АҚМЕШІТ – ПІР БЕКЕТТІҢ ТУҒАН ЖЕРІ
Құдіреттің күшімен ерекше қасиетке ие болған Бекет баба тірлігінде жеті жерасты мешітін тұрғызған екен. Соның Маңғыстау даласындағы Оғыланды биігіндегі бірін өзінің мәңгілік мекені етсе, Жылыойдағы Ақмешітте дүниеге келген. Бізге жеткен дерек осылай дейді, халық санасына да солай сіңген.
Осы Ақмешітте біраз жылдан бері Ислам қажы Мырзабекұлы (суретте) шырақшылық міндетін атқарады. Пір Бекеттің тікелей ұрпағы саналатын ол осында келіп тәу етушілерге қалтқысыз қызмет көрсетуімен көпшіліктің разылығына бөленіп жүр. Қасиет иесі туралы бірнеше зерттеу кітаптарын шығарды. Жақында «Ғибратнама» аталатын жаңа еңбегінің тұсауы кесілді. Құлсары қаласында ұйымдастырылған бұл шара Бекет бабаның 265 және Ислам қажы Мырзабекұлының 70 жылдығымен тұстас келді.
Алыс-жақыннан жеткен меймандарға «қош келдіңіз» айтқан Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов атақоныстың арғы-бергі тарихына шолу жасады. Шаттанатын рет болса, айтып қалғанға не жетсін! Оның үстіне, Жылыой жері – қазақ мұнайының тұңғышы ғана емес, сармат дәуірінің салтанат құрған мекені. Осында табылған «Алтын адам» – бүгінде күллі республикаға келер қонақтарға қысылмай көрсететін көненің көзі.
Ал, Ақмешіт ше? Оның қалай қалпына келтірілгені, басына ақшағаладай кесененің қалай тұрғызылғаны әлі жадымызда. Облыс пен ауданның сол кездегі әкімдері Равиль Шырдабаев пен Төкен Жұмағұловтың, іс басындағы азаматтар Есенгелді Нұршаев пен Серік Сағытжановтың бастамасымен барша жұрт болып салынған-ды ол. Құрылысқа өз еркімен қатысқандардан өзге кәсіпорындар жұмысшылары жұмылдырылды. Қажетті техника мен азық-түлік бөлінді. Таудың тасынан ою өрген Маңғыстаудың қас шеберлері шақырылды. Бұл туралы Ислам қажы Мырзабекұлының ілгеріде шыққан кітаптарының бірінде баяндалады. Бүгінде бұл жер алыс-жақыннан ат арытып келетіндердің қасиетті мекеніне айналған. Аптал азамат, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршегеновтің тікелей араласуымен жарық мәселесі түбегейлі шешілген. Тек сенімді ауыз су көзі табылмай тұр, асфальт төсеген де жөн. Құлсарыдан қатынайтын тұрақты автобус шығарған да абзал.
Бекет атаның ғибратты ғұмырын зерттеушілер көп. Сондай әрбір еңбектің нәтижесінде тың деректер де табылып жатады. Рас, кейде талас тудыратын пікірлер де айтылады. Мәселен, Ақтаудан келген ақын Светқали Нұржан қасиет иесінің өмірін одан әрі зерделеу қажеттігін айтады. Әйтсе де, ақиқаттан алшақ жатқан әңгімелерге сақ болу керек. Бұл жұртшылық арасында қауесет таратуға жол ашады. Бүгінде Бекет атаның 1750 жылы туып, 1813 жылы қайтқаны – халық санасына сіңген дерек. Оның Ақмешітте дүниеге келгендігі де – жұртшылық мойындаған шындық. Осында Бекет атаның әкесі Мырзағұл Жаналыұлының, анасы Жәнияның және ұлы Тоғайдың жерленгені де рас. Мұның бәрін осындағы құлпытастардағы жазулар дәлелдейді. Бұл мекеннің Ақмешіт аталуы да о баста мешіттің ақ тастан салынуына және алыстан көзге түсуіне байланысты. Кеңестік кезде мешіт құлатылғанымен, көнекөздер қасиетті мекенді ұмытқан жоқ. Заман түзеліп, тарихи құндылықтарымызды қолымызға алған сәтте Ақмешіт қайта салынды. Осы құрылыс барысында Бекет бабаның атасы Жаналы Қосқұлақұлының да мүрдесі табылды. Жерге әбден көміліп қалған құлпытастағы көне жазуды арнайы шақыртылған маман оқып берді. Ендеше, кімнің дауы болмақ?
Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов – осындай шараларды қолдаушылардың бірі. Мүмкіндігіне қарай қатысуға құштар. Бұл жолы Астанадан арнайы келген ол Ислам қажы Мырзабекұлына әріптесі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғарифолла Есімнің ыстық сәлемін жеткізді. Оның айтуынша, астаналықтар арасында Ақмешітті көруге ниет білдірушілер көп көрінеді. Несі бар, Атыраудан кері қайтпай, ұйымдасқан түрде баруға болады емес пе? Сәрсенбай Еңсегенов ортаға тағы бір оралымды ой тастады. Павлодарда Мәшһүр Жүсіп ғұмырнамасына арналған ғылыми орталық құрылыпты. Сонда тұрақты түрде түрлі конференциялар өтіп тұрады екен. Жылыой тарихы Баянауыл шежіресінен кем емес. Ендеше, неге Ақмешіт төңірегінде осындай нысан бой көтермеске? Сонда Бекет атаның өмірін жан-жақты зерттеуге, оған ғылыми тұрғыдан баға беруге мүмкіндік тумай ма? Ойланатын жай.
Бұл бастаманың қажеттілігі сол – бүгінде Ақмешіттегі барлық шараларды Ислам қажы Мырзабекұлы жалғыз атқарып жүр. Өзі зерттеуші, өзі жазушы, өзі үгітші, өзі ұйымдастырушы. Сондықтан, ақтөбелік ғалым Бекежан Сағындық ұсынысты қолдады. Оның үстіне, мұндай ғылыми орталық Ақмешітте болуы шарт. Өйткені, бұл – алыс-жақыннан ат арытып жететін баршаның тәу ететін жері. Мәселен, Оғыландыға діні де басқа, тілі де бөлек адамдар келетінін өзіміз де көргенбіз. Тіпті, шетелдерден ат арытып жетеді. Олар дертіне дауа іздеуі де, жай саяхаттап жүруі де мүмкін. Бірақ, қайткенде де, қасиетті орынға маңдай тірейді. Мәселен, Бекежан Сағындық Франциядан келгендермен кездесіпті. Қасиетті мекен туралы ақпаратты оқып, арнайы жеткен. Демек, Ақмешітті де сондай көпшілік орнына айналдырған абзал. Іргелес қос облыстың бір-бірінен қызғанары жоқ. Бірінде Бекет ата дүниеге келсе, екіншісінде өмірден өткен.
Әрі, маңғыстаулық еңбек ардагері Дүйсембі Әріптің айтуынша, осындай халыққа күш-қайрат беретін орындарды барынша қолдау қажет. Қадірменді қарт – кезінде Оғыландыдағы мешіттің сақталуына біраз үлес қосқан кісі. Оның түбі ұрпақ игілігіне айналарын білген.
Басқосуға Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының әкімі Басшы Әзірханов та қатысқан. Ежелден Жылыоймен адамы аралас, малы қоралас өңірдің басшысы Ескі Бейнеудегі Бекет атаның тағы бір мешіті туралы айтты. Жастау кезімізде бұл қасиетті орынды өзіміз де көргенбіз. Тәуелсіздік жылдары мешіт қайта жанданып, Бекет ата тарихи-сәулет кешені тұрғызылыпты. Төңірегі көгілдір баққа бөленген. Шіркін-ай, барар ма еді?!
Ғылыми конференцияны жүргізген жергілікті ақын Бүркіт Базарбаев пен жазушы-журналист Қонаш Қалдыораз да көпшілікке ой салатын құнды пікірлерін білдірді.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл күні Ислам қажы Мырзабекұлының 70 жылдығы да аталып өтті. Осыған орай Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов оған аймақ басшысының Алғыс хатын табыс етті. Осындай құрмет өзгелер тарапынан да жасалды. Әсіресе, Бейнеу ауданының әкімі Басшы Әзірханов мерейгердің Бекет атаға арнап бірнеше еңбек дүниеге әкелгеніне тоқталды. Ал, Ислам қажы Мырзабекұлының алғашқы шағын кітабы 1993 жылы Өзбекстанның Гагарин қаласында тұрған кезінде жарық көрген-ді. Кеңестік кездің солақай саясатына да мойымай, қасиет иесі туралы деректерді тірнектеп жинаған жазушы содан кейін де бірнеше кітабын жарыққа шығарды. «Ғибратнама» аталатын кітабы 54 түрлі әңгімені біріктірген жеті бөлімнен тұрады. Жалпы, мұндай тұлға туралы жазу өте қиын. Қырық жыл бойы осы салада еңбек еткенімен, автор әр нәрсені терең байыптап, жан-жақты қамтыған. Бұл – басқосуға қатысқандардың бәрінің ортақ пікірі.
…Ертеректе құлсарылық бір азамат осында тәу етуге шетелден келген шейхты ертіп жүріпті. Әлгі діндар Атырауда ұшақтан тұскен бойда «Берекет» деген бір ауыз сөз айтыпты. Ал, Ақмешітке келгенінде жерге жата қалып, қасиетті орынның энергетикалық қуатын бойға сіңіріпті. «Мұнда рух бар» деген екен әлгі. Бұған алып-қосарымыз жоқ.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.