Жарнама
Қоғам

«АЙТАРЫМ БАР…»

Бізді бір қуантатыны – авторларымыз саяси-әлеуметтік оқиғалардың бәріне елең етіп, өзіндік ұстанымдары мен көзқарастарын білдіруге асығатыны. Олардың қатарында түрлі мамандық иелері, зейнеткерлер мен студенттер де бар. Авторлар алуан түрлі тақырыптарды қозғайды, әрқалай мәселелерден хабар береді. Айталық, Атырау селолық округінің Жамбыл атындағы орта мектеп мұғалімі Айжарқын Сарбөпеева, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп мұғалімі Нұрлы Каримова, №2 орта мектептің бастауыш сыныптар бойынша оқу ісі меңгерушісі Р.Махимова, қызылқоғалық мұғалім Т.Душкеновтер мектепте өткен мәдени-көпшілік шаралар, кездесулер турасында жазса, газетіміздің байырғы авторлары – атыраулық зейнеткер Мырзабай Әзірбаев пен махамбеттік Шағия Есмағанбетова ел бірлігі, татулық, ауызбірлік және жастардың үлкендерге қамқор болып, тура жолмен жүріп, адал еңбек етуін еске салады.

Газет авторы Клара Рамазанова «Би – өнердің ғажап түрі» деген мақаласында Балықшы кентіндегі М.Қойшыбаев атындағы музыка мектебінің би бөлімі жайында жазады. Әсіресе, осы мектепке төрт жылдан бері қатысып келе жатқан немересі Аяулымның «биге деген құштарлығы мен қызығушылығының артуында оған дәріс беретін педагогтардың еңбегі зор», — дейді ол.

Ақтау қаласының тұрғыны, тыл ардагері К.Стамғалиев сонау 1954-1955 жылдары Гурьевтегі «Казнефтетрест» мекемесінің жоспарлау бөлімінде статист болып қызмет еткен кезі туралы сыр шертеді. Сол кездегі талапшыл басшылардың бірі Бахтияр Абдрахманов жайында тамылжыта айтатын әңгімелері бір төбе екен. Басшының үлгі аларлық қасиеттерін санамалаған автор «ол кісінің есімін мәңгі есте қалдыру үшін өзі еселі еңбек еткен Атырау қаласының бір көшесін сол кісінің атымен атаса» деген ойын қосады.

Сондай-ақ, біз газетіміздің тұрақты оқырмандары мен авторлары – Нұргүл Хамиеваның қазақ хандары мен сұлтандарының пайдаланған мөрлері жайында сыр шертетін «Найзасыз ер, таңбасыз ел болмайды», Манап Абдрахимовтың жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу турасында жазған «Туған өлкені аялайық», Жанаргүл Жасқайырқызының түрлі мәдени-көпшілікшаралар жайында сөз ететін«Кітапханадағышаралар», Гүлайна Жалғасбайқызының «Тұма жырдыңТұманбайы», Әділхан Ибрашевтың халықты ауызбірлікке, шүкіршілікке шақыратын «Басыңа бірлік берсін, елім!», Ләззат Есеналиеваның туған тілдің мәні мен маңызы, оны үйрену, орнымен пайдалану тұрғысында жазған «Қасиетті ана тілі – әрбір ұлттыңмақтанышы», «Болашаққа – қазақ тілімен!», Т.Жаналисованың ауылдағы мәдени ошақ –«Бесікті селолық клубы», қызылқоғалық Гүлмарал Қасымғалидың жасы сексеннен асқанша шөберелерін бағысып отырған абзал ана Қалампыр Ұлықпанова туралы «Кеңпейілді,мейірімі мол әже»атты мақалаларының мән-маңызы ерекше екенін атап айтқымыз келеді. Біздің қоржынымызда осындай хаттардың көптігінен олардың бәрін бірдей газетімізге жариялай алмай отырғанымызды да  еске саламыз. 

Лиза СЕЙТІМОВА, редакцияның хат және бұқаралық жұмыс бөлімінің аға тілшісі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button