ЖОҒАРЫ НӘТИЖЕ КӨРСЕТТІ

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай тірек қозғалысы жүйесі бұзылған зағип жандар және есту қабілеті төмен спортшы-мүгедектер арасында шахматтан қалалық ашық біріншілік ұйымдастырылды. 

Жарыстың бас төрешісі Аман Құмаровтың айтуынша, додада Атырау қаласы, Махамбет, Құрманғазы, Мақат, Қызылқоға аудандарынан барлығы 19 шахматшы бақ сынасты. Әсіресе, тартысты ойын есту қабілеті төмен спортшылар арасында өтті.

Атыраулық Т.Бақтияров пен құрманғазылық М.Медеуғалиев алты мүмкіндіктен бес ұпай жинап, І және ІІ орындарды бөлісті.

Зағип жандар арасында І орын иеленген А.Әбдешев бес мүмкіндіктен төрт ұпай жинады. Ал, кейінгі орындар А.Байытов пен А.Ерғалиевке бұйырды. Тірек қозғалысы бұзылған шахматшылар арасында қызылқоғалық Ә.Қосаевтан асып түсер ешкім болмады. Ол мүмкін болған бес ұпайдың барлығын жинады. Екінші және үшінші орындарды құрманғазылық және махамбеттік шахматшылар еншіледі.

* * *

Сондай-ақ, айтулы күнге орай  мүгедек жандар арасында теннистен де жарыс өтіп, оған облыс орталығы мен аудандардан 26 адам қатысты. Қатысушылар сырқатының түрлеріне байланысты топ-топқа бөлінді. Ал, ҚР және облыс құрамасының мүшелері бөлек топта күш сынасты. Топтардың бірінде 11 жасар Жұлдыз Ерубаева жеңімпаз атанды.

Арбаға таңылған мүгедектер арасында Мәди Имақов – І орын, Қанат Шияпов – ІІ орын, Жеткізген Өркенғалиев ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, Раушан Орынбаева, Дария Мәутенова, Аружан Ғинаятова, Дәулет Есқабыл, Нұржан Қасанов және тағы басқалар жүлдегерлер қатарынан табылды. 

* * *

Шымкент қаласында есту қабілеті төмен мүгедек жандар арасында еркін және грек-рим күресінен  өткен Қазақстан чемпионатында Атырау облысының командасы алғашқы рет бақ сынасты.

Ел додасында атыраулық палуан Әлібек Құсайынов еркін күрестен 86 келі салмақта қола жүлде үшін таласта жеңіске жетіп, ІІІ орынды жеңіп алса, грек-рим күресінен 85 келі салмақта өнер көрсетіп, қола жүлдені ұтып алды.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз