Құрманғазылық сүңгуір қызықты әңгімесімен бөлісті

arara Қоғам

Жанқабыл Арманов облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел құтқару жасағында 2019 жылдан бері абыройлы еңбек етіп келеді. Аудандық судан  құтқару бөлімінің  құтқарушы-сүңгуірі бүгінде тәжірибелі маманға айналған.

Жаңаталап ауылдық округіне қарасты Хиуаз ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебін аяқтап, Атырау аграрлы-техникалық колледжіне оқуға түседі. Техник-механик мамандығын игерген ол Отан алдындағы борышын да сәтті өтеп, қатардағы сарбаз атанады. Әскер қатарынан келіп, қаладағы жылу электр орталығында мамандығы бойынша  жұмыс жасайды. Кейін облыстық судан құтқару қызметіне қабылдау жүріп жатқанын біліп, лезде құжаттарын тапсырады. Алғашында құтқарушы бо­лып жұмысқа кірісіп, кейін арнайы дайындықтан өтіп, сүңгуірлік қыз­мет­ке ауысқан. Осылайша оның құт­қа­рушы-сүңгуір ісіндегі дара жолы басталып та кетті.

Ол осы қызметте ең алғаш өзенге шомылған адамдарды құтқарудан бастапты. Жаз мезгілінде болған  оқиғаны  Жанқабыл былай еске алады.

– Жайық өзеніне шомылып жүрген тұрғындар жүзуге болатын аймақтан асып, жағаға жете алмай, соңы қайғылы жағдаймен аяқталып жатады. Сондай суға кеткендерді құтқара жүріп, жұмысымның оңай еместігін білдім. Осы уақытқа дейін көптеген жайсыз жайттарды көзбен көргенмін. Бірақ, су астында батқан адамды іздеу – өте ауыр сәт,-дейді. Осылайша, жұмысында белсенділік көрсетіп, адам өмірін арашалап жүрген ол өткен жылы мамыр айында аталған жасақтың жауапты басшысы ретінде туған ауылға оралып, қазіргі таңда жерлестерінің өмірін арашалап жүр. Адамдардың суда қауіпсіздік ережелерін сақтамай, өз өмірлеріне немқұрайлы қарайтындықтарынан көптеген қайғылы жағдайлар орын алады. Сондай жағдайларды болдырмау мақсатында Жанқабыл Арманұлы жасақ қызметімен ұйымдастырылатын алдын алу шараларына белсене араласып, суға түсушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады. – Сүңгуірлік қызметте суға кету­шілер көптеп кездескендіктен, жұ­мыста салқынқанды болуыңа тура келеді. Өйткені бұл жұмыс психоло­­гиялық тұрғыда мықты болуға үйретеді. Су астына батқан талай адамның денесін ештеңе көрінбейтін тереңдікке түсіп іздеу, оны алып шығу үшін де өз бойыңдағы қорқыныш пен үрейді жеңуің керек. Бұл әр адамның атқара берер жұмысы емес, – дейді кейіпкер.

18fd68db-14ce-4ef1-a6f8-d22cb146be57

Жанқабылдың  айтуынша, сүңгуірлік істің қиын тұсы – батқан адамды ағысы қатты суда іздеу. Аудандағы мұндай су ағыны – Қиғаш өзені.

Ағыс қатты кезде, батқан адамды орнынан қозғап әкетеді. Сол себептен іздестіру жұмыстары бірнеше күнге ұласады. Ал, қыста суға кеткендері іздеу біз үшін тағы бір сынақ. Десе де, сүңгуір мұндай жайтқа әрқашан дайын болып, су түбіне кеткен адамды табу үшін бар күшін жұмсау керек, – дейді құтқарушы-сүңгуір.

Жанқабылдың жас болса да, үлкен жауапкершілікті арқалаған еңбегі ол сияқты жастарға үлгі болары анық. Осындай жанкешті қызметте жүрген кейіпкеріміз небары  25-жаста. Ерекше мамандық иесі өзінің қанша адамның өмірін сақтауға көмектескенін айтқысы келмеді. Себебі мұны қызметтік парызым деп қана біледі.

Жайдарлым Қайреден

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз