Алақандай ауылдан шыққан үш депутат: Халқын сүйген Сапура
Аtr.kz/21 сәуір, 2020 жыл. Уақыт болашаққа қарай зымырандай зулап барады. Оны тоқтатар күш жоқ.
Өткен күндердің дерегі шежіреге қатталып, жылнамаға көшіріліп қана келешек ұрпаққа жетпек. Иә, қаншама жақсылар мен жайсаңдардың жалған дүниеде алшаң басып, келер күнге деген үмітін үкілеп, арман қанатында самғағаны тек мәртебелі уақытқа ғана аян. Тарихтың шаң басқан парағында елеусіз, жоқтаусыз қалып жатқан елдің елеулілері мен халықтың қалаулылары қаншама?!
Бүгінгідей «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманға жету жолында олар маңдай терін төгіп еңбек етті, жан-тәнімен өздерін халыққа арнады. Сондай жанның бірі – біздің кейіпкеріміз Сапура Елеусінова. Алғаш рет 1938 жылы Қазақ КСРнің Жоғарғы Кеңесіне депутаттар сайлауы өткізілгені тарихтан мәлім. Міне, осы сайлауда Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Төңкеріс колхозының атақты балықшысы Сапура Елеусінова халық қалаулысы атанып, депутаттыққа сайланған болатын.
Осынау шежіренің даңқты парағын бүгінгі ұрпақтың білмейтіні өкінішті-ақ. Тағдыры сол бір дүрбелеңге толы аласапыран жылдарға тап келіп, алмағайып кезеңде, аттың жалы, түйенің қомында ғұмыр кешкен Сапура Есенәліқызы шын мәніндегі халықтың жанашыры, елдің игі жақсысы еді. Ол 1910 жылы Бірінші Примор округінің Забурын болыстығында Есенәлі Құрманғазиевтің шаңырағында дүниеге келген алтыншы бала екен. Бір жасқа келгенде анасы Сұлухиядан, төрт жасында әкесі Есенәліден айырылады. Шаңырақтың бар ауыртпалығы бес қыздың ішіндегі жалғыз ұл Хисметоллаға түседі.
«Хисметолла ағамыз болмағанда біздер, яғни, үйелмелі-сүйелмелі бес қыз сонау 1917-1920 жылдардағы революция, азамат соғысы дейтін аласапыран кездерде аштан қырылып қалуымыз сөзсіз еді. Ол жылдарда аштықтан қырылғандар көп болды. Мен сегіз-тоғыз жасқа келген қызбын ғой, барлығы да әлі көз алдымда, ешқайсысын ұмытқаным жоқ. Азамат соғысы кезінде Гурьевтен шыққан ақтардың әскерлері Забурынды басып алды, сонау Ганюшкин, Котяевкіге дейін барған. Әр үйдің қолындағы жылқы, түйесін тартып алып, көлікке пайдаланды, сиырларын табанда атып, жалма-жан асып жейді екен ақтың солдаттары.
Хисметолла ағам 1917 жылы дәл жиырма жаста. «Солдатқа алып кете ме?» деп күндіз үйден шықпай, шоланда жатады. Түнде далаға шығып, өзен бойына құрған ауын қарайды, жыңғыл, қамыс әкеледі. Ол кездегі отынның түрі сол ғой. Қайткенде де Хисметолла ағамыз бізді өлтірмеді, асырап-сақтап, адам қатарына қосып жіберді» деп толғана ақтарылған екен кезінде іздеп барып, сұхбат алған журналист Рахмет Иманғалиевке.
Қазақстан 1920 жылы өз алдына автономиялы республика атанды. Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы қатар-қатар кәсіпшілік көзін ашып отырған балық батағаларының бірқатары мемлекет меншігіне алынып, 1924 жылы «Совет» батағасы
құрылады. Он бестен он алтыға аяқ басқан Сапура Есенәліқызы 1925 жылы ағасы Хисметолланың рұхсатымен аталған батағаға балық кесу жұмысына орналасады. Өзінің еңбекқорлығының арқасында озат жұмысшылар қатарына теңеседі.
Болашақ жарымен де осы батағада танысады. Елеусінов Жиқазбен бас қосқанда небәрі он тоғызда екен. Балықшылық ауыр жұмыста ерлермен бірге жұмыс жасаған оның балалары бірінен соң бірі ауыр тұрмыстан шетінеп кетеді. Ал, Жиқаз 1938 жылы әскерге шақырылып, одан Отан соғысы басталып кетіп, майдан даласында көз жұмған.
Сапура Елеусінова қызмет еткен «Төңкеріс» колхозына 1932 жылы ауданда бірінші рет мақпал жалау берілді. Сол жылы Коммунистік партия қатарына өтті. Ол «Төңкеріс» колхозы құрылған күннен бастап, басқарма мүшесі болып сайланған еді. Содан ол кісі депутат болып сайланғанға дейін «Төңкеріс» колхозы атанып, кейіннен «Қызыл Ту», Панфилов, Андреев, Калинин атындағы колхоздарға бөлінген. Одан соң өзге колхоздармен бірігіп, Қиғаш бойына қоныс аударды.
Біздің кейіпкеріміз депутат болып сайланғанда бірінші берілген аманат-міндет – аталған колхоз ізіндегі балықшы отбасыларын Қиғаш бойындағы жаңа қоныстарға жайғастыру. Байырғы тұрғындарды ғасырлық атажұрттан аударып-көшіру оңай шаруа емес. «Отырсаң – халықсың, көшсең – тәліксің» деген сөз тегін айтылмаған. Оның үстіне, көктемде көшіріп, қысқа дейін баспана тұрғызу жоспарланған. Жұмысты тоқтатпау керек. Техника атымен жоқ. Алайда, қара ормандай халқы сөзін жерге тастамады.
Ақсақалдар жағы «Апырай, Сапуражан-ай, әнебіреу әкемізден қалған қара шаңырақ еді, оны бұзып тастап кетуге көзіміз қимайды. Бірақ, «у жесең де руыңмен же» деген ғой, «бөлінгенді бөрі жейді, жарылғанды жер жұтады», жұрттан бөлініп, жұтқа тірелер жағдай жоқ. Үкімет «көш» десе не қарсылық бар? Сапуражан, сен келгесін амалымыз құрып тұр, әйтпесе, сүйреп апармаса, өздігімнен көшпес те едік. Өзің жол баста, біз саған ілесуге әзірміз» десіп, ел қалаулысына үлкен демеу, қолдау көрсетті.
Сөйтіп, «Төңкерістің» көшін өзі бастады. Көршілерінің жүктерін қоса тиеп, қос желкенді үлкен кемемен Шора өзенінің бойымен Қиғашқа жетіп, одан шамалы басқа қарай өрлеп келіп, қазіргі «Көптоғай» жеріне ірге төседі. Жоғарғы Кеңестің депутатына міндеттелген екінші ауыл – «Қызыл Ту» колхозы. Ол колхоз тұрғындарын қазіргі Сафон селосына қоныстандырды. «Қызыл Тудың» бір бөлігі Қиғаштың шығыс жақ бетіндегі «Жас талап» ауылына қоңсы қонды.
Бірқатар отбасылар ол кезде Тәтерке деп аталатын, қазір Жамбыл атындағы колхозға орналасты. Қоныс аударғандардың бәрі де байырғы ата кәсіптерінен, балықшылықтан қол үзген жоқ.
Сыпырылып көшіп келген жаңа жерде бәрін қайтадан жасау керек болды. Республикаға дейін танылған Сапура Елеусінованың айтқан ұсыныстары жерде қалмады.
Алдымен клуб салуға мұрындық болды. Дағарадай кең, сәнді болмағанымен, ауыл тұрғындарының басын қосып, ойын-сауық көрсетуге әбден жақсы болды. Оған қоса жиырма төсектік балабақша салдырды. Бұның бәрі ол кезде ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай үлкен жетістік болғаны кәміл. Ер-азаматтар қысы-жазы су бойында балық аулайды, ал, әйел-аналар жазда егін салып, қыста мал шаруалайды.
Сонда олардың үйдегі жас балаларын қарайтын адам болмағандықтан, депутат ретінде ұсыныс беріп, салдырған балабақша аудандағы алғаш салынған мектепке дейінгі бала тәрбиелейтін мекемелердің бірі болғаны рас. Басқа балықшы колхоздарынан Панфилов атындағы колхоздың артықшылығы – осындай тыңнан түрен салған құрылыстары. Жақсы жаңалықтың басықасында қашан да депутат Сапура Елеусінова жүрді.
Оның еңбегі бағаланып, аудандық шикізат дайындау мекемесінің орынбасары, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінің бастығы болып тағайындалады. Ал, 1942-1955 жылдары Өлеңді ауылдық кеңесінің төрайымы қызметін абыроймен атқарды. Одан кейін 1959-1966 жылдары Кордуан ауылдық кеңесін басқарып, зейнетке шықты. Жиырма жыл үзіліссіз басшылық қызметте болып, он жыл Жоғарғы Кеңестің депутаты міндетін атқарды.
«Тайсалмайтын, таймайтын
Туды көтер, Сапура.
Ту астында бостандық
Дуды көтер, Сапура» деп жырға қосқан екен жергілікті ақын Оқас Есбосынов сол кезде. Аталған өлеңнің «Міне, өмір, міне, шат, Сайланады депутат. Халқым сүйген Сапура Советіме кандидат» деген жолдарын бүкіл аудан халқы сүйсіне айтатын. Тұңғыш депутат Сапура Елеусінова 1988 жылы өзі Қиғаш бойына апарып қоныстандырған ауылдастарының қолынан бақилық сапарға аттанды. Қазіргі таңда ұрпақтары ғазиз ананың ізін жалғауда.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА
Алғаш рет 1938 жылы Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесіне депутаттар сайлауы өткізілгені тарихтан мәлім. Міне, осы сайлауда Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Төңкеріс колхозының атақты балықшысы Сапура Елеусінова халық қалаулысы атанып, депутаттыққа сайланған болатын.