АЙНАЛАСЫНА ШУАҚ ТӨККЕН…

(ЭССЕ)
Әміреш Жұмағалиев
бесаспап журналист болып еді

Институттағы курстас досым Амантай Бағытұлы Мұстафиннің аузынан түспейтін бір ғана сөз – журналист Әміреш Жұмағалиев еді.
«Әміреш Жұмағалиев - туған жездем. Менің әкем Бағыт баланың үлкені екен де, Сәния апамыз үш ұлдың ортасында еркелеп өсіп, 1965 жылы Әбекеңмен тұрмыс құрды. Жалғыз жездем болғасын ба, немесе өзіме үлгі тұтып өскесін бе, ол кісіні «Әміреш аға» деп өттім. Тұңғыш рет оның үйінен бокс қолғабын, кір тастарын көріп, таң атпай жатып соларды гүрс-гүрс ұрып жатқан дауысынан оянып, «мен де осындай болсам» деп армандаған кездерім аз болған жоқ. Ол Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің бөлім меңгерушісі, республикалық «Қазақстан әйелдері» журналының жауапты хатшысы, редактордың орынбасары қызметтерін абыройлы атқарды. Уақытында орденге пара-пар награда – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған еді.

Сөйтіп жүргенімде қолыма «Қазақстан әйелдері» журналының 1994 жылғы №11 саны қолыма тигені бар емес пе?! Журналдың соңғы бетінде «Аға туралы сөз» деген мақалада былай деп жазылыпты: «Айналасына көңілінің шуағын төгіп, редакциядағы барлық бауырларын жүрегінің жылуына бөлеп жүретін аяулы ағамыз Әбекеңмен – Әміреш Жұмағалиевпен қош айтысқалы да бір жыл болыпты-ау. Жаны жайсаң адамның өзі өмірден кетсе де, ізгі істері көңіліңде ұмытылмастай болып қалады екен. Пенде баласының ғұмыры өлшеулі болғанымен, оның екінші өмірі айналасындағы жақын-жуық адамдарының сағынышпен еске алуында жалғасатын болса керек».

Журналист Әміреш Жұмағалиев 1929 жылы Жайық бойындағы 16-ауылда өмірге келді. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінен журналистика мамандығын алып, туған жеріндегі баспасөз саласына еңбек ету дәмі бұйырады. Алғашқы еңбек жолы облыстық қауіпсіздік комитетінде бастал-ғанымен, кейінгі еңбек жолы аудандық «Мақат», облыстық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газеттерінің редакцияларында жалғасын тапты. Көз көрген, қаламдары ұшқыр журналистердің айтуы бойынша, Әміреш ағамыз газеттерді безендірудің асқан һас шебері болған деседі.
Кезінде онымен қызметтес болған Айтқали Нұрғалиев ағамыз менімен бір тілдескен шақта былай деген еді: «Ол кісі туралы әңгіме айту – маған үлкен ғанибет, себебі Әміреш аға – менің еңбек жолымдағы тұңғыш тұсауымды кескен ұстазым. Журналистерге тән қасиет – еңбекқорлық, ізденімпаздық, шеберлік, тағысын тағылар ағамыздың бойынан табылатын. Оның спортқа қатты берілгендігі соншалық, облыстық деңгейде өтетін футбол, бокс жарыстарының бас төрешісі болып, әділқазылық жасайтын».
Журналист Ә.Жұмағалиев рухани мәдениеттің адамы болған. Әріптестері «қанша жыл бірге жұмыс істесе де, оның біреуге оқыс, қатты сөз айтып, көңіліне кірбің түсіргенін көрген жоқпыз» дейді. Редакцияның қат-қабат шаруалары, кейде өз уақытымен бітпей жататын жұмыстар талай рет ренжуге мәжбүр етсе де, ол бір арнасынан шығып көрген жан емес. Бұрынғыша редакцияға ертемен келіп, ең соңғы болып есікті жауып кететін – жауапты хатшы. Жоғарыда айтып өткен, қолыма тиген «Қазақстан әйелдері» журналынан аз ғана үзінді келтіре кетсек орынды болар еді:
«Студент кезгі достары Әбағаңның қаладағы ең мықты боксерлердің бірі болғаны, өзі туып-өскен Атырау қаласындағы төбелестен алдына жан салмайтын шешеннің мықты жігіттерінің оның алдында иіліп тұратынын, ал ойын-тойларда шырқатып әнге басар өнерпаздығын риза болып айтар еді. Біз онымен қатар жүріп, қызметтес болғанымызға қуандық. Өйткені, ол жан-жүрегі кіршіксіз таза, кішіпейіл, тек жақсылықты ғана қабылдайтын, тек жақсыны ғана риясыз пейілмен бағалайтын жан еді. Ол адамдарды мансабына емес, адамшылығының биіктігіне қарап бағалаушы еді. Қарапайым да таза ниетті жанды тек қызметтестері ғана емес, оны білетін жандардың қай-қайсысы да ерекше құрметтеп, шын көңілмен жақсы көретін».
Журналист өмір материалдарын зерттеп, дәлелдерін сипаттап, тақырыбын таңдап, фактілерді іріктегенде де, елеулі қорытындыға келгенде де белгілі бір жүйені басшылыққа алып отырады, яғни шығарманың мазмұнды болуы, ең алдымен, журналистің шеберлігіне, тәжірибесіне, өмір шындығын саралай, талдай білу, фактілерді іріктей білу әдісіне байланысты. Журналистиканың қатал тәртібі бойынша шығарманың тақырыбы ұнамды, мазмұны тартымды болуы – публицистиканың негізгі міндеті. Тақырып таңдау – өмірдің өзі ұсынатын идея. Тақырыпты дұрыс таңдай білу деген сөз – дер кезінде халық бұқарасының назарын аударып, өмірдің өткір фактісі туралы әңгімелеу, белгілі бір проблеманы көтере білу деген сөз. «Атырау» газетіндегі сол кезде ағамыз Әміреш Жұмағалиев қол қойған мақалаларды қарай отырып, оның журналистиканың барлық жанрында белсене қалам тартқанын байқаймыз. Өнеркәсіп, транспорт, құрылыс және балық шарушалығы бөлімінің меңгерушісі ретінде редакция қоржынына түскен хаттарды қорытып қана қоймай, олардың дер мезгілінде жарық көруіне тікелей ықпалы тиген жан болғаны айқындала түсті.
Тағы да бір Айтқали ағамызды сөйлетіп көрелікші: «Әміреш ағаның тағы бір ерекшелігі – жұртқа жасаған жақсылығын бұлдамайтын да, санаспайтын да, көңілі дарқан, жүрегі жомарт, ақжарқын азамат еді. Ұжым болған соң түрлі жағдайлар болып жатады, ал солардың бәрінің қақ ортасында Әбекең жүретін. Кермалдасып қалғандарды келістіріп, араздасып жүргендерді татуластыратын». Міне, осы жолдардан оның адамгершілік қасиеттерінің жоғары тұрғанын анық көреміз.
Әріптес ағаларының айтуы бойынша, Әміреш аға үнемі ұқыпты, жинақы, киімді мұнтаздай етіп, жақсы киініп жүретін жан болған. Өмірінің соңғы кездері Алматы қаласындағы республикалық «Қазақстан әйелдері» журналының жауапты хатшысы, редактордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Осы тұста ағамыздың өмірлік жары болған Сәния апа туралы да аздап айтып кеткен орынды. Апамыз «Ақ кербез» атанған сұлу жан болған, үш ұлдың ішіндегі жалғыз қыз екен. Әбекеңмен бірге ғұмыр кешкен сәтін Сәния апамыз былайша еске алыпты:
«Әбекеңмен бірге өткізген күндерімді есіме алмайтын сәтім жоқ. Сондайда жүрегім сағыныштан сыздайды, бір жағынан сол күндердің, жылдардың шуағы әлі күнге жаныма жылу береді. Жұбайлық өмірімізде ол өзінің азаматтығына еш қылау түсіріп көрген жоқ. Қашан да рухани тазалықтың, биік адамгершіліктің үлгісі болды. Өзімді өмір бойы сыйлаумен өтті. Жас кезінде мінезі өте қызба болатын. Соған қарамастан, маған дауыс көтеріп бір сөйлеп көрмепті. Әмірештің менен сегіз жас үлкендігі бар-ды. Содан ба екен, мен де өмірде оның алдына шығып, қарсы келіп көрген емеспін.
Жалғыз перзенті Сәулеге деген махаббаты ерекше болатын. Сәби кезінде балабақшаға алып барып, алып қайтуды тек өзі мойнына алатын, тіпті маған да сенбейтін. Іссапарға да өзімен бірге алып кететінін қайтерсің? Қай әке баласын жек көреді дейсің. Бірақ, Әбекеңнің қызына деген ықыласы бөлек болатын».
Уақыт, шіркін, зуылдап өте шығады, бүгінде Сәния апамыз да бақилық болды. Соңында қалған жалғыз қызы Сәуледен Әміресан атты жалғыз тұяғы бар. Бұл есімді Әбекеңнің тұяғына туған құдасы, республикаға танымал журналист Саламат Хайдаров ағамыз қойған. Әміреш пен Сәнияның аты өшпесін деп екеуінің алдыңғы аттарының басынан құрастырып қойғаны көрініп-ақ тұр.
Артына өшпес із қалдырып, санаулы ғұмырының барлығын журналистикаға берген Әміреш Жұмағалиевтың есімі ешқашан да өшпек емес.

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз