ЕРШАТ ОҢҒАРОВ, ИСЛАМТАНУШЫ, ТЕОЛОГ, PHD ДОКТОР, ҚМДБ ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ХАТШЫСЫ: ЖИҺАДТЫ ҚАЛАЙ ТҮСІНІП ЖҮРМІЗ?

Әлемді дүрліктіріп отырған Cирия мен Ирак жеріндегі содырлар туралы блогыма көптеген сұрақтар келіп түсіп жатыр. Соның басым көпшілігі – «жиһад жасаймыз» деп аттанып жүрген жастар жөнінде. Тоқетерін айтқанда, ол елдердегі  содырлардың әрекеті «жиһад» емес! Өйткені, олар бейбіт халықтың қанын төгумен айналысып жатыр.

Ал, жиһад дегеніміз не? «Жиһад» – араб тіліндегі жахд, қазақшалағанда, «тырысу, күш салу, талпыну, ынталану» деген түбір етістіктен шығады. Яғни, бұл – белгілі бір асыл мақсатқа жету үшін, яғни, бір игі істі істеу үшін ең қымбат саналатын уақытыңды, дәулетіңді, бар қажыр-қайратың мен ынта-жігеріңді жұмсау, сол үшін тырысу, күресу деген мағыналарды білдіреді.

Демек, Алла Тағаланы дұрыс танып, білім алып, белгілі бір салада маманданып, өз мамандығын жетік меңгеруге бар қажыр-қайратын жұмсап, сол арқылы адамзатқа, өз Отанына, еліне, халқына пайдасын тигізу, өркендеуге үлес қосу да нағыз жиһадқа жатады.

Шынайы мұсылман адам еш уақытта лаңкес болмайды. Құран Кәрімде «Кімде-кім шаңның тозаңындай жақсылық жасаса, соның сауабын алады, кімде-кім шаң тозаңындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады» («Зилзал» сүресі, 7-8 аяттар), – деп, пенденің әрбір ісі үшін ахиретте жауап беретіндігін білдірген.

Осы жерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисіне оқырман назарын аударғым келеді. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Денеде бір ет бөлшегі бар, егер ол жақсы, түзу болса, бүкіл дене жақсы болады. Ал, егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек» деген екен. Ендеше, нағыз жиһад – мұсылманның жүрегін тазарту, оны ізгілікке бұру болып табылады.

Жалпы, мұсылман кісінің ислам әдебіне, әрі шарттарына көңіл бөлуі – парыз. Адам өз бойында түрлі кемшілік бола тұра, басқаларды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйғаны үшін сауап алғанымен, өзі жақсылықтан мақрұм қалып, жамандықтан жиренбегені үшін күнәлі болады. Өйткені, «жақсылықты кешіктіру – жамандыққа аяқ басу» деген сөз. Сондықтан, мұсылман жамағатын ізгі ниетке, ғылым мен білімді игеруге ұмтылуға шақырамын.

 

Сирия мен Иракқа аттанған жастар кім үшін соғысып, не үшін қан төгіп жүр? Өйткені, олар «Ат-такфир уаль-хиджра», яғни «Тәкпіршілер» жамағатының өкілдері. Олар адамдарды сенім мен күпірлік (таухид пен ширк), бірқұдайлық пен серік қосу (иман мен ширк) мәселесінде адастырып, кәпірге шығаруда. «Таза Ислам», «таза Таухид» деген сөздерді бетперде еткен жамағат өкілдері осылайша өрімдей жастардың болашағына балта шауып отыр.

 

  Әбу Бәкра есімді сахаба (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Егер екі мұсылман қолдарына қару алып соғысатын болса, өлтіргені де, өлгені де тозаққа түседі», – дегенін естідім. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Өлтіргеннің тозаққа түсуі түсінікті. Ал, өліп қалған байғұс не үшін тозақтық?» – деп сұрадым. Ол: «Өйткені, ол (өлген адам) өз бауырын өлтіруге қатты тырысқаны үшін тозаққа түседі» деп жауап берді».

 

  Әйгілі сахаба Ибн Аббас «қасақана кісі өлтіруші тозақта мәңгі қалады» деген пікір білдірген.

 

 Қасиетті Құранда «бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен бірдей» деген аят та бар.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз