теңіздік Әбу Сәрсенбаев – өте бір өнердің қамқоршысы, өнер қуған жастардың батагөй атасы болған жан. Ол кісінің көптеген өнерлі жастарға жасаған қамқорлығын бүкіл ел біледі. Менің де маңдайымнан сипап, қолтығымнан демеді абыз Әбу. Қайтпас қайсарлығымен, арыстан жүрек батырлығымен елге мәлім – Жұбан Молдағалиев. Ол кісі кезінде Колбинге де қаймықпай өз ойындағысын айтып, өз ұлтының жоқтаушысы болды. Мен сол бір ұмытылмас күнге арнап: «Ерлікті көзбен көрген күн» деп жыр жаздым.

 «…Жұбан – бөрі, өзгелер қояндардай,

Колбин жүзі сәл қанға боялғандай.

Зал гуілдеп, бір кезде жер солқ етті,

Ұйқысынан бар қазақ оянғандай»,- деген жыр жолдары сол Жұбан ағамның ерлігін паш етіп тұрғандай. Қадыр Мырза Әлі ағам да мені туған қарындасындай қамқорлады. Жолыма тілеулес болды. Міне, осындай ағалардың қамқорлығын көріп өстік. Мен бүгін өте бақыттымын. Сіздермен жүздесіп, жүздеріңізді көріп толқып отырмын. Аман-сау кездесуге жазғай», – деп шын жүрегімен тебіренді.

Ақын Ақұштапты төбесіне көтерген Атырау жұртының атынан сөз алған ҚР Жазушылар Одағының Атырау облыстық филиалының төрағасы, ақын Қойшығұл Жылқышиев: «Қазақтың ақын қыздарының ішінен батырлығымен суырылып шыққан Ақұштапқа жететін ақын жоқ. Кесіп айтатын мінезімен, табиғат сыйлаған ғажайып дарынымен бүкіл қазақ даласына «алаштың Ақұштабы» деп аты кеткен апамыздың бүгін бізбен кездесуі – тағдырдың тартуы. Азаматтар айтатын сөзді айтып, халқының қамын ойлаған ақын апамыз Президенттік сыйлықтың лауреаты болып отыр. Ол да – біз үшін үлкен мәртебе. Академик Зейнолла Қабдолов: «Мен Оралды үш қызы арқылы жақсы танимын. Біріншісі – аңызға айналған Қыз Жібек, екіншісі – батырға айналған ер Мәншүк, үшіншісі – өзіндік мінезі мен өз үні бар Ақұштап. Ендеше, мен бұл елдің қыздары мықты-ау деп ұғынамын», – дегенінің өзі – оның талантына берген елдің бағасы. Бұл кісінің ұлылығы – табиғат берген талантымен қоса, ынтымақты отбасының ұйытқысы, Ғабдырахим Маралұлының сүйікті жары. Балаларының сүйікті анасы. Оған тағдыр қос қанат сыйлаған сияқты. Бірі – өлең, бірі – ана сүйіспеншілігі. Ол нағыз ұлтымыздың анасына тән қасиетке ие. Апамыздың соңынан еріп келе жатқан Атырауда да ақын қыздар бар. Мәселен, «Шабыт» Халықаралық фестивалінің гран-при иегері Әлия Дәулетбаева, ҚР Мәдениет қайраткері Сәулеш Шәтенова, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Ұлмекен Шәукенова. Қазір осы үш ақын қыз Ақұштап апаларына арнаған өлеңін оқиды»,- деп ақын Ақұштаптың ізін басатын сіңлілерін, ақын қыздарды сахнаға шақырды.

Сахна төріне көтерілген ақын қыздар ел-жұртты марқайтып, Ақұштап апаларына арнаған жүректен шыққан жырларын төгілте жөнелді. Одан кейін ақынын ардақтап, жанында жүрген Батыс Қазақстан облысы өнерпаздары сөз алды. Елге әндерімен әйгілі композитор, ҚР Мәдениет қайраткері Донеділ Қажымов Ақұштаптың сөзіне жазылған әнін шырқаса, айтыс ақыны Бауыржан Халиолла да әрі батыр, әрі ақын Ақұштапқа арнаған жырларымен залды сілтідей тындырды. ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева мен Гауһар Қаспақованың орындауындағы Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған әндер кешті одан сайын көркейте түскені анық. Әсіресе, Р.Рымбаева орындаған «Астана» әні Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында ел-жұртқа патриоттық рух сыйлады.

Мынау алмағайып дүниенің қабағын бағып, кенеуі кеткен күндер мен төзімі таусылған түндердің мұңын қағаз бетіне өлең етіп өру – әлбетте, ақынға көп жауапкершілік жүктейтіні айқын. Адамның бәрін туған бауырындай көріп, ақ жүрегін ашып тастап, ақ көңілімен ақтарыла жыр жазатын ақын жүрегін біреу түсінсе, біреу түсінбейтіні және рас. Сонау Шалкиіз, Доспамбет өткен замандардың елесіне елтіп, жыраулар поэзиясымен, ауыз әдебиетінің мәйегімен сусындап өскен ақын жаны нәзік те секемшіл, сезімтал… Өзімен сөйлесіп, тілдесіп тұрған адамның не ойлап тұрғанын айтқызбай түсінеді, біледі. Содан да шығар, кейде бір көрген адамға тәкаппар, менменсіген жандай боп көрінетіні. Ал, кейбіреулердің: «Мінезі тік, қайсар, өз дегенінен қайтпайды »,-деп жататыны да сол бір, жұртқа  түсініксіз мінезінен. Әр адам өзінің ішкі ойы, түйсігі қандай болса, басқаны да солай қабылдайтыны әлмисақтан мәлім. Бір көрген жанға мейірімі түсіп, ақжарма көңілімен шалқып-тасып қалатыны да сол сезімталдық қасиетінен, шамасы!

 «Қинама мамаңды, құлыным,

Жағдайын тезірек біл, ұғын.

Өлеңмен бейнетқор сорлымын,

Сендермен бақытты ұлымын», – деп жан сырын перзенттеріне жайып салған ақын жанының қарама-қайшы драматизмі қандай! Әйелдік табиғатына бағынып ана болып, тәңір берген өлеңін жазуға уақыт таба алмаған өнер адамының үлкен трагедиясы жатыр осы бір шумақта!

Асты үстіне келгендей, аласапыран заманды жырлап, дәуір даусына үн қосудың өзі қандағы қасиет пен киенің дәлелі іспетті. Ақжелең көңілмен бүкпесіз ашылып, өзі туған өлкені, жағасында балалықтың, жастықтың ізі қалған Ақ Жайықты мәңгі өлмес өлеңмен өрнектеген ақын бүгінгі заман, қоғам туралы да қалам тербейді. Бүгінгі таңда адамға адамның жаны ашымайтыны, қателескен жанға ешбіреуінің қол созып, көмектеспейтіні оны толғандырады, жүрегін мұңға қаматып, жанарын жасқа толтырады. Жасыл жайлауда, жұлдызды аспанмен сырласып, жусанның иісіне елтіп өскен табиғаттың арда ұлы – қазақтардың қазіргі күйіне жаны ашиды.

Өйткені, табиғатпен, қоршаған ортамен бұрынғыдай байланыс жоқ, үзілген. Жасыл жайлау  шаңдағы қопарылған тақырға айналған. Өзен арналары тартылып, бұлақтар құм тұтқынында қалған. Даланың еркін өскен киіктері мен жосылған арқарлар сайын дала төсінен жеріген, кейбірінің тұқымы тұздай құрыған. Неткен заман, бұл! Ал, ұлтты тәрбиелейтін, ұлтжанды ұрпақты дүниеге әкелетін аналар ше?! Өз баласынан өздері жеріп, сәбиін перзентханаға тастап кеткендерді «ана» деуге болар ма, сірә? Қылығымен баурап сонау бір кезеңде Махамбеттей әрі батыр, әрі ақын ұлға: «Қаумалаған қарындас, қазақта бар да, менде жоқ»,- деп өкінішпен өзегін күйдіріп аһ ұрғызған қазақ қыздарының  бауырмал, бауырына өзегін жарып беруге әзір тұратын қамқор, елі үшін, елінің намысы үшін өлімнен тайсалмайтын ержүрек қасиеті қайда кетті? Осының бәрі ақын жанына ауыр тиіп, ақын жүрегін күйзелтеді.

Қазіргі, ХХІ ғасыр қазақтары үшін материалдық құндылықтар ғана маңызды ма? Рухани дүниенің шынымен әдірам қалғаны ма, құдай-ау?! Қыздары тегі де, елі де белгісіз шетелдікке күйеуге шығады, бұл үшін ата-ана мақтанып, көтеріле сөйлеп отырады! Не деген сорлылық!

Негізінен қазақ халқы –  қасиетті, киелі халық. Кең дала төсінде емін-еркін, бұла тірлік кешкен жұрттың бір-біріне табан астында өлеңмен жауап беріп, айтысатыны, ағашқа малдың ішегін керіп байлап, оны домбыра деп атап,  одан ғажап дыбыс шығарып, күй ойнайтыны, ел шетіне жау тисе, бесікте жатқан балаға дейін елең етіп, аттың құлағында ойнайтыны, намысын қолдан бермейтіні, өз өмірінен де бауырын артық көріп, ағайынмен сыйласатыны – ондайдың бірін де көрмей өскендерге таңсық екені рас! Тіптен, мертігіп қалған жанды тобығынан қағып, тұрғызып жіберетін сынықшылар мен көкейіндегіні дөп басып айтып, көктәңірмен сырласатын көріпкелдерін қайда қоярсыз! Өзге ұлттарда бұндай қасиеттер бар ма?!

Ен далада еркін ағып жатқан тұма бұлақтың сылдырындай жаны таза, көңілдері көлдей көшпенді жұрттың ұрпақтарында осы қасиеттердің ең болмаса жұрнағы қалған шығар! Сондықтан, оны жатқа жібермей, қадірін білген жөн. Ал, қыздар жат елге, өзге ұлтқа тұрмысқа шықса, сол қасиеттер өзге ұлтқа дариды емес пе?! Неге біз мәселені тайыз ойлаймыз? Елдікті сақтау тұрғысынан, түп-тамырынан қарап, үңілмейміз?! Міне, қазақ қыздарына да шырылдап айтып жүргені – осылар ғой!  Жүрегі қарайып, тек қара басының қамын ойлаған Қарабайлар қайдан шығады тегінде? Әлбетте, тәрбиеден. Ұрпаққа жеткілікті дәрежеде тәрбие бере алмай жатқанымыз шын.

Көзі құнығып, дүниеге тоймайтын, қолы алудан басқаны білмейтін қоғамнан өскен балалар қандай болмақ?! Тірліктің бар мәні сонда ішіп-жеу, дүние-мал жинап, қос-қостан алтын тағып, машина міну, салтанатты сарайда тұру ма? Әлбетте, болғаны жақсы. Алайда, құнығудың түбі бір пәлеге ұшырататынын алдағылар болжап кеткен ғой. Жолда жүрегі қысылып жатқан адамды көрсе де көрмегенсіп, басынан аттап кететін ұрпақ кімді көктетеді? Міне, осы жағдайлардың бәрі жүрегіне жүк түсірген ақын:

«…Апа, сенде Тәңір бар, Жасаған бар,

Ал, біздерде алаяқ, асаған бар.

Тас көше бар, тас үй бар, темір қақпа,

Айқайласаң ашпайды-ау тас адамдар», – деп ана рухына мұң шағады.

Көз ілеспес жүйрік күндердің тасасында қалып бара жатқан қазақы бауырмалдық, қазақы қонақжайлық, салт-сананы ақындық жүрекпен сағынып, аңсайды. Өмір дегеннің өзі күндесін-күнде, бірін-бірі қайталаудан жалықпайтын ұқсас, сұрқай күндердің легі екен, ойлап қараса! Күйбең тіршіліктің иыққа артқан зілдей салмағы да арқаны қажап, әбден запы қыларын әуелде кім білген?! Айналаны ақ шуаққа бөлеп, болмасты болдыратын, маңайды дырду-думанға бөлейтін қайран, жастық шақ! Сонау бір ақ арманын әлдилеп, ақбас Алатау баурайына аттанған күндер де асығыс-үсігіс, алды-артына бір қарамастан, сынаптай сырғып, көкжиектен әрі асты. Жайықтан келген ақ шағала деп қадірін біліп, маңдайынан сипаған ағаларды айтсаңызшы!

Елге Атымтай Жомарттығымен аты шыққан аңыз Әбуден бастап, «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп кең дүниеге бар даусымен жар салған ақиық Жұбан, қазақ өлеңін философиялық  жағынан тереңдете, байыта түскен Қадір… Бүгінде жүрегі сол алыптардың басқан ізін көруді аңсайды… Бәрі де қас-қағымда зыр ете түсіпті… Ұршықша айналып жатқан уақыт шіркінге не дауа бар?! Сүлеймен пайғамбардың қолындағы жүзікте жазылғандай: «Бәрі өтпелі!» Қазіргі адамдары  қатал, бір-біріне қайырылмайтын, қайырқомдығы жоқ қоғам–  ақын жүрегіне жат. Оны ақын жүрегінің қабылдағысы жоқ. Қазіргі бәрі тез, жедел өтетін науқандар,  суық, салқынқанды көзқарас ақын санасын шыбықтайды. Оған бағынғысы жоқ.

Ақынның өлеңдерінің тақырыбы сан алуан. Олардың бәрін біріктіріп тұрған – адамзатқа ғашықтық, өмірге іңкәрлік. Әсіресе, Отанға сүйіспеншілік, ата-ана алдындағы перзенттік парыз, анаға деген махаббат үлкен орын алады. Мәселен, «Ана махаббаты» атты балладаны алатын болсақ, онда ананың перзентіне деген кіршіксіз сезімі, шексіз махаббаты оқырманды бейжай қалдырмасы анық. Аңыз оқиғасының желісіне құрылған баллада қазақ шаңырағының татулығын, қаймағы бұзылмаған бірлігін де әйгілеп тұр.

Бір үйдің тату абысындарының бірі ұрпақ сүю бақытына ие бола алмайды. Алайда, екіншісі дүниеге әкелген ұлын бөліп, өзіне тартпай, «екеумізге де ортақ ұл» деп, екі ана ұлдарын тел емізіп өсіреді. Міне, нағыз қазақы қасиет! Қазақтың әйелі ғана өзінің туған баласын абысынының қойнына сала алады. Шаңырақ бірлігін сақтау жолындағы шынайы құрбандық, жүрек құрбандығы. Әйтпесе, қай елде бар, өз баласын абысынына меншіктетіп қою?! Иә, уақыт жүрдек. Ұл ержетті, аң аулап, ауыл-аймақты асырады. Бір сапарында ханның ұлын ажалдың аранынан суырып алыпты. Батыр ұлға разы болғаны сонша, хан «Анаңа ғажайып сарай соғып берейін» деп, екі абысынның қайсысы ұлдың туған анасы екенін анықтауға тапсырма береді. Алайда батыр ұл: «Екеуі де менің анам» деп бой бермейді. Міне, сонда алаңға халықты жинаған хан екі әйелді де алдырып: «Мына баланы қақ бөліп екеуіңе берем де, екі сарай соғамын», – дейді. Сол кезде ғана туған ана шіркін: «Мен үшін бөле көрме, жер бетінде құлыным аман жүрсе, болғаны!» – деп жылаған екен. 

Бұл баллада – ана махаббатының ешқашан айнымайтындығының айғағы. Міне, нағыз ұлттың анасына тән көрегендік! Иә, қанатыңды кеңге жайып, өлең айдынында аспандай бер, Ақ Жайықтың ақ шағаласы!

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз